• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Қыркүйек, 2024

Қоршаған ортаны қорғау – өңіраралық мәселе

93 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары күн тәртібінде үш заң жобасын қарады. Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста «Пошта туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасына қорытынды әзірлеу талқыланып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» құжат қаралды.

Келісімде  көзделген бағыттар

Өзбекстан Үкіметімен арадағы экология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім 1997 жылғы жасалған келісімді өзектендіруге, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев­тың айтуынша, жаңа келісімнің бұрынғы келісімнен айырмашылығы – мұнда бірқатар жаңа бағыт көзделген. Біріншіден, қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау және оларды жою мәселелеріне мемлекеттік бақылау жүргізу қарастырылған. Қазақстан аумағында қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Айта кетейік, бұл құжат қауіпті қалдықтарды Қазақстан аумағы арқылы трансшекаралық тасымал­дауға қорытынды шығару қағидаларына, қалдықтарды біздің елдің аумағына әкелу мен әкету, сондай-ақ қалдықтарды оның аумағы бойынша транзиттеу тәртібіне сәйкес беріледі. Егер мемлекет Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше болмаса, қауіпті қалдықтарды келешекте қалпына келтіру мақсатында әкелу мен әкету лицензия негізінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Экология кодексіне сәйкес қауіпті қалдықтарды көму мақсатында Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салынады. Мысалы, былтыр елімізге Қазақстанға «Казцинк» ЖШС Өзбекстаннан 48 млн кг қорғасын кегі, 2 млн кг қорғасын-висмут қожы әкелген. Барлығы құрамында 50 000 тонна қорғасы­ны бар қалдықтар. Құрамында қорғасыны бар қал­дық­тарды қайта өңдеу нәтижесінде тазартылған қор­ғасын, катодты мыс, тауарлы мырыш, тазартылған алтын және күміс түріндегі дайын өнім шығады.

Екіншіден, Өзбекстанмен ынтымақтастықтың келесі бағыты – экожүйені деградациядан қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне арналған. Қазір экология саласы бойынша ынты­мақтастықтың қолданыстағы механизмі – Қазақстан мен Өзбекстанның трансшекаралық Сырдария өзені бассейнінің су сапасын және қоршаған ортасын қорғау жөніндегі бірлескен жұмыс тобы. Осы жұмыс тобының аясында Сырдария өзенінің экологиялық жай-күйінің мониторингі, жерүсті сулары сапасы көрсеткіштерінің тізбесін бекіту, мемлекеттік экологиялық бақылау өткізу және тағы басқа мәселелер талқыланбақ. Яғни өзбек тарапымен климаттық мәселелерде ынтымақтастық – парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіру, климаттың өзгеруіне бейімделу мәселесінде ең үздік тәжірибемен алмасу қолға алынады.

Үшіншіден, ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағыты – өзбек тарапымен бірлесіп, Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бо­йынша бірлескен іс-шаралар өткізу.

«Бұл Арал теңізінің экологиялық апатының салдарын жеңілдету және құрғаған теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңды сексеуіл егу арқылы тоқтатуда қазақ-өзбек тараптарының әрекеттерін үйлестіруге ықпал етеді. Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы алаңы шамамен 6 млн га, оның ішінде елімізге қарасты құрғаған табаны 2,8 млн га құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында жалпы көлемі 1,1 млн гектарды құрайтын алаңда сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Қазір 753 мың га алаңдағы топырақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2021 жылдан 2024 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанындағы 413 мың га алаңда орман мелиорациялық жұмыстар атқа­рылды. Ал өзбек орманшылары 2018 жылдан бері 5 жыл ішінде Арал теңізінің 1,7 млн га құрғаған табанын көгалдандырған», дейді еліміздің бас экологі.

Төртіншісі – жер аударған жануарларды қорғау жөніндегі іс-шараларды үйлестіру жұмыстарына көңіл бөлінеді. Бұл іс-шаралар екі ел шекарасымен шектес аумақтағы киік, қарақұйрық, арқар және басқа да жануарлардың жер аударуы мәселелерінде жедел өзара әрекеттесуге септігін тигізеді. Мысалы, Қазақ­стан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы киіктер­ді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі келісім аясында екі мемлекеттің де аума­ғында Үстірт киіктерінің популяциясының санын кө­бейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі популя­цияның негізгі бөлігі қыстауға Өзбекстанға ауады.

Сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттары­ның бірі – бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске қосу, кадрлар даярлау мен қоршаған орта саласындағы бірлескен қызметтің нәтижелерін таныту мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықта Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясын құру.

 

Тауар биржаларының ашықтығы

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті биржа саудасы мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жан-жақты қарап шыққан. Палата депутаттары бастамашылық жасаған бұл құжат заңнамалық базаны жетілдіруге, биржалық сауданың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ елімізде нарықтағы бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталып отыр. Заң жобасына салсақ, тауар биржасын реттеудің негізгі мақсаттары мен қағидаттарын айқындау қарастырылады. Тауар биржаларында қызметті реттеу, биржалық саудада жосықсыз қатысушылардың тізілімін енгізу мен тауар биржасы мүшелерінің жұмыс істеу тәртібін жетілдіру көзделеді.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, құжатқа байланысты жұмыс тобына 95 түзету келіп түскен, олар жұмыс тобының төрт отырысында, мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляеваның айтуынша, егер тауар биржалары ашық және ережелер бойынша жұмыс істесе, экономикада маңызды рөл атқарады.

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында биржалық тауарларға ашық баға белгілеуді қалыптастыруды және нарықтан «қалта» биржаларын шығаруды тапсырды. Ал бұл заң жобасы осы тапсырманы орындау үшін әзірленді және бірқатар нақты мәселені шешеді», деді ол.

Сондай-ақ комитет хатшысы заң жобасында тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері ретінде алып тастау ұсынылғанын алға тартты. Бұған қоса стандартты аукционды және стандартталмаған тауарларды биржалық саудадан шығару, стандартталмаған тауарлармен сауданы электрондық сауда алаңдарына ауыстыру, тауар биржалары жұмысының қаржылық тұрақтылығы мен ашықтығына қойылатын талаптарды арттыру, тауар биржаларына қатысты мемлекеттік бақылауды кеңейту де көзделеді. Сонымен қатар биржалық сауда-саттыққа жосықсыз қатысушылардың тізілімін енгізу, брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау және оларды қаржы мониторингі субъектілері санатына қосу, биржалық боттардың қатысуымен жасалатын шарттарды елеусіз деп тану және әлеуметтік тауарлармен сауда жасайтын тауар биржаларына жоғары талаптарды енгізу қарастырылған.

 

Жол сапасы сын көтермейді

Ел өмірінде қажетті маңызды құжаттарды қараған соң депутаттар қабылданған заңдардың халық кәдесіне жарамай жатқанын айтып, тиісті органдарға сауал жолдады.

Депутат Қазыбек Әлішевтің айтуынша, Ақтөбе облысындағы Қарабұтақ автожолының қазіргі жағдайы тұралап тұр.

«Қарабұтақ жолы – өңір үшін стратегиялық маңызды көлік артериясы. Бұл жол арқылы Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз аудандарына, сондай-ақ Қостанай облысына қатынайды. Сонымен қатар Ресейге апаратын бағыт ретінде де маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдың соңынан бастап жалпы ұзындығы 262 км болатын республикалық маңызы бар М-32 автожолының «Актөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» учаскесін қайта жаңғырту жобасында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары қай деңгейде? Себебі бұл жұмыстар жолды І техникалық санатқа ауыстырып, 4 жолақты қозғалысқа лайықтап қайта құруды қарастырады. Алайда кейінгі жылдары бұл жолдың жағдайы күрт нашарлап, жергілікті тұрғындар мен тасымалдаушылар үшін көптеген қиындық туғызып жатыр», дейді ол.

Отырыста депутат Ұласбек Сәдібеков жол үстінде қаза болғандардың статистикасын алға тартты. Оның айтуынша, жыл басынан бері ел аумағында 1 300-ге жуық адам жол апатынан көз жұмып, 16 мың адам зардап шеккен. Бұл орайда Президент жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін жеткізгенін алға тартқан депутат: «Расында бүгінде көпшілік тұрғындар ақылы автобанға көңілі толмайды. Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуімде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ақылы жолындағы жағдайлар жүргізушілер мен жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатып отырғанына куә болдым. Себебі жол апаты көбейіп, соның салдарынан қайтыс болушылардың қатары артқан. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, биыл 8 айда автобанда 64 рет жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 89 адам дене жарақатын алған. 21 адам көз жұмған. Басты себебі ақылы жолдың талапқа сай келмеуі болса, екіншіден, жүргізушілердің жауапкершілікті сезінбеуі», дейді.

Сонымен қатар жиында депутат Данабек Исабеков еліміздегі жедел медициналық көмек көр­сету ережесін қайта қараудың маңыздылығына тоқ­талса, Нартай Аралбайұлы Қорғаныс министріне жол­даған сауалында әскердегі сарбаздардың қауіп­сіздігі мәселесін көтерді. Ал депутат Нұргүл Тау Өнер­кәсіп және құрылыс министріне бағытталған сауа­лын­да елдегі мыңдаған салымшылардың тұрғын үй құ­ры­лысы заңсыздығынан тартып отырған азабын алға тартты.