• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 21 Қыркүйек, 2024

Теміржолшылар әулеті

318 рет
көрсетілді

Президент Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», деп атап көрсетті. Экономиканың күретамыры сынды теміржол саласында бірнеше буын ұрпақ өкілдері үзбей еңбек етіп келе жатқан петропавлдық Ержановтар әулеті де сондай еңбек династиясы санатынан.

Көршілес Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолы (ООТЖ) – мемле­­кеттік «Ресей темір жолдары» ААҚ аумақтық филиалдарының бірі. Мұндай 16 мекеме бар. Қорған қаласынан басталатын бір бөлігі еліміздің жеріне еніп, Солтүстік Қазақстан облысы арқылы Омбы аумағына шығады. Петропавлда осы жолдың бөлім­шесі бар, басқармасы Челябі қаласында.

Кеңес одағы жылдарында Петропавл­дағы ООТЖ-ның бөлім­шесі қаладағы ең ірі кәсіп­орындардың бірі саналды. Оның қарамағында бірнеше өндіріс кә­сіп­орындары, соның ішінде локомотив де­посы, әлеуметтік саланың бірнеше нысандары, дербес ауруханасы мен емханасы, клубы мен мәдениет үйі, бірнеше жұмысшы жатақханасы, тұрғын үйлері мен мамандар даярлайтын ар­найы техникумы болды. Қазақстан мен Ресей арасындағы 1992 жылғы ке­лісім бо­йынша ООТЖ бөлімшесінің өн­дірістік кәсіпорындары мен вокзалы Ресей Фе­де­ра­циясына қарады. Ал барлық әлеу­меттік нысандары Петропавл қаласы әкімінің балансына берілді.

Бүгінгі таңда ол әлі де қаладағы ірі кәсіпорындардың бірі, бір мыңнан артық адам қызмет етеді. Алайда соңғы жылдары жүк тасымалдау айналымы төмендеп кеткендіктен, кәсіпорынның кірісі де азайып келеді. Кәсіпорын 2021 жылы 5 млрд теңгедей салық төлеген болса, 2022 жылы екі есеге жуық азайып, 2,7 млрд теңге ғана салық төледі.

Петропавл бөлімшесінің Булаев, Кондратовка, Мамлют стансалары, разъез­­дері бөлігінде қазақ жұмысшылары қай кезде де көп болған. Кейбір қазақ отба­сыларының үш-төрт ұрпа­ғына дейін осын­да еңбек етіп келеді. Соның бірі – Ақмолда Ержанов пен оның ұрпақтары. Бұл әулеттің теміржол сала­сындағы жал­пы еңбек өтілі – 203 жыл. Біз бұл анық­таманы бөлімшенің кеңсесінен алдық.

Әулеттің бабасы, 1902 жылы туған Ақмолда Ержанов қазіргі Есіл ауданы­ның Қарағаш ауылының маңын­дағы ата­­жұртынан алмағайып заманда Мамлют ауданына көшіп барып, «Красный Октябрь» деген елді мекенге қоныстанады. Одан Кривозорька деген орыс селосына көшіп, осындағы теміржол кәсіпорнының бөлімшесіне жұмысқа тұрып, табан аудармай 22 жыл істейді. Соғыс жылдары броньмен қалдырылып, зейнет демалысына шыққанша осы жерде еңбек етіп, балаларын да теміржолға баулиды. 1937 жылы туған Зұлқарнай, 1943 жылы туған Сапар деген екі баласы да теміржол бойына жұмысқа тұрып, әрқайсы 37 жылдан еңбек етіп, зейнетке шыққан. Сапар еңбек озаты болып, бірқатар жоғары наградамен марапатталған. «Ресей Федерациясының құрметті теміржолшысы» атағын алған.

Зұлқарнайдың 1960 жылы туған Сайран, 1965 жылы туған Бауыржан деген балалары да ата жолын қуып, темір­жолшы болған. Алдымен теміржол техникумын бітіріп, одан теміржол әскерлері қатарында қызмет етіп, артынан жоғары білім алған Бауыржан теміржолда 16 жыл еңбек еткен соң өзінің жеке кәсібін ашып, бүгінде бизнес­пен айналысады. Қазіргі кәсібі де теміржолмен тікелей байланыс­ты. Фирмасы кәсіпорынның тапсырысымен жөндеу жұмыстарын жүргізеді және қосымша қысқа орамдар мен тұйық жолдар салады. Оның бригадасы ООТЖ тармақтарында ғана емес, «Қазақстан темір жолы» ҰК бөліктерінде де 20-ға жуық тұйық жолдар тұрғызған. Бір уақыт қаладағы темір жол колледжінде сабақ бергені де бар. Ал оның туған ағасы Сайран 34 жыл бойы үздіксіз темір жолда істеп, зейнетке шыққан соң өмірден өткен.

Сапардың 1972 жылы туған Талғат, 1975 жылы туған Қанат деген балалары да теміржолда еңбек етті. Бір себептермен Талғат 6 жыл ғана істеп, жұмыстан шыққан. Ал Қанат 2005 жылдан бері әлі күнге теміржолда қараушы болып жұмыс істеп келеді.

1987 жылы туған Ақмолданың шөбересі, Зұлқарнайдың неме­ресі, Сайранның Мұрат деген ұлы 2008 жылдан күні бүгінге дейін теміржол саласында жұмыс істейді. Бәрі де жол қараушы болып, ашық далада еңбек етеді. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптабында ашық далада еңбек ету оңай емес. Күн суық екен деп пойыздар тоқтап қалмайды, сондықтан жол қараушылар 40-45 градустық сақылдаған сары аяздарда тоңғандарына, 25-30 градустық ыстықтарда күйгендеріне қарамай, пойыздың жолын ашады, вагондардың жарамдылығын тексереді. Жұмыс қанша қиын болса да бұл әулет өздерінің табан­дылығымен, ауыр еңбектен жалтармайтын қажырлылығымен өз кәсіптерінен айнымаған. Соның ішінде Сапар бригадир де болған. Ал бізге дерек берген Бауыржан да еңбек жолын жол қараушысы болып бас­тап, артынан бригадирі болған. Аналары Шайзат Мырзағұлқызы Ержанова да теміржолда 15 жыл еңбек еткен. Сонымен бұл әулеттің теміржолдағы жұмыс өтілі 200 жылдан асып отыр. Адал еңбектерімен көпке үлгі бола білген осындай әулеттер қоғамымыздың тірегі екені дау­сыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы