• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Денсаулық 22 Қыркүйек, 2024

Қазақстанда алғаш рет аюрведалық шипагерлік ілім көрмесі өтеді

82 рет
көрсетілді

Алдағы 24-25 қыркүйек күндері Алматыда алғаш рет «MYSTIC AYURVEDA & WELLNESS EXHIBITION» атты Аюрведа көрмесі өтпек, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Аюрведа - 5000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған дәстүрлі үнділік медицина жүйесі болса, ол кеселдер адам санасындағы теңгерімсіздіктен немесе күйзелістен туындайды деген ұстанымға негізделген. Аюрведаның басты қағидасы сонда - дұрыс тамақтану, диета және өмір салты және шөптік препараттардың көмегімен денедегі, ақыл-ой мен санадағы тепе-теңдікті қалпына келтіру арқылы аурулардың алдын алу мен шипасын табу.

​Сонымен бұл көрме Үнді Аюрведасының, оның шөптері мен денсаулықты сауықтыруға арналған өнімдерінің құдіретін көрсетеді.

​Денсаулық сақтау саласындағы ерекше оқиғаға орай өткен баспасөз мәслихатында отандастарымыз үшін көрмеге тіркелу мен қатысу тегін жүретіні мәлім болды.

​Аюрведа және сауықтыру көрмесін Қазақстандағы Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Т.В.Нагендра Прасад ертең, 24 қыркүйек күні сағат 9:30-да Rixos Almaty қонақүйінде ресми түрде ашады.

​Көрмеде Үндістанның аюрведалық өнім өндірушілері шипалық қызметтерге қоса, аюрведиялық дәрі-дәрмектер мен шөп өнімдерінің алуан түрін ұсынғалы отыр. Оған қоса көрмеге қатысушылар Үндістанның жетекші мамандарынан, аюрведа дәрігерлері мен өндірушілерінен арнайы ілім алу мүмкіндіктері қарастырылған.

​Көрме бағдарламасына интерактивті B2B кездесулері, аюрведаны тәжірибеде қолданудың тікелей көрсетілімі мен аюрведиялық дәрігерлердің кеңестері кіреді.

​Көрмеге келушілер аюрведаның сана, дене мен рухтың тепе-теңдігін сақтауға қалай көмектесетінін, жалпы бақуаттылыққа қалай ықпал ететінін, денсаулықтағы нақты  кінәраттарды қалай шешуге болатынын біле алады.

​Арнайы сессиялар диета мен тамақтану, детоксикация әдістері, йога, медитация мен шөп дәрілерді қолдану сияқты, Аюрведаның әртүрлі қырларын қозғайды.

​Аюрведа көрмесін Vipex Associates компаниясы Biz Network, MarketExpoGroup компанияларымен мен бірлесіп, Ayushexcil - Үндістанның Аюрведаны насихаттау Кеңесінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

​Орайы келіп тұрғанда, қазіргі таңда аюрведа секторының кеңеюі жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашып, оған дүние жүзіндегі ірі кәсіпкерлер, технологиялық компаниялар мен медициналық орталықтар тартылып жатқанын атап өтуге болады.

 

Алматы