• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2024

Жалған куәлік жарға жығады

319 рет
көрсетілді

Жол-көлік апаттары күн өткен сайын елдегі ең өзекті мәселенің біріне айналып барады. Мамандардың мәліметінше, олардың тең жартысы кісі өлімімен аяқталады. Елімізде күніне 10 адам жол-көлік апатынан қайтыс болып, он үйде жаназа шығарылады. Ал жарақат алатындар саны одан да көп. Қайтыс болғандар мен мертіккендердің арасында тұтас отбасылар да бар. Халықты алаңдатқан мұндай күрделі жағдайдың туындауына себепші фактордың бірі де бірегейі – автомектепте арнайы оқымаған, даярлықтан өтпеген, көлік жүргізу тәжірибесі жоқ, сәйкесінше жүргізуші куәлігін сатып алғандардың темір тұлпарды тізгіндеуі.

Куәлікті «сатып алу» – 280 мың теңге

Бұл мәселе – қанша жерден жасырып-жапқанмен де бүгінде көпке мәлім басы ашық шындық. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жуырдағы халыққа Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып: «Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс», деп қатаң ескерту жасады.

Елімізде кеңес заманынан бері жүргізуші даярлау тәжірибесіне назар салып көрсек, ең алдымен, үміткерлер автомектепте білім алушы еді. Оны бітіріп шыққаннан кейін алдымен арнайы даярлық орнында, кейін көше жағдайында көлік жүргізу сынағынан өтетін. Содан соң емтихан тапсырып, өтсе ғана қолына жүргізуші куәлігін алатын.

Алайда 2016 жылы осы тәжірибенің күлі көкке ұшып, автомектепте арнайы оқымай-ақ, өз бетінше дайындалып, емтихан тапсыруға болады деген жаңа ереже шығарылды. Оның үстіне көше жағдайында көлік жүргізу сынағы алынып тасталып, алдымен теориялық емтихан, кейін тәжірибелік емтиханды автоматтандырылған автодромда тапсыратын болды. Бұл жаңашылдықты сол жылы Ресей де енгізген еді. Алайда олар бір жылдан кейін-ақ мұның жарамсыз тәжірибе екенін түсініп, бұрынғы қалыптасқан үрдіске қайта оралды. Ал бізде, сарапшылардың айтуынша, 8 жылдан бері осы тиімсіз тәжірибе қолданылып келеді. Оның ең басты тиімсіздігі сол – бір жағынан сыбайлас жемқорлық тәуекеліне даңғыл жол ашса, екінші жағынан дайындығы жоқ адамдарға жүргізуші куәлігін беріп, жолдағы қайғы-қасіретке душар етіп отыр.

Өткен жылдың 8 қарашасында Мәжілістегі бір топ депутат Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені қозғаған еді. Олар кейінгі үш жылда елімізде жол-көлік оқиғалары жыл сайын 6 пайызға өсіп отырғанын, мұндай апаттардың 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болатынын айтты.

«Көлік жүргізушілеріне арналған Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жем­қорлыққа көп жол берілетіні көпші­лікке белгілі. Байқап қарасаңыздар, осы орталықтарда жүргізу куәлігін алуға кезекке тұрғандардың қатары көбейіп жатыр. Бұл жағдайды орталық қызметкерлері әдейі қолдан жасап жатқан жоқ па? Бірнеше рет емтихан тапсыра алмаған азаматтар амал жоқтан мәселені жеңіл шешудің жолдарын іздейді. Заңды айналып өтуге тырысады. Әлбетте, мұның салдары сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Көлік жүргізу куәлігін алу қиындап кеткені де халық арасында наразылық туғызып отыр», дейді депутаттар.

Олар ел аузында жүрген сөздерге сүйеніп, 4-5 жыл бұрын Астанада жүр­гізуші куәлігінің бағасы 60-80 мың теңгенің аралығында болғанын, ал қазір 280 мың теңгеге дейін өскенін алға тартты.

 

«Аюға велосипед тепкізгенмен тең»

Осы салада туындаған күрделі жағ­дайды көптен бері көтеріп жүрген қо­ғам белсенділері бар. Соның бірі – Жүр­гізушілер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Амантай Дос­мұхамед­ұлы. Оның айтуынша, қазіргі таң­да жүргізуші куәлігін алу өте қиын мәселеге айналып отыр. 8 жыл бұрын Ішкі істер министрлігі адамдарға өз бетінше дайындалып, емтихан тапсыруға рұқсат бергелі жүргізуші куәлігін оңды-солды сату басталған. Қарапайым тұрғындар да пара бермесең, мәселенің шешілуі қиын екенін түсінген.

«Бұған дейін теориялық емтихан да, тәжірибелік емтихан да тек облыс орталықтарында тапсырылатын. Бұл халыққа өте қолайсыз еді. Өйткені 300-400 шақырым жердегі алыс елді мекендерден келіп-кету көп адамға ауыртпашылық салды. Біз, белсенді топ өкілдері, осы салада қордаланған проблеманы көте­ріп, 3 рет Мәжіліске, 2 рет Ішкі істер министрлігіне бардық. Дөңгелек үстел өткіздік. Нәтижесінде, биыл сәуір айында ІІМ өз бетінше дайындалып емтихан тапсыруды алып тастап, тек автомектепті бітіріп, қолына арнайы сертификат алған адамдардың ғана емтиханға жіберілуіне рұқсат беретін заң шығарды», дейді А.Досмұхамедұлы.

Оның айтуынша, соның өзінде жүргізуші куәлігін алудың айналасында машақат пен заңсыздық әлі де көп. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі өте жоғары. Осы жылдың қаңтар айы­нан бері теориялық емтиханды аудан орталықтарында тапсыруға қол жет­кі­зілген. Алайда тәжірибелік емтихан қабылдайтын автоматтандырылған автодромдар тек облыс орталықтарында ғана бар. Шалғай ауылдардың тұрғындары қалаға шұбыруға мәжбүр.

«Жүргізуші куәлігін беретін құзырлы орган ІІМ болғанына қарамастан, автодромдар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарайды. Ол жерде болашақ жүргізушілер үшін теориялық және тәжірибелік емтиханды өткізетін, қабылдайтын арнайы мамандар жоқ. Тіпті емтихан қабылдайтын адамдардың жүргізуші куәліктері болмауы мүмкін. Автодромдар дұрыс жабдықталмаған, ол жерге жүк көліктері сыймайды. Басқа да кемшіліктері шаш етектен», дейді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, сәуір айында Ішкі істер министрінің бұйрығы шыққалы бері теориялық емтихан тапсыру үшін автомектепті бітірді деген сертификат талап етіледі. «Ең сорақысы, енді сол сертификат қағаздары сатылатын болған. Сонымен қатар бір күндік автомектептер пайда болды. Бұл не сұмдық екенін білмей далмыз. Бір күннің ішінде адам нені үйренеді? Оның бәрін жоғарыда аталған екі министрлік көріп біліп отыр. Бірақ ешқандай шара қолданылмай жатыр», дейді ол.

А.Досмұхамедұлы  автомат­тан­ды­рыл­ған автодром бізге шетелден келгенін айтады. ТМД елдерінің ішінде бізден бөлек Грузияда ғана бар. Ресей 2016 жылы ашқанымен, бір жылдан соң қай­тадан жауып тастағанын айттық. Ал Грузиядағы, басқа да 7-8 дамыған елдегі тәжірибеге көз салсақ, оларда автоматтандырылған автодромда емтихан тапсыру бірінші кезең саналады. Одан кейін екінші кезеңде үміткерлер шынайы көше жағдайында емтиханнан өтеді. Ал біз тек автодроммен шектелеміз. Бұрынғыдай автомектеп қызметкерімен бірге көшеде көлік тізгіндеп үйрену, сынақтан өту атымен жоқ.

«Автодромда көлік айдау дегеніміз – циркте аюға велосипед тепкізгенмен бірдей. Оны көшеге шығарсаң, тебе алмайды. Дәл сол секілді автодромның ішінде ғана емтиханнан өткен адам – толыққанды жүргізуші емес. Ол жерде көлік айдау мен көшеде көлік айдау – екі бөлек әлем. Адам ең бастысы жол үстінде көлік айдап көруі керек. Біз, қоғам белсенділері, автоматтандырылған автодромды алып тастауды талап етеміз. Ол қыруар халықтың ақшасына салынды. Егер енді аудан орталықтарынан саламыз десе, тағы да миллиондаған қаражат кетеді. Оны ұстап тұру да арзан емес. Бізге көлік айдап үйренуге жай автодром жетеді. Ал емтихан бұрынғыша көшеде тапсырылуы керек. Қажетсіз нәрсеге ақша шығындап, елдің қалтасын қағуға неге құмармыз?» дейді ол.

 

Кінә кімде?

А.Досмұхамедұлының айтуынша, тағы бір кемшілік – автодром жұмысы талапқа сай емес. Не базалары істемей қалады, не көліктерінің датчиктері істен шығады. Тіпті үміткерлерді қолдан құлату жағдайлары да көптеп кездеседі. Соның салдарынан емтихан тапсыруға қайта-қайта келе беруден шаршаған адамдар жемқорлыққа баруға мәжбүр болып, жүргізуші куәлігін ақшаға сатып алып жатыр.

«Біз кейінгі сегіз жылдағы осы өзгерістердің жемісін көріп отырмыз. Елде көлік апаттары көбейіп кетті. Күніне он адам ажал құшады. Бұл – ІІМ-нің ресми дерегі. Ең қызығы, жол-көлік апаты орын алса, құзырлы органдар бар кінәні автомектептерге жабатын болған. Автомектеп адамдарды оқытқанымен, емтихан қабылдайтын жер мамандандырылған ХҚО емес пе? Олар тиісті білімі жоқ адамдарға куәлікті қалай беріп жатыр? Дұрыс оқымағансың деп қайтарып жібермей ме? Осындай жолмен дұрыс білім бермеген автомектептердің қызметі де реттелмей ме? Бұл жерде бар кінә – автомектептерде емес, жүргізуші куәлігін оңды-солды таратып, сатып жатқан құзырлы мекемелерде. Мұның бәрі – қолдан жасалып отырған жемқорлық. Қазір қоғамның қай саласында болсын парақорлық сынды былық көп. Бірақ басқа салада ол адам өміріне тікелей қауіп туғызбауы мүмкін. Ал біздің салада жемқорлықтың соңы көптеген адам өліміне әкеліп соқтырып отыр. Апаттан келіп жатқан материалдық шығын бір басқа», дейді сарапшы.

Біз елімізде жүргізушілер даярлау мен оларға жүргізуші куәлігін беру саласында келеңсіздік бар екенін бұрыннан білетін едік. Алайда мәселе дәл мұнша күрделі деп ойламаппыз. Қоғам белсендісінің айтып отырған деректері шындықтан алыс емес. Оның негізі – Президенттің биылғы Жолдауында айтқан сөзі. Депутаттар да бұл мәселені қозғап жатыр.

 

Жемқорлық тәуекелі бар

Бұл – бір тараптың пікірі. Әділет үшін екінші тараптың да пікірін білу мақсатында біз Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясына хабарласып, қалыптасқан ахуалдың мән-жайын білу­ге тырыстық. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Арай Төлегенқызының айтуынша, жүргізуші куә­лігін алуды оңтайландыру әрі жем­қорлықтың алдын алу мақсатында министрлік тарапынан бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі автомектептердің қызметін қадағаламайды екен. Бұрын автомектеп ашуға министрліктің рұқсаты керек болса, қазір тек «ашайын деп жатырмыз» деп хабарлама беру жеткілікті. Бірақ бүгінде министрлік тарапынан рұқсат сұрауды қайтару үшін жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Бұған қоса Ішкі істер министрлігі «Автомектеп» автоматтандырылған ақпа­раттық жүйесін жүзеге асырып жатыр. Бұл – автомектептер туралы барлық мәлімет жиналатын ортақ база. Атап айтқанда, ол жерде қандай білім беріліп жатыр, білімнің, қызметкерлерінің сапасы қандай, қанша адам оқып жатыр, қандай көлік құралдары тіркелген деген сынды мәліметтер жинақталады. Біз осының бәрін база арқылы көріп отырамыз. Қазіргі таңда 16 автомектеп тіркелді. Алдағы уақытта елдегі барлық автомектептің жұмысын қадағалаймыз», дейді ол.

А.Төлегенқызының айтуынша, Ішкі істер министрлігі жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімдеріне мүлдем араласпайды. Теориялық емтихан да, автоматтандырылған автодромдағы сынақ та – толықтай мамандандырылған ХҚО құзырында. Тек емтиханнан өткеннен кейін ғана үміткерлердің құжаттары ІІМ-ге жолданады екен. Яғни «жүргізуші куәліктері сатылып жатыр» деген қауесетке ІІМ-нің еш қатысы жоқ деген жауапты алғаннан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сына қарасты мамандандырылған ХҚО-на хабарластық. Біздің сұрақтарымызға МХҚО дирекциясы директорының орынбасары Мұхтар Отарбай жауап беріп, ол өз кезегінде автоматтандырылған автодромдарға қатысты айтылып жатқан сындардың бәрін жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазір елімізде 26 автодром жұмыс істейді, онда 171 көлік бар, оның 119-ы емтихан қабылдауға арналған датчиктермен жабдықталған.

«Қазір адамдар бұрынғыдай тірі кезекте тұрып, сарыла күтпейді. Мұндай жағдай былтырға дейін болғаны рас. Биылдан бастап үміткерлер құжат өткізген кезде емтихан тапсыра алатын уақытты өзі брондайды. Егер база істемей қалып, басқа да емтихан қабылдай алмайтын жағдай болса, біз адамдарға алдын ала хабарлама жіберіп, өзге уақытты таңдауын ұсынамыз. Мамандандырылған ХҚО-ның базасы басқа да мемлекеттік органдардың базаларымен ықпалдастырылған. Басқа органның базасы істемей қалса да, ол бізге әсер етеді. Адамдар оның бәрін өзімізден көріп жатады. Шын мәнінде ақау тек біздің тараптан деп ойлау – қате», дейді М.Отарбай.

Сонымен қатар ол автоматтандырылған автодромда емтиханды адам емес, компьютер қабылдайтынын, оған адам араласпайтынын айтты. Сондықтан ол жерде компьютерде отыратын адамның арнайы жол ережелерін білетін маман болуы шарт емес екенін жеткізді. Дегенмен М.Отарбай теориялық емтихан тапсырғанда үміт­­­кер­­лер биометрикалық тексеруден өткенімен, автоматтандырылған авто­­дромда жемқорлық тәуекелі бар еке­нін жа­сыр­мады. Осыған орай 2023 жылы Ішкі істер министрінің «Көлiк құра­лы­ның сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түр­лерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу, механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы» бұй­ры­ғына 60-тан аса өзгеріс енгізілген. Биыл да өзгерістер көрініс тапқан. Оның қатарында медициналық анықтаманың цифрлық режімге көшуі, автомектепте міндетті оқу, т.б. бар.

«Дегенмен жемқорлық тәуекелі бар екенін мойындаймын. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Өзіңіз айтып отырғандай, автодромдағы емтиханнан кейін көше жағдайында екінші емтихан тапсыру туралы ІІМ-ге ұсыныс жолдадық. Қазір бұл мәселе қаралып жатыр», деді ол.

Бәрін айт та, бірін айт, жүргізуші куәлігін беру айналасындағы дау бүгін бітпейтін түрі бар және екі министрлік тарапынан да қалыптасқан ахуалды шешуге, соның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға бағытталған тегеурінді шара байқалмайды. Жағдай бұлай кете берсе, өмірі жол үстінде қиылып жатқан адамдар қарасы да бүгін-ертең азаяды дегенге сену қиын.