• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қыркүйек, 2024

Бердібек Соқпақбаевтың еңселі ескерткіші ашылды

80 рет
көрсетілді

Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында әдебиетіміздің көрнекті өкілі, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында классик-жазушы ес­керткіш­інің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Парламент Сенаты­ның төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, жұртшылыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мемлекет басшысының құт­тықтауында Бердібек Соқпақ­баев қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер екені айтылған. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сынды теңдессіз туындылар жазып, ешқашан ескірмейтін ғажайып мұра қалдырғаны да назарға алынған. Адам психологиясын, қазақтың жандүниесін асқан шеберлікпен аша білген суреткердің шығармаларындағы шынайы бейнелер нағыз халықтық кейіпкерлерге айналды. Бірнеше буын ұрпақтың жазушы туындыларын оқып өсуі – осының айқын дәлелі.

«Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдыр­ды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атау­лы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», делінген Президенттің құттықтауында.

Мәулен Әшімбаев аталған өлкеден Райымбектей айбынды батыр мен Мұқағалидай арқалы ақын шыққанын тілге тиек етіп, осы өңірдің төл перзенті Бердібек Соқпақбаевтың есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылғанына назар аударды. Сондай-ақ ол соңына қалдырған мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналған көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтау және оларды өнегелі өмірін кеңінен зерделеп, дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті.

Палата спикері Б.Соқпақбаев­тың шығармашылығы әрдайым өзгелерден дараланып тұратынын және олар шынайылық пен қара­пайымдылыққа табан тірейтінін айтты. Жазушының туындылары халқымызбен қоса бүкіл әлем оқыр­мандарының ыстық ықыла­сына бөленіп, әр буынның жадында сақталатын құнды дүниеге айналды. Қаламгердің «Менің атым – Қожа» повесінің 68 тілге аударылуы – соның жарқын көрінісі. Ал шығарма желісімен түсірілген кинокартина 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильм­дердің халықаралық кино­фес­тивалінде дипломант атанды.

Сонымен қатар Сенат төраға­сы жас буынның бойында дұрыс құндылықтар жүйесін қалып­тастыру ісінде әдебиеттің, өнердің және креативті индустрияның рөлі жоғары екенін, бұл мәселеге Мемлекет басшысы бірнеше мәрте тоқталғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына назар аударып, осы бағытта «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл жоба қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасақтап, олар­дың балаларға қолжетімді болуы қам­тамасыз етуді көздейді. Сон­дай-ақ биыл елде «Ұлттық кітап күні» белгіленді. Осындай кешенді шаралардың барлығы қаламгерлеріміздің есімін мәңгі­лік етуге зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен Жазушылар одағы бірлесе отырып, осы бағыттағы жүйелі жұмыстар­ды әрі қарай жалғастырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сапар аясында палата спикері Қарасаз ауылына арнайы ат басын бұрып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барды және өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Бердібек Соқпақбаев­т­ың 100 жылдық мерейтойына жиналған меймандармен бірге жазушы атындағы саябақта ағаш отырғызды. Бұған қоса Кеген ауылына барып, «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығының қызметімен танысты.

Сондай-ақ М.Әшімбаев Мем­лекет басшысының бастамасы­мен қолға алынған «Ауыл кітап­ханаларына арналған 100 кітап» акциясына атсалысты. Сенат төрағасы жазушы Б.Соқпақбаев туған Қостөбе ауылындағы мектепке қазақ әдебиетінің классик­тері мен шетелдік авторлардың кітаптарын тарту етті. Атап айт­қанда, мектеп кітапханасы Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Эрнест Хемингуэй, Даниэль Дефо, Иван Тургенев, Жюль Верн және басқа да тұлғалардың шығармаларымен толықты.