Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қызылорда қаласына жетті. Мұнда аналар қауымымен, ақсақалдармен, ауыл тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өңірдегі аналар қауымымен кездесу өтті. Штаб мүшелері атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ана мен баланы қолдау мәселесіне айрықша назар аударады. Жыл сайын әлеуметтік төлемдер сомасы өсуде, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жұмыс істей бастады, ал жуырда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіледі.
Халықтық штаб мүшелері аналар қауымымен атом энергетикасын дамытудың заманауи әлемдік трендтерін талқылады, елімізде бейбіт атомды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Әр қазақстандықтың алдағы референдумға қатысуының маңызы ерекше атап өтілді. Бұл қоғамдағы диалогты нығайтып, азаматтардың саяси мәдениетін арттырады.
Dalatex тігін фабрикасында, «Торғай-Петролеум» мұнай компаниясының өндіріс алаңында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен өнеркәсіптік нысандардың жүйелі жұмыс істеуі және бизнестің дамуы үшін тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызын талқылады.
Сонымен қатар, Халықтық штаб Сырдария ауданы Ақжарма ауылына және Қазақстан аумағына күріш өсіретін шаруашылықтарымен танымал Нағи Ілиясов атындағы ауылға барды. Штаб мүшелері тұрғындармен әңгімелесу барысында ауылдық аумақтарды дамыту перспективалары мен ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды. «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев ауыл тұрғындарын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Халықтық штаб мүшелері өңірлерді аралау барысында көтеріп жүрген басты мәселе – алдағы 6 қазанда өтетін референдум. Қазақстан халқының атом электр станциясын салуға қатысты көзқарасы – аса маңызды. Сондықтан референдум өткізілетін күн туралы шешім қабылданған кезде Қазақстан Республикасының барлық қоғамдық және саяси күштері бірікті. Себебі бұл – жалпыұлттық мәселе. Ол қандай да бір саяси немесе қоғамдық көзқарасқа бөлінбейді. Оның әрқайсымызға қатысы бар», деді Серік Егізбаев.