Жетісу облысында жұмыс берушісін өлтірген ер адам сотталды. Облыстық ПД баспасөз қызметі қылмыстық іс сотқа тамыз айында жіберілгенін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Биыл ақпан айында полиция патрулі Қаратал ауданының Бастөбе ауылында адамның басын полиэтилен пакетке салып алған мопед жүргізушісін ұстаған. Көп ұзамай Алматының 55 жастағы тұрғыны жасаған қылмысын мойындаған.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам мас күйде жұмыс берушісін балғамен ұрып өлтірген. Содан соң өлі денені пышақпен бөлшектеп, қалалық зиратқа бөліп-бөліп тасуға тырысқан. Жалға алған үйді тінткен полицейлер өлі дененің бірнеше пакетке салынған қалған бөліктерін тапқан. Марқұм 50 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша, айыпталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.