• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Қыркүйек, 2024

Болашақ саммиті әлемдік бейбітшілікті көздейді

70 рет
көрсетілді

БҰҰ Бас Ассамблеясы 79-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы қар­саңында Ұйымның штаб-пәтерінде «Ертеңгі күн үшін көпжақты шешім­дер» тақырыбында екі күндік «Болашақ саммиті» басталды. Саммит жұмы­сына Қазақстан Премьер-министрі­нің орынбасары – Сыртқы істер ми­нистрі Мұрат Нұртілеу бастаған Қазақстан делегациясы қатысты.

Бұл жаһандық іс-шара БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өткізіліп, қазіргі таңдағы және келешекте туындайтын мәселелердің бірлескен ше­шімдерін табуға бағытталған. Сондай-ақ сам­мит әлемде бейбітшілік пен өркендеуге жол ашатын және халықаралық институттар­ды заңды әрі тиімді ететін шешімдер қабыл­даудың маңызды мүмкіндігін ашуға тиіс.

Саммиттің ашылуында БҰҰ басшысы ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ХХІ ғасырдың шешімдерін: жан-жақты және инклюзивті, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тәжірибесіне сүйенетін негіздемелік шешімдерді талап ететінін мәлімдеді.

«Мен бұл саммитте БҰҰ Жарғысының құндылықтарына негізделген жаһандық институттарды заңды, әділ әрі тиімді ету үшін терең реформаларды қарастыруға шақырдым. Сондай-ақ бізге қайтадан жолға түсу үшін қатаң шешімдер қажет. Өйткені біздің әлем рельстен шығып бара жатыр», деді Бас хатшы.

Саммитке БҰҰ-ға мүше 130-дан аса елдің мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Сапардың алғашқы күні Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Сербияның Сыртқы істер министрі Марко Джуричпен, Албанияның Сыртқы істер министрі Игли Хасанимен, Анголаның Сыртқы істер министрі Тете Антониомен, Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық­тың қазіргі жағдайы мен даму келешегі тал­қыланды. Тараптар жаһандық және халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәселе­лер бо­йынша пікір алмасты, сондай-ақ өзара іс-қи­мылдың барлық бағыттары бойынша сындарлы диалогті жалғастыруға уағдаласты.

Жалпы, Болашақ саммиті – 22-23 қыркүйек күндері Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен жоғары деңгейдегі іс-шара. Әлемдік көшбасшылар жаһанға ортақ жарқын болашақты қалай қамтамасыз ету керектігі туралы жаңа халықаралық консенсус құру үшін жиналып отыр. Олар Болашақ пактісін, жаһандық цифрлық шартты және болашақ ұрпақ туралы декларацияны бірауыздан қабылдады.