• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2024

«Көшпелілер алгебрасының» алғыры

75 рет
көрсетілді

Кең-байтақ қазақ даласы – елдік пен ерліктің ғана емес, озық салт-дәстүр мен мәртебелі һәм өрісті өнер мекені. Халқымыздың қой бағып, қоймен бірге ой бағып жүргенінің тағы да бір жарқын үлгісі, ұлттық бірегей ойын түрі саналатын тоғызқұмалақтың тарихы тым тереңнен тамыр тартады. Алғырлық пен тапқырлықты талап ететін ойын кем дегенде 4000 жыл бұрын пайда болған. Бағзыдағы бабалар өсиеті келер ұрпақты қуат-күшінің мықтылығымен сынап қана қоймай, көңіл көзінің көреген болуына, ақыл-парасатымен көп нәрсені пайымдауына үлкен мән берген.

Келмеске кеткен кеңес дәуірінде ұлттық салт-сана­мызбен бірге тоғыз­құмалақ ойынының да тарих сахнасынан ығысқаны рас. Абайдың өзі ынтық болып ойнаған ұлттық ойын зерделілік және зияткерлік белгісі ретінде бертін келе бой көрсете бас­тады. Бұған кейде арамызда жүрген ағалардың да үлкен әсер еткенін ескерген ләзім. Ұлттық ерекшелікті танытып, тоғызқұмалақтың кең қанат жаю­ына үлес қосып жүрген жандардың бірі Назым Күзембай десек артық емес. «Құрметті спорт қызметкері», тоғызқұмалақтан рес­публикалық төрешілер қауым­дас­тығының мүшесі Назым Баян­ұлының тоғызқұмалақпен таныстығы еліміз егемендік алған мезетте, сонау дүбірлі тоқсаныншы жылдардың тұсында басталады.

Өзіне де, өзгеге де талапшыл ұстаз 1992 жылы Алматыға сапар шегіп, сондағы апа-жездесінің үйіне қонаққа барады. Кейін өзі еске алатындай, туыстық көңілдің шуағына бөлене жүріп, ауылдан аттанарда ойына алған шаруасының түйінін тарқатады. Шыңғыстау даласындағы тоғызқұмалақ ойынының тасқа қашалған тақтасын көргенінде «тарих қойнауынан жеткен тағылымы терең өнерді қолға алсам, жастарды ата-бабалар ойынына баулысам» деген ой жүрегінің төріне қонақтайды. Алайда, бұл үшін, ең алдымен, ойынның тақтасы мен тастарын тауып алу керек еді. Тәуелсіздікке қолы­мыз енді жеткен елең-алаң шақта іздегені аса қат зат болып шығады.

Тоғызқұмалақ тақтасы қастерлі қоныс Қарауылдан да, іргедегі Аягөз бен Семейден де таптырмай, көздеген мақсатына жетуіне кедергі болады. Ақырында іздеген дүниесі апа-жездесінің үйінен табыла кетіпті. Мұны тоғызқұмалаққа қызығушылық танытып, дүкеннен сатып алып жүрген жиені көрінеді. Ұстаздың жерден жеті қоян тап­қандай қуанғаны күні-бүгінге дейін есінде. Бірақ ойға алған ісін тиянақты жүзеге асыруға ойын тақтасының кемінде 10-15 данасы керек болатын. Сондықтан келесі күні-ақ қыз­меттегі апа-жездесінің тапсыруы­мен және жиендері Берік пен Самалдың бастауымен «Қайрат» спорттық дүкені ашылар-ашылмас­тан алғашқылардың қатарында сау­да жасап, тоғызқұмалақ тақтасын қолына түсіреді. Отбасының үлкен­дері бауырларының қос қоржын толы олжасының салмағын сол кездерде жете түсіне қоймағаны түсінікті де болар. Жұмыссыздық жайлаған тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ұлттық ойынды түген­деу түгілі, бала-шағасын бағып-қағу­дың қиынға соққаны мәлім.

Сонымен елге жете салысымен Назым Баянұлы Қарауыл гимназия­сы басшылығының қолдауымен алғашқы тоғызқұмалақ үйірмесін ұйымдастырады. Бірге өсіп-ержеткен талапкер әрі табанды бауырларының бастамасының табысты боларына оның ата-анасы Баян әкей мен Тәслима шешей де, аға-апалары мен іні-қарындасы да сенім білдірді.

«Назым бала күнінен спортқа жақын, ерекше жанкүйер болды. Өзіміз жазғызып алатын бүкіл­одақтық, республикалық спорт газеттерін ол да қалт жібермей, қы­зыға оқушы еді. Тіпті баспасөзден оқығандары мен теледидардан көргендерінің әсерімен 7-8-сыныптарда оқып жүрген кезінде жолдас балаларын хоккей ойнайтын мұз алаңын құюға шақырған еді», дейді тоғызқұмалақ шеберінің ағасы Базар Баянұлы.

Назым Күзембай жастайынан дойбы мен шахмат ойындарын меңгерді. Осы тұста қолы қалт еткенде ұл-қыздарын шаршылы тақтадағы ойынға баулып, өзара жарыс ұйымдастыру арқы­лы ұрпағының мәре-сәре сәтін тамашалауға құмар ата-ана еңбегін де айтқан жөн. Кейіпкеріміз үстел ойындарын шапшаң үйренуіне оның математика пәніне алғырлығының да көмектескенін ардагердің құрбы-құрдастары жақсы біледі. Ол то­ғызқұмалақ тақтасына қолы жете салысымен ойын ережесіне мұқият ден қойып, оның қыр-сырына үңіледі. Жаңа шаруаның төрт аяғынан тең тұрып, қаз басып кетуінің қашанда оңай емесі мәлім. Ең алдымен үйір­меге жиналған алғашқы он шақты балаға тәлімгерлік етіп, әрбір дәрісіне алдын ала тыңғылықты дайындалады.

Осылайша, Назым Баянұлы 1997-2008 жылдары Абай ауданының орталығы Қарауыл гимназиясында тоғызқұмалақтан дәріс береді. Содан бері аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы болып жемісті еңбек етіп келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт бойғы талмай атқарған ұстаздық қызмет өз алдына, тәлімгер аға тоғызқұмалақтан аудандық жарыстар ұйымдастыруды қолға алады. Шебер ойыншылар тәрбиелеп, олардың облыстық және республикалық жарыстарға белсене қатысуына ұйтқы болды. Бүгінде тоғызқұмалақ ойынының еліміздегі танымал мамандарының бірі Назым Баянұлы маңызды ойындарға өз шәкірттерін бастап барып жүргені жерлестеріне жария дүние.

Міне, соның нәтижесінде ол кісі Абай елі жастарының респуб­ликаның қиыр-қиырына жол тар­тып, жүздеген шақырымдық іссапарлардан жеңіспен оралып, ақын аулының мәртебесін асыруына тікелей мұрындық болып жүр. Назым Баянұлының ұстаз­дық тағылымын тыңдап, әкелік қамқорлығын сезінген, тоғызқұмалақ ойынында оза шауып бәйге алған Алуа Қимадиева, Нұралы Қайратұлы, Расул Қожағұл, Мансұр Зият, Абылай Мерей, Жанерке Рымханова, Ажар Қайсаханова, Аң­саған Серікқызы, Серікбай Қимадиев, Аслан Әсе­тов, Ерасыл Дулатұлы, Әмина Әлем­қызы, Аружан Ке­ңесбек, Ақбота Кеңесбекова, Айым Құралбекова, Бағнұр Оралқанов, Фатима Әлемқызы сынды жас өрен­дерді атауға болады. Бұған қоса өзінің қыздары Жайнар, Нұр­айым мен Айзада да әке жолын жал­ғап, тоғызқұмалақтың шебер ойын­шыларына айналған. Мәселен, Жайнар еліміздің Жасөспірімдер спартакиадасының күміс жүлдегері, Жасөспірімдер чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы. Қарап отырсақ, ұлттық өнерді ардақ тұтып, адал еңбегінің жемісін көріп отырған Назым Күзембайдың атқарған ш­аруасы ұшан-теңіз. Қазір спорт саң­лағы тоғызқұмалақ ойынын жетік меңгерген, кезекті жаңа буынды баулуға кіріскен.

Жалпы, данышпан Абай заманында да ақынның айналасынан інісі Ысқақ, көршісі Көрпебай және Құттықожа, Құдайберді, Смағұл секілді шебер ойыншылар шыққан көрінеді. Олар да кезінде тоғызқұмалақ тақтасын өздерімен бірге ала жүріп, ел-елді аралап, бәсеке көрігін қыздырады екен. Ұлт­тық ойынды ұлықтап, дәуір кө­шінен жеткен дәстүрді дәріптеген Назым Күзембайдың шәкірттері әлі талай жарыстарда оза шауып, бәйгелі болары сөзсіз. Тоғызқұмалақ халық ішінде даланың ақыл-ой есебіне теңеледі. Сол тұрғыда «көшпелілер алгебрасы» алғырының абыройы алдағы күнде шәкірттерімен бірге аспандай береріне сенеміз.

 

Абай облысы