Бүкіл әлем елімізді аграрлық ел ретінде таниды. Ұлттық экономиканың дамуы тікелей ауыл шаруашылығына байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне қатысты бірнеше нақты ұсыныс айтылып, Үкіметке тапсырма берілді.
Біріншіден, бұл салаға инвестиция тарту. Бүгінде агроөнеркәсіпке бөлінетін қаражаттың 70%-ы – мемлекет тарапынан. Коммерциялық банктердің үлесі өте төмен. Осы мәселені шешу керек. Содан соң агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру да маңызды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының аясында әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашылған дұрыс болады. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Бұл озық тәжірибе республиканың басқа өңірлерінде енгізілмек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Біріншіден, келешекте өндірістің қай салаларында кадрлар тапшылығы орын алады. Осы бағытта нақты жұмыстар жасау керек. Мемлекет қаржысын онды-солды тарата бермей, мамандар даярлауда мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру тетігін түбегейлі өзгерткен жөн. Біздің ойымызша, мемлекеттік тапсырысқа республикалық бюджетпен қатар, өңірлердің қажеттілігін ескеріп жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген дұрыс. Сонда мамандарды мақсатты даярлауға мүмкіндік туады. Ол туралы көптен бері айтып келеміз.
Екіншіден, кейінгі жылдары техникалық және кәсіптік білім саласындағы реформалар өз нәтижесін берген жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы колледжде жақсы оқыған түлектерді мемлекеттік қызметке қабылдау, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды ұсынды.
Үшіншіден, ата-аналар жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар мен көмекті біле бермейді. Сондықтан азаматтармен кері байланысты күшейту керек.
Әрине, халықтың арасында атом электр стансаның құрылысы да қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселеге байланысты осы кезге дейін көптеген қоғамдық талқылау жиыны өтті. Енді 6 қазанда болатын жалпыұлттық референдум нәтижесімен халықтың пікірі арқылы бұл мәселенің ары қарайғы тағдыры шешілмек.
Менің базалық білімім – физика. Кандидаттық және докторлық диссертациямды экологиялық білім беру, экологиялық тәрбие, жастардың экологиялық сауаты мен мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша қорғадым. Егер таразыға салып, АЭС-тің экологиялық, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік, геосаяси артықшылықтарын сараптап қарасақ, АЭС еліміздің болашағы үшін керек.
Ұлттық экономиканың дамуы энергиямен толық қамтамасыз етілуіне байланысты. Әрине, халықты мазалайтын қауіпсіздік мәселелерін бірінші кезекте жүйелі түрде шешу қажет.
Жалпы, Мемлекет басшысы Жолдауында бүгінгі таңдағы күрделі мәселелерді ашып көрсетті. Барлығымыз жақсы өмір сүргенді қалаймыз. Олай болса, қолымыздан келгенше Президентті қолдап, тапсырмаларын іске асыру қажет.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры