• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 20 Қыркүйек, 2024

Ұлытау ұлары

436 рет
көрсетілді

Біздің кейіпкеріміз аласапыран ғасырдың қойнауында өмірге келді. Сондықтан да болар, ақын мінезі кемерінен асқан бұрқасынға, кейде тыныш түнгі теңізге ұқсайды. Еркіндікке ұмтылған, қамаулар қапталынан иен далаға көз қадаған бұғы секілді елестейтіні де бар.

Ақын бірде мехнаты мен аздаған шаттығы араласқан ғапыл жал­ғаннан бой суытып, қазақ сөзінің синонимі секілді данышпан Абайға жүгініп, бар жанымен мұң шағады:

«Абай ағамыз!

«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:

Қатыгездікке келгенде қарайып әлі,

Сабақ алатын жақсыны сабай адамыз.

Өтірік! Жалған –

Аспанның астын кернеген,

Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:

Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін,

Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!»

Бір сұраққа жауап іздеп көрелікші. Өткен ғасырда қаулаған іргелі ұғымдар мен қол­дан жасалған саяси құндылықтар астасқан тұ­ста бұл үдеріс ақындардың жүрегіне қыл­дай дақ түсіре алмағаны қалай? Жалпы, өзге елдің отарында бір ғасырдан астам уақыт болған көп ел тарих бетінен жойылып ке­тіп жатты. Бірі ұлттық дәстүрін, ділі мен тілін, әдеп-ахлағын жоғалтты. Ал қазақ халқы үш ғасырға жуық уақыт бойы бодандықта болса да, рухына сызат түспеді. Демек қазақ рухы отарланған жоқ. Әлсіресе де, айбатын ішіне бүкті. Қайратын қанында сақтады.

«Ұлытау.

Ұлық тастар.

Жасыл дала.

Қасиет қожыр-қожыр тасында ма,

Көзіме Ұлытау боп елестейді,

Кетбұғы құдіретті асыл баба.

Бұл тауға ішкен асым келді сіңбей,

Адамды адам сүйе алмас – елді сүймей.

Ошарылып жатыр ма ошақ тастар,

Бабаның қойып кеткен белгісіндей».

Сірә, ұлттың қуанышы мен қайғысы ақын­ның жүрегінен өтетіні рас. Өйткені көмейін күйдіріп бара жатқан жалынды жасырып, үнсіз қалуға ақынның ешбір хақысы жоқ.

Таланттың бір аты – күрескерлік. Ақын үнемі өзді-өзімен күресіп жүреді. Күрес­керлік, қажымас рух пен шемен-шерге толы сазды Жүрсін Ерман поэзиясынан лезде аңғарасыз. Яғни Цвейгтің тілімен айтсақ, «нағыз поэзия тағдырға өз үнін естіртеді. Сондықтан кімде-кім жеңіл де бір қалып­ты өмірден бас тартып, жоғары күштердің ­ойынына өз еркімен берілсе, нағыз ақын – сол адам».

«Ертеректеу ер жетіппін,

Өтіп дәурен, озып ғалам.

Киіс көрген керзі етіктің,

Жұлығындай тозып барам.

Тұлпарын бір тебінуге,

Қысса жастық тақымын сәл.

Жігіт болып желігуге,

Жібермеді ақылым – шал».

Ақын бейнетті еңбектің ортасында жүріп, шынайы өмірдің сөзімен сөйлейді. Сондықтан да негізсіз сағымнан ада, ақиқатпен бетпе-бет келген өмір шындығы боямасыз, асқақ естіледі. Құдайға мадақ айта жүріп, құдірет пен биік болмысты табиғаттан, қарапайым адамдардан, сұлулық пен адалдықтан іздейді. Сірә, шын мәнінде, хас өнердің міндеті адамдардың барлығы білетін, бірақ өздері байқай бермейтін көрінбеген сырларды ашу болса керек.

«Мойындап өмір өкімін,

Берік болмаққа бекідім.

…сетінеп кете беремін,

Біреу емеспін. Екімін».

Жүрсін Ерман жырлары әлдебір дербес топтар мен қауымның сойылын соқпайды. Бірегей пафосқа беріліп, төс қақпайды. Әрісі – өзімен-өзі, өзара булыққан лава іспетті. Бірақ әр өлеңінен ішкі майырылмас қуаттың жоғары күші білінеді. Ақын Ертай Ашықбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Жүрсіннің қолтаңбасы» мақаласында бүй дейді: «Жүрсіннің жырлары – сағы сынып, көкірегі тұмшаланып қалған әсіре әлсіздіктің емес, шырқай шамырқанудың, тұсаусыз мазасыздықтың, азулы алаң көңілдің көшірмесі. Нөсер десеңіз, жай ғана нөсер емес, бұршақ аралас нөсер. Күй десеңіз, сыпайы тербелістің емес, тентек тебіреністің сойы. Бозторғайыңыз қой үстіне баршаға жетерліктей дәрежеде жұмыртқалай қоймаған мына дәуірдің қасіретін қаузап, намысын қайрап жүрген Жүрсіннің бір келбеті – осы». Ақын – адасқақ дәуірдің жараланғыш, алып жүректі перзенті. Найзағайдай ұшқын атып, көктен құлап түсетін жалын тәрізді шамырқанған шабытты ақ қағазға төгуші. Кейде өзін заманнан бөтенсінуі, кейде көзге көрінбейтін бұлдыр мекенді балаша сағынуы – бұл тек миллионнан бір ғана адамның кеудесіне қонатын шын ақынға тән құбылыстар.

Бір адамды талантты етіп тудыру арқылы Жаратушы қаншама тағдырға әсер етіп, ұлттың аңсары мен тілегін орындайды. Бір ғана тұлға нәубетті ғасырлар мен бү­гін­нің салмағын сезінеді, иығына салып кө­тереді, жүрегінен өткізеді. Бір ғана тұлға ақын деген жанартауға, азамат деген алып ұғымға айналады. Бір ғана тұлға жүрекке жиған кәусар мейірім арнасымен талай қазақ баласының намысын қайрап, рухын шыңдайды. Сірә, көбі ақыннан адам бо­йы­на тән құбылыстарды молырақ іздейтін болар, бірақ Жүрсін Ерман­ның бойындағы бар­лық молекула мен та­мыр­ тек ақын­дық куәлікпен, азаматтық ұстын­мен жарал­ғандай көрінеді маған.