Генетикалық аурулар адамзат қалыптасқан кезеңнен белгілі. Тіпті, осы заманның да өзекті мәселесіне айналды десек те артық болмас. Тұқым қуалаушылық сипатындағы бұл дертті қарапайым медицинада емдеу ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан ғалымдар бұл істі жеңілдету үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгінді.
Америкалық зерттеушілер генетикалық ауруларды емдеуге арналған жасанды интеллектіге негізделген жаңа виртуалды зертхана ашты. Жаңа технология «CRЕME» деп аталады. «Колд Спринг Харбор» (Cold Spring Harbor) зертханасында жасалған жасанды интеллектіге негізделген виртуалды зертхана «CRISPR» технологиясын (CRISPRi) модельдеу арқылы генетикалық зерттеулерде жаңа тәсілді ұсынады. Сондай-ақ ДНҚ ретін өзгертуге және жасушадағы белгілі бір гендердің белсенділігін виртуалды ортада төмендетуге, генетикалық тәжірибелер жүргізуге мол мүмкіндік береді. Одан бөлек гендердің белсенділік көрсеткішін болжауға да жол ашады деседі. Виртуалды зертхана ең әуелі зерттеушілерге уақыт жағынан ұтымды. Соның арқасында дәрі-дәрмектерді іздеуді де едәуір жылдамдата алады.
Негізінен адамдарда хромосомалардың қос жиынтығы бар. Ол әке мен анадан беріледі. Егер ата-аналық хромосомалардың бірі дұрыс болмаса, яғни кейбір маңызды гендегі ДНҚ тізбегі өзгерсе, генетикалық аурудың сипаты пайда болуы мүмкін. Ол ата-анадағы кейбір белгілердің балада қайталануынан бастап, ауқымды мутацияға дейін жалғасады. Басқаша айтқанда, беттегі секпілдің берілуінен, аяқ-қолдың тартылуы, ақыл-естің кем болуы тәріздес жағдайларда көрініс табады. Күні бүгінге дейін мұндай ауруларды емдеу немесе алдын-алу жұмыстары жайлы көп айтылмаған еді. Тіпті, нәтижелі эксперименттердің барысы туралы мәліметтерді де кездестірмейміз. Десек те, соңғы онжылдықта генетика жаңа технологияларды енгізу арқылы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ең маңызды әзірлемелердің бірі «CRISPR» геномын өңдеу әдісі болды. «CRISPR» – ғалымдарға ДНҚ молекулаларының реті мен гендердің жұмыс істеу тәсілін өзгертуге мүмкіндік беретін генді өңдеу жүйесі. Тұқым қуалайтын ауруларды емдеу үшін мутацияға ұшыраған генетикалық ақпаратты түзету қажет. Сол үшін «CRISPR» болашақта мұның алдын алуға көмектеседі. Біз нейрондық желілерді қолдана отырып, геннің экспрессиясын күшейтетін немесе өшіретін және олардың күрделі өзара әрекеттесуін сипаттайтын реттеуші элементтерді анықтаймыз.
Бұл жайлы виртуалды зертхананы ойлап табушы доцент Ку (Koo) шетелдік БАҚ-тағы сұқбатында: «Гендерді реттеу ережелерін түсіну олардың экспрессия деңгейлерін дәл және болжамды түрде реттеуге көп мүмкіндік береді», деп айтыпты.
Жалпы айтқанда, «CREME» – ғалымдарға гендік белсенділіктің белгілі бір деңгейін модельдеуге жол ашатын виртуалды алаң. Бұл геномды жан-жақты зерттеуге арналған қуатты жаңа құралды ұсынады. Басқаша қарастырсақ, бұл виртуалды орталық «CRISPR» технологиясының жасанды интеллектпен біріктірілген нұсқасы. Оның алдағы уақытта медицина саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табатыны сөзсіз.
Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті