Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батырша-ұлымен кездесу өтті. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды іс-шарада ғалым оқушылармен сыр-сұхбат құрып, жиын соңында 200-ге жуық кітап қорын мектеп музейіне табыстады.
Жиын барысында С.Батырша-ұлы тәуелсіздік алар тұстағы, тәуелсіздіктен кейінгі тартысты дипломатиялық қызметінен сыр шерте отырып, ұлттық құндылық тақырыбында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар Б.Момышұлының майдандағы ерліктерінен бөлек, оның тілге, ұлттық мәдениетке сіңірген еңбектерін оқушыларға әсерлі баяндады.
«Қазақ халқының тарихында батырлық, намыс деген киелі ұғымдардың алар орны ерекше. Әрдайым ел үшін күрескен, Отанын қорғаған тұлғалардың арқасында халықтар мен мемлекеттер өркендеген және сақталып келеді. Ержүрек Бауыржан Момышұлы солардың қатарына жатады. Менің Баукеңмен танысуым Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүрген студенттік шағымнан басталды. 1960 жылы Ташкент педагогикалық институтының үлкен акт залында екі мыңнан астам қазақ жастарымен кездесу өтті. Онда Б.Момышұлы Қазақстанда құрылған, генерал И.В.Панфилов басқарған дивизияның Мәскеу үшін шайқастағы ерлігі туралы айтып берді. Баукең өзі туралы емес майдандас жауынгерлер туралы баяндады. Студент жастар ықыласпен қарсы алды. Менің алғашқы алған әсерім – сырт айбарына қарағанда, ол кісі қатал мінезді, көп сөйлемейтін, ашылмайтын адам ретінде көрінді. Бірақ уақыт өте келе, Алматыда жиі араласып, сұхбаттасқанымыздан кейін ол кісінің өзім деген пікірлес адамдармен, әңгімелесуге тұратын кісілермен ашық та адал сөйлесетініне көзім жетті», деді С.Батырша-ұлы.
Мемлекет мүддесі, қазақ тілінің тағдыры, ұлт болашағы сөз болған жүздесуде орыс сыныбының оқушылары да белсенді қатысып, көкейкесті сауалдарын қойды. Мәселен, Нұрай есімді оқушы Б.Момышұлының көпшілік біле бермейтін ерлігі туралы сұрады.
«Біз көбінде Баукеңнің әскери ерлігін, жазушылық қабілетін, ол кісінің шыншылдығын, әділеттілігін айтамыз. Бұл – дұрыс. Сонымен қатар қазақ халқының аты-жөнін жазудағы дәстүрлі ерекшелігін сақтап қалу үлгісін, ұлттық сана-сезімін көтерудегі еңбегін атап өту керек. Мәскеудегі әміршіл-әкімшіл билік бір ұрпақтың өмірінде қазақ халқының әліппесін үш рет өзгертті. Сонымен қатар қазақтардың басқа Шығыс халықтары секілді атам заманнан келе жатқан ататек атауларын жойып, барлық Орта Азия республикасы халықтарының фамилиясына «-ов, -ев, -ова, -ева», отчество қылып «-ич, -евич, -евна, -овна» жұрнақтарын күштеп жалғап берді. Баукең оқыған-тоқығаны терең болғандықтан, ол әр халықтың өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалу құқығын қорғады. Сөйтіп, түркі халықтарын орыстандырудың жолына қарсы шықты, дәстүрлі аты және әкесінің атынан құрылатын атауын сақтап қалды (Бауыржан Момыш-ұлы – бұрын осылай жазылған). Осы мәселе туралы әңгімелескенімізде, Баукең өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалудағы көп әрекетін және қудалауға түскенін айтып берді. Барлық қысымға қарамастан, қазақ халқы екенімізді көрсете білетін «ұлы» дегенді қалдыруы ол кісіге оңай тимеді», деді С.Батырша-ұлы.
Шарапатты іс-шараның ұйымдастырушысы, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Саттарқызының айтуынша, осындай кездесулердің оқушыларға берері мол.
«Біз «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында мектептерде белгілі тұлғалармен жүздесу ұйымдастырамыз. Мақсатымыз – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық құндылықты сіңіру. Сайлау ағамыз да Бауыржан Момышұлымен алғаш осындай кездесуде жолыққан. Тұлғалардың бірауыз сөзі оқушылардың таңдауына әсер етіп, өмірін өзгертуі бек мүмкін. Бүгінгі ұйымдастырған іс-шарамызда отыз баладан бір бала әсерленіп, рухтанып қайтса, біздің жетістігіміз сол. Алдағы уақытта Сайлау ағамыз сынды өмірде көргені мол, айтары бар тұлғаларды студенттермен де жолықтырып, сыр-сұхбат ұйымдастыру жоспарымызда бар», деді Тұрар Саттарқызы.