• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Қыркүйек, 2024

Олжас Бектенов: АӨК-тің тұрақты дамуы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

76 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердегі отандық агроөнеркәсіп кәсіпорындары өкілдерімен кеңейтілген форматта кездесу өткізді. Онда ауыл шаруашылығы саласын қолдау мәселелері және астық жинау науқанының барысы талқыланды. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында АӨК субъектілерін ұзақмерзімді мемлекеттік қолдау тәсілдері талқыланған.

«Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында кәсіпкерліктің дамуы мен оны қолдау шараларына ерекше назар аударды. АӨК-тің тұрақты дамуы – біздің азық-түлік қауіпсіздігіміздің кепілі, сондықтан Үкімет 1 млн-нан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған ауыл шаруашылығын қолдау шараларын жалғастыра береді», деп атап өтті Олжас Бектенов. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдері АӨК-ті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру туралы баяндаған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Үкімет көктемгі егіс және астық жинау науқанын оңтайлы жүргізу үшін қажетті жағдайдың барлығын жасады. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі бірінші рет 3 еседен астам ұлғайтылып, рекордтық көрсеткішке, яғни, 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалды. Сыйақы мөлшерлемесін төмендету Бәйтерек холдингі коммерциялық қаражатты тарту сатысында жүргізілді. Келесі жылы қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру кезінде осындай тетік іске қосылады. Жалпы, агробизнеске мемлекет тарапынан тұқым материалы мен тыңайтқыш сатып алудан бастап, экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі.Президент тікелей субсидиялаудан қолжетімді несие беруге көшу арқылы АӨК субъектілерін қаржыландыру көлемін ұлғайту міндетін қойды. 2025 жылдан бастап шаруалар қаржы институттарынан тікелей арзандатылған несие ала алады. Субсидиялау мәселелері толығымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеледі. Осылайша, шаруа субсидия ресімдеу бойынша артық әуре-сарсаңнан құтылады», делінген хабарламада.

Айта кетейік, биыл жеңілдетілген несиелеудің рекордтық көлеміне қол жеткізілген. Келесі жылдан бастап саланы қаржыландыру көлемін арттырып, 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы желтоқсан айында шаруаларға келесі жылдың алғашқы қаржысы түсуі тиіс екенін атап өтті.