Әлем халқы көз тіккен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында тоғызқұмалақ ойнаудан әлемдік рекорд орнатылды. Бір мезетте 213 473 адам ұлттық зияткерлік ойынға тіркеліп, қызығушылық танытқан.
Кейінгі бірнеше жылда әлем халқының назарын аударған этноспортқа қызығатындар біршама. Мұны «Ұлы дала дүбірінде» тоғызқұмалақтан сайысқа түсуге келген үміткерлердің санынан анық аңғардық. Мәселен, биылғы жарыста Колумбия, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка, Араб елдері сынды 41 мемлекеттен келген 114 қатысушы шеберліктерін сынады.
«Тоғызқұмалақтың дамуына Дүниежүзілік көшпелілер ойынының Астанада өтуі де жаңа серпін берді. Сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін 200 мыңнан астам адам мектептерде, университеттерде, колледждерде, жұмыс орындарында өз тақталарын пайдалана отырып, блиц форматында тоғызқұмалақ ойнады. Сонымен қатар осы жарысқа дайындық барысында біз ғарышқа тоғызқұмалақ тақтасын аттандырдық. Ол 35 шақырымдағы әуе кеңістігіне ұшырылды», деді Дүниежүзілік және Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов.
Айта кетейік, 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енсе, 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен 9 қыркүйек «Тоғызқұмалақ күні» болып бекітілді. Соған сәйкес Көшпелілер ойыны кезінде спортшылар жарысты «Тоғызқұмалақ күні» сағат 09.09-да алғашқы жүрісін 9 тақтадан 9 ұяшыққа 9 ойыншы салу арқылы бастап, зияткерлік ойынның көрігін қыздырған еді.
Осылайша, 4000 жылдық тарихы бар ұлттық ойынымыз төрткүл тарапқа тұтас танылды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастады. Ал екінші орынды Қырғызстан, үшінші орынды Ресей және Моңғолиядан келген ойыншылар иеленді.