«Комиссар Жүргенов» романын жазуға апаратын жолға жазушы, зерттеуші Бейбіт Қойшыбаев кеңес одағындағы билеуші партияның қайта құру саясаты Қазақстанда шындап өрістей бастаған жылдары түскен еді. Бастапқы кезеңдегі жариялы уәде біржақты боп шығып, ұлт мәселесі бағзы бұрмалаулы стандарт ауқымында елеусіз қалдырылғандықтан да бұрқ еткен әйгілі саяси көтеріліс соңы «кіші 37-ге» ұласқанымен, артынша тегеуріндеп ескен демократия желінің «алтын күрегі» арқылы қасаң жүйені тұқыртып, біршама босаңсытқан-тын. Б.Қойшыбаевтың өзі де белгілі дәрежеде идеологиялық теперіш көргені де рас.
Содан «саяси қателік жасаған» деген желеу алдынан кесе-көлденеңдеп, Жазушылар одағының аппаратындағы бос орынға да, одақтың мерзімдік басылымдарына да орналаса алмағандықтан, өзінің кітап және мұрағат қорларындағы ізденістерін тереңдетіп, негізінен еркін шығармашылық жұмысымен айналысуға ден қойды.
Темірбек Жүргенов жайындағы алғашқы зерттеу мақаласы «Нарком Жүргеновті» Б.Қойшыбаев қайраткердің туғанына тоқсан жыл толатын 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған. Содан бері ол Темірбек жөнінде қалам тербеуін тоқтатқан емес. «Ақ босаға – ар-ожданда» Жүргеновтің жұбайы Дәмештің «Отан опасызы отбасының мүшесі» (ОООМ, ЧСИР) ретінде сталиндік лагерьлер азабын тартып оралғаннан кейінгі ерін ақтатуға, тарих қойнауынан оның атқарған істері жайындағы деректерді тірнектеп жинастыруға арнаған тыныс-тіршілігін арқау етті. «Темір-халком» тарихи миниатюрасында қайраткердің еліне сіңірген еңбектерін көркем тәсілмен жаңғыртты. Ел дамуының әр кезеңінен «Тарихтағы қасқағым сәт» деп белгіленген бөлімдерге жіктелген материалдары арқылы танымды мағлұматтар беретін «Өмір – күрес» атты тарихи миниатюралар жинағының жетінші бөліміне Жүргенов жайлы «Темірдей Темірбек» атты туындысын енгізді. Осылардан соң кезек тілге тиек болған романға келген еді.
Роман «Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы Сәби (Сәпен) Әбдіқадырұлы Аңсат ақсақалдың тапсырысына орай жазылған. Ол әр жазылып біткен тараудың бірінші оқырманы, кеңесшісі әм сыншысы болыпты.
Романда қаршадай Темірше оқырман көзіне алғаш рет әкесінің тізесіне жантайып, үлкендердің алқалы жиынындағы әңгіме-дүкенге мұқият құлақ түрген сәтінде түседі. Ол тап осылай әр кезде әкесінің қолтығы астында отырып, игі жақсылардың сұхбаттасуы мен олардың алдында өнер көрсеткен небір әнші, күйші, жыршыны құмарта тыңдайтын. Құймақұлақ балақай бірде ауыл балаларына Бұхарадан оқу бітіріп келген мұғалім Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығыс ғұламалары жайында әңгіме айтып, соған қатысты сұрақ қойғанында іле жауап беріп, өз қатарынан озық екенін танытады. Содан бала Тұрмағамбет шайырдың үлгілі шәкіртіне айналады. Төрт жыл бойы ауыл мектебінде үздік оқиды. Ұстазы оның парсы, түркі тілдерін қалай игеріп, белгілі дастандарды қандай ынтамен оқып жүргенін әрдайым әкесі Қараға ризашылықпен айтып жүрген. Мыңғырған мал иеленуші көшпелі бай ғана емес, өңірдегі халқына сыйлы, аузы дуалы, беделді ел ағасы Қара Жүргенов ұлы Темірше-Темірбектің қабілетін шайыр-ұстаздың жоғары бағалауын және өзінің ішкі ойымен үндесіп шыққан ұсынысын ескере келе, баласын бұдан әрі заман алға тартып тұрған орыс оқуына беруді мақұл көрді.
Петроградта Қазан төңкерісі, одан кейін Орынборда Екінші Жалпықазақ съезі болған шақта Темірбек Уфадағы жер өлшеу училищесінде оқып жүрген еді. Оқиғалардың өрбу барысы оны Орынборға алып келді. Мұнда ол соғыстың қара жұмысын істеген жігіттерді Батыс майдан шебінен елге бастап оралған Нәзір Төреқұловпен, кеңес үкіметі тағайындаған Торғай облысының әскери комиссары Әліби Жангелдинмен кездесіп, облыстық кеңестер съезін дайындау және өткізу жұмыстарына атсалысты. Сонымен қатар Нәзір екеуі «Қазақ мұңы» газетін шығарып тұрды. Орынборды ақтар алғаннан кейін Нәзір Түркістан өлкесіне – туыстары тұратын Қоқанға аттанды, ал Темірбек Дала өлкесінің комиссары лауазымына бекіген Әлібидің партизан жасағына қосылып, орталықтан Ақтөбе майданына қару-жарақ жеткізісті.
Жаңа өкімет құрылысына білімді мамандар керек, бұған Темірбек Қараұлының сенімі кәміл еді, сондықтан да ол революциялық оқиғалар үзіп кеткен оқуын жалғастыру қажеттігін ойынан шығарған емес. Ақыры Орынборда ашылған рабфак – жұмысшы факультетіне келіп оқыды. Оны бітіріп, 1923 жылы Ташкентте шаңырақ көтерген Орталық Азия мемлекеттік университетінің шаруашылық және заң факультетіне түсті. Қазақ республикасының үкіметі оған Қазақстанның Түркістан республикасындағы толық өкілетті өкілі міндетін оқуымен қоса атқаруды тапсырды. Сол жылы Қарқаралыдан келіп, САГУ-дың медицина факультетіне оқуға кірген болашақ жары Дәмеш Ермековамен танысты. Осылай Түркістан өлкесі аумағындағы саяси оқиғалардың бел ортасында өткен, он жылға созылған белсенді қоғамдық өмірі басталды.
САГУ-дың соңғы курсына көшкенінде Жүргеновке қазақ үкіметі тарапынан тағы бір үлкен сенім артылып, Ташкенттегі арнайы орта білім беретін Қазақ ағарту институты (Киринпрос) негізінде ашылған тұңғыш Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының (Қазпеджоо, Казпедвуз) директоры (ректоры) лауазымына тағайындалды. Жүргенов диплом жұмысын үздік қорғап, университетке ғылыми қызметкер ретінде қалдырылған, алайда оны мұнда көп істетпей, партияның Орталық Азия бюросы (Срезазбюро) 1929 жылы Тәжікстандағы статистика мекемесін басқаруға жұмсады. Осындағы қызметі барысында ол Тәжік автономиясын одақтық республика деңгейіне көтеру үшін құрылған комиссия құрамына енгізілді. Комиссияның тиісті қорытындысынан соң қабылданған шешімге сәйкес өткізілген құрылтайшы съезде Тәжік Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланып, республиканың алғашқы Қаржы халық комиссары лауазымына бекітілді. Одан 1930 жылы Өзбек Республикасына ауыстырылып, Ағарту халық комиссары болды.
Бұл кезде қазақ елінде жұртты қайғыға душар еткен солақай реформалар жасалып жатқан. Оның барысын Темірбек өзбек еліндегі қызметін атқара жүріп қинала қадағалаған-ды. Қазаткомның тиісті декретіне сәйкес, өзге байлар қатарында әкесінің де кәмпескеленгенін, отбасымен жер аударылғанын, ұжымдастыру науқанының халыққа жайсыз тиіп жатқанын, ағаларының көтерілісшілер қатарына қосылғанын естіді. Ақыры Қазақ өлкелік партия комитетінің басшысы ауыстырылып, өлке өмірді жаңаша құру жолына бұрыла бастады. Жаңа кадрлар жинақталды. Осы орайда жерлестері БК(б)П Орталық Комитеті арқылы өзбек еліндегі Жүргеновке де қолқа салған.
Ол он жыл бауыр басқан Түркістан өлкесінің бас қаласы Ташкентпен қоштасып, 1933 жылы жазғытұрым Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға ат басын бұрды. Қазақ автономиялық республикасының Ағарту халық комиссары лауазымына тағайындалып, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Содан тез арада Ағарту халкоматын мәдениет майданының бас штабына айналдырды. Жүргенов бұл лауазымында төрт жыл қызмет атқарды. Алғашқы үш жылында жоқтан бар жасаған, аңызға айналған істер тындырды. Ең алдымен, оқу-ағарту ісіне мән берді, сауатсыздықты жоюды, бастауыш білім беруді ғана емес, жаппай орта білім беруді мақсат етіп қойды. Мектеп үйлерін салу, мұғалімдер даярлау, оқулықтар жазу міндетін алға шығарды. Қазақ тілі, терминологиялық мәселелер комиссариаттың ұдайы назарында болды. Арнайы орта және жоғары педагогикалық оқу орындарын, алғашқы университетті, тау-кен және журналистика институттарын ашты. Өнерпаздар байқауын өткізіп, ел ішіндегі халық таланттарын жұртшылыққа кеңінен танытты. Кәсіби өнер ошақтарының шаңырақтарын көтерді. Халықтың музыкалық мұрасын мәдениетті өркендету қызметіне жаратуды алға тартқан комиссар әуелі музыка-драма техникумында қазақ ән-күйін зерттейтін ғылыми кабинет ашты. Ұзамай сол кабинеттің жанынан халық музыка аспаптарын жасайтын шеберхана ұйымдастырып, онда істейтін шеберлерді табуға да өзі тікелей араласты. Ахмет Жұбановтың домбырашылардан ансамбль құруына, оны ұлт-аспаптар оркестрі деңгейіне көтеруіне ұдайы қамқорлық көрсетіп отырды. Ұлттық өнер кадрларын баулитын ұстаздарды Мәскеу, Ленинград, Ташкенттен шақыртты. Хореография мектебін, қуыршақ театрын ашты. Спектакльдерге қажет костюм үлгілерін қазақ тұрмысының, этнографиясының білгірі ретінде өзі түсіндіріп, тігілген киімдердің алғашқы сыншысы болды. Музыка студиясын ашып, аз уақытта оны музыкалық театр мәртебесіне жеткізді. Музыка театрының тұңғыш спектаклі «Айман-Шолпан» халықты асқан қуанышқа бөлеп, маусым бойы аншлагпен жүрді. Ол әйгілі «Қыз Жібек» сынды таза қазақ әндерінен жазылған алғашқы ұлттық операның дүниеге келуін тікелей өзі ұйымдастырып, ұдайы назарында ұстады.
Мәдени революция барысында жылт еткен әр жаңалықты Жүргенов өлкелік партия комитеті мен республика үкіметінің басшыларына шұғыл жеткізіп, бәрі бірге қуанатын. Қазақ еліндегі мәдениет құрылысының жетістіктері жайында өлкеком жетекшісі Л.Мирзоянның 1936 жылдың басында Бас хатшы И.Сталинге мақтанышпен жеткізген хабары жақсы қабылданып, ұзамай, орталық биліктің Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін өткізуді жоспарлағаны белгілі болды.
Қазақ елінде жасалған мәдени революцияның шырқау шыңы іспетті Мәскеу декадасы қазақ мәдениетінің айтулы мерекесіне, әрі одақтық көлемде тапсырған аса маңызды емтиханына айналды. Онкүндік қорытындысында қарт ақын Жамбыл Жабаев, әншілер Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллинмен қатар, қазақ мәдениетін, ұлттық опера өнерін дамытуда сіңірген аса зор еңбегі үшін Темірбек Жүргенов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Мәскеуде өткен қазақ өнері алғашқы тарихи байқауының ешқашан ресми түрде мәлім болмаған нәтижесі хақында романдағы бірнеше эпизодта сөз етіледі. Солардың бірі Кремльдің Үлкен сарайында өтіп жатқан Кеңестердің Төтенше бүкілодақтық сегізінші съезіндегі үзілістердің бірінде Файзулла Ходжаевтың аузымен айтылады. Өзбекстан совнаркомының төрағасы Ходжаев өзін биік мінберден сөйлеген сөзімен құттықтай келген Жүргеновке: «Ең үлкен де зор алғыс сезімге сіз лайықсыз, Темірбек жолдас», дейді. Ташкенттен еліне аттанар алдындағы қоштасқан сәтінде оған күш-жігерін автономиялық республикасын тәуелсіз социалистік мемлекет дәрежесіне көтеруде жемісті еңбек етуін тілегенін есіне салды.
«Комиссар Жүргенов» романы тек мемлекет, қоғам, мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметін көркемдік тұрғыда суреттеп қана қоймай, осынау тарихи тұлғаның сом бейнесі арқылы оқырманға еліміздің қилы қасіретпен астасқан күрделі тарихын кеңінен ашып көрсетеді. Бүгінгі тәуелсіздігімізге дейінгі ұзақ жолдың қандай қиын-қыстау белестерден өткенін, олардың ішінде кітап қаһарманы Жүргеновтің егемен еліміздің тарихында қандай рөл атқарғанын айқын танып-білуге жәрдемдеседі. Үлкен террор құрбаны Темірбек Жүргеновтің халқына сіңірген ерен еңбегін әрқашан есте ұстау – кітаптың «Сөз соңы» тараушасында автордың атап айтқанындай, бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Балжан ХАБДИНА,
Баспа және полиграфия ісінің қайраткері