Жүсіпбек Аймауытұлын қазақ сахна өнерін зерттеушілер ұлттық театрдағы алғашқы режиссер ретінде танитыны жасырын емес. Алаш ардақтысының сан қырлы өнер иесі болғанын бүгінгі ұрпақ енді-енді біле бастады. Өкінішке қарай, елімізде жүсіпбектану саласы әлі де кенжелеп тұр. Керекуге жиналған ғалымдар мен өнер иелері әйгілі жерлесіміздің еңбектері жайында ой тарқатты.
Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі, Ертіс-Баян өңірінің тумасы Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толды. Тұлғаның мерейтойына орай Ж.Аймауытұлы атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұйымдастыруымен «Ар алдаспаны Аймауытов» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
Конференция жұмысына КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап, өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс, филология ғылымдарының кандидаты, жүсіпбектанушы Айман Зейнулина, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Мұхит Омаров, қаламгер Серік Елікбай, ақын, жазушы Сайлау Байбосын, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев, Ж.Аймауытұлының шөбересі (жиеншары) Павел Аймауытов қатысып, тұлғаның ұлттық театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегі жайында өз білгендерімен бөлісті.
«Әйгілі жерлесіміздің Баянауыл жерінен түлеп ұшып, қазақ руханияты мен мәдениеті үшін жасап кеткен жақсылығын әлдебір дүниемен өлшеу мүмкін емес. Ғалым ретінде өмірінде атқарған істері бір төбе. Ал ұлт жоқшысы, халық педагогикасының шебері, публицист, драматург ретінде атқарған еңбектерінің жемісін бүгіні ұрпақ әлі де көріп, сезініп отыр», деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтау сөзінде.
Іс-шарада Алаш қайраткерінің Қазақ театр өнеріне енгізген жаңалығы, драматургиядағы шығармашылық қыры, тұлғаның өміріне қатысты тың мәліметтер баяндалып, жүсіпбектану мәселелері талқыланды.
«Бүгінгі қоғам – кітап оқымайтын қоғам. Демек осы орайда театрдың еңбегі ерекше. Ал кітап оқымайтын, кейіпкерді танымайтын адамға сол шығарманы сахналау оңай емес. Театрда прозалық шығармаларды сомдау – өте маңызды. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуы керек. Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» шығармасы – бүгінгі күннің өзекті мәселесін көрсететін, ой тудыратын шығарма», деп ой бөлісті М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.
Ж.Аймауытұлының режиссерлік жұмысын оның жазушылығынан, ұстаздығы мен бойындағы өзге қасиеттерінен бөліп қарау мүмкін емес. Егер режиссерге әрі педагог, әрі психолог, әрі ұйымдастырушы ретінде қарасақ, онда осылардың барлығы қаламгердің бір басында тоғысқан. Жазушы білім мұхитының тереңіне сүңгіген сайын тасқындаған талантының барлық қыры саф алтындай жарқырап көрінді. Әдебиеттің көк айдынында ескегін құлаштай сілтеген майталман суреткер театр өнеріне де өшпестей қолтаңбасын қалдырды.
Өнертану докторы Б.Нұрпейіс шын мәнінде қазақ театрының пайда болуы Жүсекеңнің 1915 жылы 15 ақпанда Семейде сахналаған «Біржан – Сара» спектаклімен байланысты екеніне тоқталды.
«1958 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының сол кездегі Тіл және әдебиет институтындағы фольклор бөлімін басқарып жүрген М.Әуезовтен ұлттық театр өнерін зерттеуді қалай бастау керектігі жайында ақыл-кеңес алуға барған театр зерттеушісі Бағыбек Құндақбайұлы ұлттық сахна өнерінің алғашқы қадамдары Ж.Аймауытұлы есімімен тығыз байланысты екенін кемеңгер жазушының өз аузынан естігенін жазған болатын. Ғалым бұл іспен айналысқаны үшін партия тарапынан қуғындалып, сөгіс алған. Тек кейін, жариялылықтың отты лебі ескеннен кейін барып, бір кездері атын атай алмаған Алаш арысының пьесаларын жинақтап, оның алғашқы театр режиссері болғандығы туралы ғылыми мақаласын жариялады. Осы жинақтың алғысөзінде Б.Құндақбайұлы 1915 жылдың 13 ақпанында Семейде қойылған «Біржан – Сара» айтысының сахналық нұсқасын жасап, сахнаға шығарған Ж.Аймауытұлының режиссурасына тоқталған. Одан әрі: «Мұғалімдер семинариясының студенті Ж.Аймауытұлы әйгілі «Біржан – Сара» айтысының Қазанда басылған нұсқасын сахнаға бейімдеп, ұлттық топырақта көркемдік талапқа толық жауап берген тұңғыш спектакльдің қойылуы – ерекше мәдени-рухани құбылыс. Бұл – ұлттық сахна өнерінің туған күні. Біз де енді қазақ театрының тарихын 1926 жылдан емес, 1915 жылдан бастағанымыз жөн. Тарихи да, ғылыми да шындық осы», деп ресми пікірін білдірген. Аймауытұлы 1921 жылы Семейдегі губерниялық труппаның сахнасында М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясының екінші нұсқасын қойғаны, ал 1925 жылы «Ел қорғаны», кейінірек «Шернияз», «Сылаң қыз» пьесаларын сахнаға шығарғаны туралы мәліметтер бар. Сондықтан біз оны қазақ театр өнерінің тұңғыш режиссері деп айтуға толық құқылымыз», деді өнертанушы.
Ал С.Торайғыров университеті үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, жүсіпбектанушы ғалым Айман Зейнулина Алаш арысының драматургиядағы қыры жайында баяндады. Айтуынша, ғалымдар осы уақытқа дейін қаламгердің 10-ға жуық драматургиялық шығармасы бар деп есептеп келген. Жуырда табылған архивтік құжаттардан Жүсекеңнің театрға арнап 25-тен астам шығарма жазғаны анықталған. Сондықтан драматургтің бұл тұрғыдағы еңбектері әлі де зерделей түсуді қажет етеді.
«Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын дарын иесінің әулетіне қатысты тың деректер ұсынды. Кейінгі уақытта жүсіпбектану саласында жазушының ата-тегіне қатысты біраз дүниенің назардан тыс қалып жатқанына қынжылыс танытты.
– Аймауытұлы әулетінің Дәндебай мекеніне Омбы генерал-губернаторынан үй салу үшін ағаш кесіп алуға рұқсат сұрағаны туралы хат сақталған. Жүсіпбектің аталары дәулетті болғанын 1897 жылғы санақтан да аңғарамыз. Онда әкесі Оймауытта 276 жылқы, 167 ірі қара, 43 түйе, 749 қой-ешкі бар делінеді. Кедей адамда мұндай байлық бола ма? Оймауыттың өзі болыс болып, ел басқару ісіне араласқан. Бұдан бөлек Жүсекеңнің сазгерлігін, қоғам қайраткері ретіндегі еңбегін, тағы басқа қырларын тереңнен зерттеу қажет», деді қаламгер.
Жүсекеңнің жиеншары, бүгінде Ресейдің Кемер облысында тұратын Павел Аймауытов Алаш ардақтысының үлкен ұлы Бектұр жайында естеліктер өрбітті. «Нағашы атам Бектұр Аймауытұлының жарқын бейнесі менің есімде әлі күнге сақтаулы. Он жыл лагерьде азап шегіп, Ресей жерінде көптеген жайтты басынан өткерген. Мен Римма есімді қызынан туғанмын. Бала кезімізде әр демалыста атамыздың үйіне барып тұратын едік. Бектұр атамыз өте бауырмал болды, бізді жақсы көрді. Суретті керемет салатын. Қолынан келмейтіні жоқ, бес саусағынан өнер тамған жан-тұғын. Бізді кішкентайымыздан жазуға, оқуға үйретті. Спортқа да бейімдеп, алғаш рет ағам Сергей екеумізге бокс қолғабын кигізіп жұдырықтастырғаны да есімде. Бізді ер мінезді етіп тәрбиелеуге тырысты. Алайда ол өзінің ата-анасы жайында мүлде тіс жармайтын, біз үшін жабық тақырып болатын. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алған соң, атамыз тарихи Отанына көшіп кетті. Біз анамызбен бірге келіп, әуелі Қарағандыда, кейін Алматыда атамыздың үйінде болдық. Атамыз естеліктер жазып жүргенінен де хабардар болдым», дейді Павел.
Конференцияда Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Мұхит Омаров, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев драматург еңбегі жайында жан-жақты деректер баяндады.
Атап өтерлігі, жазушының туған жері Әулиелі Қызылтау – топырағы құйқалы жер. Мұнда ғұлама Мәшһүр Жүсіп, сатираның сардары Қадыр Тайшықов, Абылайдың бас батырларының бірі Шотана батыр, ақын Сақау Мәукеұлы, атақты ат сыншысы Күреңбай Бекұлы, ірі дін қайраткері, Көкілташ медресесінің түлегі Қалимолла Жантоқаұлы, өзге де қазаққа аты мәлім тұлғалар дүниеге келген. Бұл жерден 18 шақырым жерде атақты күрескер ақын Мәди Бәпиұлының (Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданы мен Жүсіпбек ауылын Түндік өзені бөліп тұр), Әулиелі Сарыөлең жақта алашордашы Сәлемхат Күленовтің дүниеге келген жері бар.
Павлодар облысы