Алматы облысында республикалық «SportArtFest» байқауының финалы өтті. Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ules» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Байқаудың мақсаты – жастарды зияткерлік және шығармашылық тұрғыда дамыту, сонымен қатар жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау.
Үш бағытқа негізделген сайыстың шарты бойынша әр командада 5 адам бар. Әуелі топтар Қазақстан тарихы, отандық және әлемдік спорт, мәдениет саласы бойынша сұрақтардан тұратын зияткерлік тест тапсырады. Содан кейін командалар спорттық челленджден өтуі керек. Ал үшінші кезеңде ұйымдастырушылар бекіткен бес кітап бойынша «IQ-buttle» атты интеллектуалды ойынында білім жарыстырады.
Республикалық байқаудың іріктеу кезеңіне еліміздегі 500-ден астам елді мекеннен 10 000-ға жуық жас қатысты. Үздік 20 команда финалға жолдама алды. Қатысушылар үш күн бойы зияткерлік және шығармашылық жарыстарда бақ сынасты.
Байқау қорытындысында Жетісу облысының «Tau stars» командасы 1-орын, Жамбыл облысының «Шу жастары» командасы 2- орын алса, 3-орынды Атырау облысының «Firdaus» командасы иеленді. Жеңімпаздар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Байқаудың жүлде қоры – 1 600 000 теңге.