• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Қыркүйек, 2024

Халық сенімін күшейтті

30 рет
көрсетілді

Жыл сайынғы Жолдаулар шеңберінде Президенттің құқықтық идеяларын қамтамасыз етудегі Парламенттің заң шығарушылық рөліне тоқталғым келеді.

Алдымен сегізінші шақыры­лымның екінші сессиясында Пар­ламентте 173 заң жобасы қаралып, оның 102-сі қабылданғанын, бұл жетінші шақырылымның үшінші сессиясында қабылданған заңдар санынан көп екенін айта кету керек. Сонымен қатар депутаттық заң жобаларының саны да артқанын атап өткен дұрыс.

Мемлекет басшысы өз Жол­дау­ларында үнемі Парламент де­пу­тат­тарына жүгініп отыра­ды және жүйелі шешімдер шы­ғаруға, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын іске асыруға қосып жатқан үлесі үшін депутаттар корпусының еңбегін атап өтеді.

Биылғы Жолдаудың еліміздің әділдік, инклюзивтілік, прагматизм секілді жаңа экономикалық курсы айқындалған былтырғы Жол­­даумен байланысы бар екенін көзіқарақты жұртшылық аңғар­ған шығар. Оның ішіндегі бар­лық мін­дет үш жыл ішінде орын­далуға тиіс. Ал ең маңыз­ды тапсыр­ма­лар­­дың нақты мерзімдері айтылды.

Президент осы сессияда тия­нақты әрі толыққанды талқы­лауды, қабылдауды қажет ете­тін жаңа заң жобаларын алға қойды. Біріншіден, экономи­калық белсенділікті ынталандыру және финтех секторын одан әрі серпінді дамыту бойынша ағымдағы міндеттерге жауап беретін банктер туралы жаңа заң қабылдау керектігін айтты.  «Банктер және банк қызметі туралы» қолданыстағы заң мүл­де басқа жағдайда қабыл­дан­ған еді.

Екіншіден, жаңа Салық кодексі бұрыннан бар жүйені қайта іске қосуға арналған. Ере­же­лерді әртүрлі түсіндіру мүм­кін­дігін болдырмау үшін кодексті оңайлату және оның ереже­лерін экономикалық белсенді азамат­тарға түсінікті ету өте маңызды.

Үшіншіден, биыл мамыр айында Мемлекет басшысы қол қой­ған «Экономиканы либерали­зация­лау шаралары туралы» Жар­­лық­тың жалғасы ретінде мем­лекет­­тік кәсіпорындарды қаржы­лан­дырудың мақсаттары, функция­лары, түрлері мен әдіс­терін және оларды басқарудың өзге де аспек­тілерін заң жүзінде реттеу қажет.

Төртіншіден, қайтарылған мүлік­тің заңсыздығын мойын­дамай-ақ шарт жасасу мүм­кін­дігін заңмен бекіту керек. Бұл құқық­тық идеялар заңсыз иемденілген мүлікті мемлекетке қайтару бойынша заң­намалық актілер пакетін жалғас­тыруға бағытталған. Мәжіліс қабылдаған және Сенат бекіткен «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы» заң мен басқа да заңдардың бүкіл пакеті Конс­титуциялық сот тарапынан Конс­титуцияға сай деп таныл­ғанын еске салғым келеді.

Бесіншіден, елімізде жасанды интеллектіні қолдану мен цифрлық технологияны дамытуды заң жүзінде рәсімдеу қажет.

Жолдаудағы тоғызыншы бағытқа және «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген тұжырымға ерекше назар аударғым келеді. Бұған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа заң жобасын әзір­леу және қабылдау бағытталған. Оны іске асыру мемлекеттік аппарат пен қоғамның күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Тек осы жағдайда ғана қалыптасқан ахуалды өзгертуге, заңның үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.

Заң идеологиясын дамыту үшін Конституциялық сот­тың жаңа шешімдері арқылы Парламенттің заңнамалық қыз­метін жетілдіру қосымша құқық­тық резерв бола алады. Парламент заң шығарушы билікті жүзеге асыру кезінде республика­ның жоғары өкілді органы ре­тін­де, қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі саналатыны туралы конституциялық талаптың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Биыл 30 шілдеде Президент Жар­лығымен бекітілген «Қазақ­стан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жос­пары» мемлекет дамуының жаңа бағыт­тарын айқындайды. Бұл ауқым­ды және жүйелі өзгерістер Пар­ламенттің алдына заңнама­ны сапалы жаңарту, жаңа үлгідегі заң­дарды қабылдау міндетін қойып отыр.

Осылайша, жоғарыда айты­л­ған­­ның бәрі заң үстемдігін қамта­масыз етіп, халықтың сенімін арттырады әрі заңдылық режімін қам­та­масыз етеді. Биылғы Жол­дау­да Мем­лекет басшысы айтқан құ­қық­­тық идеяларды тиімді іске асы­ру ел тұрғындары тара­пы­нан ай­тылып жатқан мәселе­ле­р­дің тікелей шешімі деуге толық негіз бар.

 

Алмас ҚАНАТОВ,

Парламентаризм институтының атқарушы директоры, қауымдастырылған профессор