Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тозған энергетика инфрақұрылымының әзер жұмыс істеп тұрғанын, оның қуатын үдету қажеттігін айтып, үнемі назарында ұстап отыр. Биылғы жылыту маусымына аймағымыздағы аудан, қалалар қамданыс үстінде. Әсіресе Саран қаласының халқы үшін жылудың жырына нүкте қойылатын күн жақындап қалды. Жасырмаймыз, мұндағы орталық қазандықтың құрылысы ұзаққа созылды. Енді ел күткен қазандық қаланы «қайнатады».
– Мемлекет басшысының облыс бойынша тапсырмасына сәйкес жылумен жабдықтау желілеріне техникалық тексеру жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінде тексеру Қарағанды, Приозерск, Саран және Абай қалаларында жүргізілді. Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында жұмыс жалғасып жатыр. Оларды осы айдың соңына дейін аяқтау қажет, – дейді облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов.
Иә, алты ай қысы бар Арқаның қысқы маусымға дайындығы қауырт. Әсіресе өндірістік әлеуеті артқан Саран қаласының қысқа қамданысы тас-түйін. Бұрын мұндағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік-өнеркәсіптік кәсіпорындарды жиырмаға шамалас шағын қазандық арқылы жылытылып келген. Қаптаған ескі қазандықтың мұржасынан шыққан қара түтін қаланы «қарайтып», ауасын ластайтын. Мамандар әбден тозығы жеткен жерлерді жамап, жасқаумен шаршап еді. Енді қала мен бұрынғы Резина-техникалық бұйымдар зауытының аралығына, яғни ашық алаңқайда салынған жаңа нысаннан жылу тарайды.
Жылыту қазандығының жалпы алаңы – 10 722 шаршы метр. Мұнда бас корпус, отын босату галереясы, ұнтақтау және көмір қабылдау бөлімшелері, қосалқы жөндеу цехы, алаңішілік кәріз тораптары, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен өрт сөндіру депо ғимараты бар.
Жаңа қазандық қаланың 80 пайызын жылумен қамтиды. Қазіргі уақытта сынақ режімінен өтіп жатыр. Төрт қазандық іске қосылды. Бұған қоса қысқы отынды қамдап, көмір сатып алынады.
– Жалпы, жаңа жылыту қазандығына 264 көппәтерлі тұрғын үй мен 46 әлеуметтік нысанды қосамыз. Орталық жылу қазандығының жобалық қуаты – 130 Гкал. Қала бұған дейін 54 Гкал тұтынып келген. Жылыту маусымына біз екі қазандықпен кірісеміз. Ал екеуін резервте ұстаймыз. Тариф құны бұрынғыша қалады. Қазандықтардың барлығы техникалық тексеруден өткен. Ақауы бар тұстары табылды. Құбырлар қысқа уақыт ішінде жаңасына ауыстырылып жатыр. Қазір бұл бағыттағы жұмысты жобалап қалдық, – дейді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.
Қазандықтың барлығы техникалық тексерістен ойдағыдай өткен. Мұны қала әкімі де айтты. Автоматикасының, жылу техникасының, энергетика мен химиялық су тазартуының қалай жұмыс істейтінін мұқият бақылаған. «Саранжылусервис» ЖШС-ның бас директоры Асылбек Төкенов бұл шаралардың жылыту маусымы кезінде қауіп-қатерді болдырмау үшін ауадай қажеттігін айтады.
– Әзірге толық циклге жете алмаймыз. Себебі күн райы жылы. Ауа температурасы минус 6-8 градусты көрсеткенде орталық тарату пункттеріне жылу жібереді. Сол жерден үйлерге тарайды. Суды тазарту үшін химреагенттер сатып алдық, қазір көмір түсіріп жатырмыз, – дейді А.Төкенов.
Жаңа қазандық энергияны үнемдейді. Температурасы төмен, қайнайтын қабат технологиясымен салынған дейді мамандар. Бұл көмір отынын талғамайды. Кез келген түрін жағады әрі отынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз, тариф үшін тиімді. Мұндай қазандық еліміз бойынша екеу екен. Екеуі де – осы өңірде, Шахан кенті мен Саран қаласында. Мұнымен қоса, жылыту орталығында қазандық аумағын ластамау үшін отын қалдығын шығаратын арнайы полигон бар. Зиянды затты тұндыратын газ құбырлары да дайын.
Қаланы бұрын жылытып келген жиырма қазандық резервте болады. Оларды да қысқа қамдап жатыр. Техникалық тексеріс жүргізіледі, керек-жарағы түгенделеді. Әзірге қаланың пеш жағатын екі шағын ауданына жылуды осы қазандықтар таратады. Келер жылы көшеге, үйге жылу құбырлары тартылып барып, орталық қазандыққа қосылады.
Қазір тұрғын үй инспекциясының мамандары әр үйдің жылу құбырын тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр. Бұған қоса жаңа жылыту қазандығы 70 адамды жұмыспен жарылқап тұр. Мамандар қатарында қаланың бұрынғы қазандығында істеп келгендер де, жаңадан қабылданғандар да бар. Барлығы жаңа қазандықтың қыр-сырын меңгеру үшін арнайы оқыған. Келер жылы орталық қазандықтың жанынан кадрлар даярлау үшін оқу орталығын құру көзделіп отыр.
Сонымен сарандықтар сарғая күткен жаңа қазандық қалаға қыз-қыз жылу ғана емес, инфрақұрылымын жаңартып, игілік әкеліп отыр. Облысымыздың басқа өңірлерінде де жұмыс кешігіп емес, кестеге сай жүріп жатыр.
Қарағанды облысы