Елорданың Ұлттық академиялық кітапханасында «KitapTime – 2024» жалпы республикалық кітап фестивалі өтті. Оқуды кеңінен насихаттау, интеллектуалды жастарды ынталандыруды мақсат еткен жаназық жәрмеңкесі мемлекетіміздің көпшілік кітапханаларының қолдауымен еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылды. Айта кетейік, игілікті жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің ыждағатымен биыл үшінші рет өткізіліп тұр.
Фестивальдың ресми ашылуына дейін күндізгі уақытта кітап баспалары мен дүкендерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар шет мемлекеттер елшіліктерінің кітаптары да ел назарына ұсынылды.
Алғашқы болып сөз алған Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли елімізде кітап оқу мәдениетінің артып келе жатқанын айтып, Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев пен Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Қ.Ысқақовтың құттықтау хатын жеткізді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап оқу мен кітап шығарудың ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталып, шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады деп атап өткені белгілі. Осы орайда үшінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль кітап пен оны оқудың мәртебесін көтеру, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды және ақпараттық мәдениетті қалыптастыру, жазушылар мен оқырмандар үшін қарым-қатынас алаңын құруды көздейді», деді ол.
Фестиваль аясында әуе ұшағының бортында жолаушыларға ұлттық аудиоконтент ұсыну мақсатында кітапхана мен «Air Astana» авиакомпаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба жолаушылардың сапар барысында қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасымен сусындап, тағылым алуын көздейді. Енді әуедегі әрбір жолаушы қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін, батырлар жырын, сонымен қатар қазақ әдебиетінің жауһар туындыларының аудионұсқаларын ұшақ бортындағы медиа-құрылғы арқылы тыңдап, оқи алады.
«Мемлекетіміздің іргелі авиакомпаниясы ретінде қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне басым бағыт беру мақсатымыз. Ұлттық академиялық кітапхана арасындағы селбестігіміз – соның жарқын дәлелі. Алдағы уақытта бұл байланысымыз беки түсіп, тың жобаларды бірге атқарамыз деген сенімдеміз», деді «Air Astana» борттық қызмет көрсету жөніндегі вице-президент Елена Обухова.
Бұған қоса руханият мерекесіне келген жұртшылық қолөнер шеберлері мен суретшілердің «Art-әлем», «Көшпелілер ғаламы» атты көрмесі мен балаларға арналған интерактивті ойын-сауық іс-шараларын тамашалады.
Осы кезде кітапхананың атаулы залдарында әдеби шығармалардың таныстырылымы, қалам қайраткерлерінің шеберлік сағаты, интеллектуалды ойындар мен тренингтер өтіп жатты. Сондай-ақ оқырман қауым «Қаламгер қолтаңбасы» бұрышында қазақ авторларымен кездесіп, жаңадан жарық көрген шығармаларын қолтаңбасымен алу мүмкіндігіне ие болды.
Фестивальдың қорытынды бөліміндегі елордалық ақындардың қатысуымен өткен «Сезімдер сөйлегенде» әдеби-сазды кеші поэзиясүйер жұртшылықтың көңілінен шықты. Кеш барысында Танакөз Толқынқызы, Ұларбек Нұрғалым, Мақпал Мыса сынды ақындар өлең оқып, әдебиет төңірегінде ой-пікірін ортаға салды.
Кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергеннің айтуынша, елімізде кітап оқитын жастардың саны күннен-күнге артып келеді. «Заманауи тілмен айтсақ, кітап оқу трендке айналды», дейді. Сонымен қатар кітапхана жүйесі алдағы уақытта оқырман талап-талғамына қарай кемелдене беретінін жеткізді.