Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі, Талдықорған құқық қорғау орталығы, Орталық Азиядағы Халықаралық түрме реформасы өкілдігі және Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро мамандарының қатысуымен «Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігін жетілдіру» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді.
Бұл жиынға құқық қорғау, арнайы және сот органдары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелер, адвокатура институты, құқық қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары өкілдері, құқықтанушы ғалымдар, журналистер қатысты.
Басқосуда Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Йоханнес Баур, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, Талдықорған құқық қорғау орталығы директорының орынбасары Жанар Нұрмұханова, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директорының орынбасары Роза Ақылбекова сөз сөйледі.
Алқалы топ елімізде азаптауға, жабық мекемелердегі қатыгездіктің басқа да түрлеріне жол бермеуге бағытталған ұлттық алдын алу тетігін (ҰАТ) нығайтудың өзекті мәселелерін, ҰАТ институтының тиімділігін талдау нәтижелерін, адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарға және Азаптауға қарсы конвенция мен оның Факультативтік хаттамасы ережелеріне сәйкес ҰАТ институционалдық әлеуетін нығайту жөніндегі ұсынымдарды талқылады.
Мәселен, Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Т.Әбішев Президент тапсырмасы бойынша елімізде азаптауға қатысты құқық бұзушылықтарды жою бойынша қажетті шұғыл шаралар қабылданғанын, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап прокуратура органдарына азаптаулар жөнінде заңнамалық деңгейде айрықша тергеу жүргізу құқығы берілгенін атап өтті.
Осы орайда еліміздің барлық өңірінде арнайы мобильдік топтар құрылғанын атап өту керек. Олар азаптау туралы сигнал түскен кезде қылмыс жасалған жерге барып, шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізеді. 2023-2024 жылдары прокурорлар азаптау туралы тергеп-тексерілетін істер шеңберінде Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабының тәртібімен уәкілетті органдардың атына қылмыстық құқық бұзушылық және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 107 ұсыныс енгізді.
Мемлекеттік органдар азаптауды айқындауға қатысты заңнаманы жетілдіру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Парламент Мәжілісінің қарауына «Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.
БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің ұсынымын іске асыру аясында және азаматтардың құқықтарының қорғалу кепілдіктерін арттыру мақсатында Қазақстанның құқық қорғау органдарының басшылары қылмыстық процесте және жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітті.
Жиында сөйлеген қатысушылардың баяндамаларында халықаралық құқық нормаларын одан әрі имплементациялаудың, сот төрелігі жүйесі мен соттан тыс құралдарды қоса алғанда, елімізде адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдірудің өзекті мәселелері қозғалды. Сарапшылар Азаптауға қарсы конвенцияның Факультативтік хаттамасының ережелеріне сәйкес Қазақстандағы азаптауға қарсы қолданыстағы ұлттық алдын алу тетігі институтын жетілдіруді ұсынды. Сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлерінің, барлық жабық мекеме қызметкерлері мен ҰАТ қатысушыларының адам құқықтары саласындағы біліктілігі мен құқықтық мәдениетін арттыру бойынша оқыту курстарын өткізудің қажеттілігі аталып өтті.