• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 23 Қыркүйек, 2024

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына екі жолбарыс жеткізілді

139 рет
көрсетілді

Қазақстан үкіметі елде жолбарысты қайта енгізу жұмыстарының басталғанын ресми түрде жариялады. WWF пен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында екі амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Нидерландтағы «Святого льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан (Stichting Leeuw) жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

WWF қолдауымен Қазақстан Республикасының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Нидерландының Святой Льва орталығы арасында Меморандум жасалды. Меморандумда 2 жолбарысты ақысыз беру және оларды Қазақстанға жеткізу туралы келісім болды. 

Бұл оқиға экожүйені қалпына келтіру және жоғалған биоәртүрлілікті қайтару жолындағы маңызды қадам. Бағдарламаны экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті WWF және БҰҰДБ-ның қолдауымен жүзеге асыруда.

«Осыдан шамамен 15 жыл бұрын, 2010 жылы өткен Жер бетінде жолбарыстарды сақтап қалу мәселелері бойынша алғашқы халықаралық форумда Қазақстан мысықтұқымдас жабайы жыртқышты еліміздің табиғатына қайта қабылдауға дайын екендігін хабарлаған болатын. Арада жеті жыл өткеннен кейін Қазақстан, Ресей және басқа да елдердің ғалымдарының тынымсыз еңбегі нәтижесінде елімізде жолбарысты қайта жерсіндірудің бірегей бағдарламасы әзірленді. Осы уақыт аралығында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құрудан бастап оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қайта қалпына келтіруге дейін үлкен жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда біз көп еңбекті талап ететін жұмыстың және қызметкерлеріміздің өз істеріне адалдығының нәтижесін көріп отырмыз. Қазақстанға алғашқы жолбарыстар жеткізілді және осы атаулы оқиға бағдарлама міндеттерінің сәтті орындалғанын растайды», деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Министрліктің айтуынша Богдана мен Кума «Іле-Балқаш» резерватындағы WWF-тың арнайы құрылған вольерлік орталығында өмір сүреді, кейін олардың ұрпағы табиғатқа жіберіледі.