• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Олимпиада 20 Қыркүйек, 2024

Өрендеріміз олжалы оралды

144 рет
көрсетілді

Египеттің Александрия қаласында өткен IOI-2024 халықаралық информатика олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы төрт медальмен толықты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл білім бәйгесі биыл отыз алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Дүниежүзілік информатика ­с­­а­йысына осы жылы 96 елден 350 оқушы қатысып, бақ сынаған. Ел намысын қорғаған біздің оқушыларымыз үш күміс пен бір қола медальға қол жеткізіп, жүз пайыз нәтиже көрсетті.

Қатысушы елдер саны бо­йын­ша аталған білім бәсекесі халықаралық ма­те­матика олимпиадасынан ке­йінгі екінші үлкен ғылыми сайыс. Еліміздің құрама командасы информатика жарысына биыл жиырма жетінші рет қатысып отыр.

Биыл үздік нәтиже көрсет­кен Қазақстан командасының құ­ра­­мында Атырау облыс­тық №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансұр Тай­мас, Алматы қаласындағы Рес­пуб­ликалық физика-матема­тика мектебінің 10-сынып оқу­шысы Максим Цой, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Назар Серазитдинов, Қызылорда облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ахмет Иса бар.

«Аталған байқау екі күннен тұрады, онда қатысушыларға алгоритмдік есептерді шешу және бағдарламалау тапсырмалары берілген. Оқушылар жеке дара бақ сынайды. Айта кетерлігі, әр елден өздерінің ұлттық олимпиадаларында жеңімпаз атанған төрт оқушы қатысады. Қазір халықаралық деңгейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен жыл сайын өтеді. Соның бірі – халықаралық информатика олимпиадасы. Аталған білім бәйгесі алғаш рет 1989 жылы өтті. Ал Қазақстан құрама командасы бұл сайысқа 1998 жылдан бері қатысып, 3 алтын, 27 күміс және 41 қола медальға қол жеткізді», дейді Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Бұл жетістікпен оқушы­ларымыз биылғы жеті беделді халық­аралық олимпиадаларға қатысуын қорытындылайды. 2023-2024 оқу жылының нәтижесі бойынша еліміздің ұлттық құра­масы IMO (математика), IPhO (физика), IBO (биология), IChO (химия), IOL (лингвистика), IGeO (география) және IOI (информатика) сайыстарына қатысып, 2 ал­тын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір дипломға ие болды.