• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 23 Қыркүйек, 2024

Өңірлерде шағын жинақты мектептердің әлеуетін дамыту бойынша жоба іске қосылады

111 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі «Цифрлық технологияларды пайдаланып Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын жүзеге асырып жатыр. Жуырда облыс орталығында өткен республикалық семинарда аталған жобаның қорытындылары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жалпы пилоттық жоба Ақтөбе облысы бойынша 10,5 мыңнан астам оқушы білім алатын 134 шағын жинақты мектепті қамтиды. Тірек мектептердің оқытушылары сабақ беруде стримингтік оқытудың цифрлық шешімдерін қолданған.

Аталған жобаның нәтижесінде мектептерде онлайн оқыту үшін жаңартылған цифрлық кабинеттер және лабораториялық жұмыстар үшін ғылым кабинеттері ашылып, 1000-нан астам педагог «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әзірлеген екі білім беру бағдарламасы бойынша оқыған. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырған.

«Оқу-ағарту министрлігі ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сегіз мың мектептің 67,4%-ы ауылдық жерлерде, 51,2%-ы шағын жинақты болып табылады. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан. Ақтөбе облысында жүзеге асырылған пилоттық жобаның нәтижесінде ауыл мектептерінде білім сапасы пен оқыту тиімділігінің айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Бұл жоба жоғарыда аталған өңірлерде 2025-2026 жылдарда жүзеге асырылады», деп түсіндірді вице-министр Наталья Жұмаділдаева.

Айта кетерлігі, жобаны жүзеге асыру кезінде мектептердің 77,4%-да жоғары жылдамдықты интернетке қосу және педагогикалық кадрлар тапшылығы мәселесі шешімін тапқан. Жоба «Қазақстан халқына» қорының, Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолдауымен Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылған.