Тұтынушылар құқының бұзылу фактілеріне қатысты шағымдар азаяр емес. Өтініштердің негізгі үлесі бөлшек және электронды сауда саласындағы сапасыз көрсетілетін қызметтерге тиесілі. Жыл басынан бері Алматы қалалық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 6 мыңнан аса өтініш жолданып, жауапсыз кәсіпкерлерден жапа шеккендерге 303 млн теңге қайтарылған.
Департамент басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев ең көп тараған заң бұзушылықтар тұтынушылардың талаптарына уақтылы жауап бермеу, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты заңнамада белгіленген сауда үстемесін бұзу жағдайлары жиілегенін айтады. Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша 40 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзушыларға 168 әкімшілік жаза тағайындалған.
«Деректерді талдау нәтижесі тұтынушылық құқықтық мәдениеттің қалыптаса бастағанын, дегенмен жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің де ерік бермей тұрғанын көрсетіп отыр. «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында Алматы қаласының қоғамдық ұйымдары азық-түлік қауіпсіздігі сапасының сәйкестігін анықтау үшін шетелдік өндірушілердің 66-ға жуық өнім атауын сатып алып, тамақ өнімдерін сынау зертханасына сараптама жүргізуге жіберді. Нәтижесінде, 24 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 8 айдың қорытындысы бойынша баға белгілеуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар жосықсыз қызмет анықталды. Бұл фактілер жойылып, 396 әкімшілік хаттама толтырылды», дейді Н. Әбдиев.
Тұтыну құқығын бұзудың көптеген мысалы бар. Көбінесе азаматтар жиһаз жасау және жөндеу қызметіне шағымданатын көрінеді. Мұндай жағдайлар тек Алматыда емес, барлық аймақта кездеседі. Мамандар талаптардың өсуін тұтыну мәдениетінің өсуімен байланыстырады. Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық көмек көрсетеді.
Департамент мамандары ТКШ қызметтері, сондай-ақ білім беру, медицина, қоғамдық тамақтану және байланыс салаларына қатысты өтініштер қаланың жергілікті атқарушы органдары, Ішкі істер органдары және ұялы операторлармен бірлесе пысықталатынын айтады. Тіпті жауапты басқарма іс насырға шапқан жағдайда, сотқа үшінші тұлға ретінде қатысады.
Әлемдік тәжірибеде азаматтарға тұтыну құқын үйрету мақсатында арнайы сабақтар жүргізіледі. Жыл басынан бері мұндай бастама Алматыда да жүзеге аса бастады. Халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған жобаны қала билігінің қолдауымен «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры қолға алған. Қоғамдық қор мамандары, күні бүгінге дейін мыңға жуық алматылық кеңес алу мақсатында қор көмегіне жүгінгенін жеткізді.
– Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Жоғары оқу орындарының студенттеріне, қаланың сауда нүктелері мен мекемелеріндегі тұтынушыларға оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілерінде «Тұтынушы-Потребитель» ақпараттық аккаунттары белсенді жұмыс істейді. Сауда орындарында тұтынушылар құқын қорғау саласындағы жаңа заңнама бойынша кеңес беретін мобильді заң қызметі іске қосылды. «Сапалы өнім» жобасының мақсаты – ішкі нарықта азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жаңа заңнама қоғамның өмір сүру сапасын жақсартуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде үкіметтік емес институттардың рөлін нығайтуға бағытталып отыр. Әлбетте, бізде әлі сауда мәдениеті қалыптаспаған және тұтынушылардың құқықтық сауаты дамымаған. Сондықтан жоба аясында біз азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға барынша күш саламыз. Қала тұрғындарын өздері үшін жасалған мүмкіндікті тиімді пайдалануға және белгіленген заңдарды сақтауға шақырамыз. Өз құқықтарыңызды білу және уақтылы қолдану алданып қалудан сақтайды. Қоғамның әрбір мүшесі құқықтық сауатты болуы және тұтыну құқығын қорғауға жауапты болуы керек. Бұл өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасайды. Аудан басшыларынан бастап сауда нүктелері мен жоғары оқу орындарына дейінгі әртүрлі деңгейдегі басшылар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын белсенді қолдауға тиіс. Тек осы жағдайда ғана нәтижелер мүмкіндігінше өнімді болады, – дейді «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.
АЛМАТЫ