• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Қыркүйек, 2024

Бауырлас бесеудің бекем бірлігі

133 рет
көрсетілді

Бір кездері «Түркістан» деп аталған Орталық Азияның қашанда өркениеттер тоғысқан тұтас аймақ болғаны белгілі. Оның адамзат тарихында алар орны, әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен атқаратын рөлі де зор. Бүгінде тарихы мен тағдыры ортақ, тілі мен діні ұқсас, әдебиеті мен мәдениеті жақын Орталық Азияның мол мүмкіндіктер мекені ретінде жаңа келбеті қалыптасып келеді.

Тарихи тамырластық

Жаһандану дәуірі елдер мен халық­тарды бір-біріне ж­ақын­дастырып, түрлі бағытта ынты­мақтасуға кең жол ашқаны мәлім. Қазіргі адамзатқа ортақ құн­ды­лықтарды ізгілік рухта дәріптеп, үндестік пен үйлесімді, ортақ мүдделерді арқау етіп, парасатты өмір сүруге алғышарттар жасауға талпынып отыр. Осы мақсатта алуан түрлі мүдделерді тірек еткен көптеген халықаралық жаңа ұйымдар дүниеге келді. Олардың кейбірі тарихи тілдік-туыстық қа­ты­насқа негізделсе, қайсыбірі табысты экономикалық мүддені көздейді, сондай-ақ араларында тағдыр қосқан құдайы көршілік қатынасты өзек еткендері де аз емес. Соның ішінде еліміз әу бас­тан көпжақты ынтымақтастықты қолдап, тату көршілік пен дәстүр сабақтастығын негіз еткен көптеген халықаралық ұйымға бастамашы болғаны белгілі. Осылардың ішінде тарихи тамырластық пен терең туыстыққа негізделген, тату көршілік пен аймақтық тұтастыққа тұтқа болатын, экономикалық табыс пен ортақ мүддеге серпін беретін ықпалдастықтың жолы даңғыл деуге дәйек жеткілікті.

Өткенге үңілсек, тарихи тамыры тереңге кететін Түркістан топырағында бір үйдің баласындай, бір қолдың бес саусағындай бірге орналасқан етене жақын елдер мен халықтардың ынты­мақтастығы бағзы заманнан бастау алады. Әрине, Орталық Азияны кеңістіктер мен заманалар, дүниені бөліске салған жүйелер мен қатал режімдер алшақ­татқанымен, оларды та­мырлы тарих, қазыналы мәде­ниет әу бастан тұтастырып келді, бұл қасиеттер қайта түле­уге де алтын арқау болды. Екін­шіден, бұл аймақты ортақ мүд­делер тоғыстырған бірыңғай эко­но­микалық кеңістік деуге болады. Расында, сауда-экономикалық байланыстар – интеграцияның қозғау­шы күші. Осы орайда елдеріміздің экономикалық байланыстарының бірін-бірі толықтыра түсетініне назар аударуымыз керек. Үшінші­ден, Орталық Азия – жалпы көлемі ­3 882 000 шаршы шақырымға созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Бұл мүмкіндіктер де еншілес елдерді ынтымақтастыққа ынталандырады. Бұған қоса аймақтың Азия мен Еуропа арасындағы жайыла қоныстануы оның Шығыс пен Батыс арасындағы тасымал жолдары тұрғысынан да маңыздылығын арттырады. Басқаша айтқанда, тоғыз жолдың торабына айналған Орталық Азия үшін бүгінде жаңғырған Жібек жолының да, Каспий дәлізінің де маңызы ерекше. Заманауи тұрғыдағы Жібек жолы тарихи жолдың орнын теміржолдармен, байланыс желілерімен, энергетика дәліздерімен және табиғи газ құбырларымен толықтырып жатыр. Бұл тұтастық Шығысқа да, Батысқа да ыңғайлы. Мысалы, Қытайдың батысында өндірілген тауарды теңіз жолы арқылы Батыс Еуропаның кемежайларына тасығаннан құрлық және теміржолмен Қазақстан арқылы жеткізгенде жол 16 тәу­лікке қысқарады. Сондықтан экономикалық байланыстар дамуы­ның арқасында туыс республикалар арқылы өтетін жаңа және тиімді заманауи Жібек жолы үшін қажетті жағдайлар жасалды. Сол себепті елдеріміздің транзиттік әлеуеті бірлескен экономиканың өсу қайнарына айналуы ықтимал.

Әр кезеңде әртүрлі атаумен жапсарлас өмір сүріп келген тағдырлас, тамырлас жұрттар кеңестік кезеңде бес республикаға бөлінген аймақтағы интеграция ұғымы азаттықтың арайлы таңында, дәлірек айтқанда 1991 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларының Ашхабадтағы алғашқы басқосуында күн тәртібіне енгізілген еді. Тіпті сол жиында аймақтың тарихи «Түркістан» атын жандандыру туралы да айтылған. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1993 жылы экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойып, 1994 жылы «біртұтас экономикалық кеңістік» жарияланды. 1995 жылы үш елдің ұйымы Орталық Азия Одағы болып аталса, 1998 жылы ұйым «Орталық Азия экономикалық одағы» болып қайта құрылды. Ақырында бұл үдеріс «Орталық Азия Ынтымақтастық Ұйымы» деген атқа ие болды. Осындай ізгі ниет­пен басталған аймақтық интеграция кейбір кедергілерге байланыс­ты жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қалғаны белгілі.

Десе де араға жылдар салып бұл ынтымақтастық қайта жанданды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газеті «Egemen Qazaqstan»-да жарық көрген «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласын­да атап көрсеткендей: «Өңірдегі мем­лекетаралық қатынастар да түбе­гейлі өзгеріске ұшырады. Елде­ріміз арасында барлық деңгейде сындарлы екіжақты және көпжақты диалог жолға қойылды, өзара тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Осыған дейін аймақтағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға кедергі келтіріп, қай­шы­лық туғызған мәселелерді шешу жолындағы жетістіктердің мәні зор».

 

Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Екіжақты және көпжақты ынты­­­мақ­тастықты жаңа деңгейге көтер­ген, өткеннің тәжірибесінен сабақ алған тараптар бұл жолы «ақы­рын жүріп, анық басып», амби­циялы «одақ», тіпті «саммит» деген сөздерді қолданбауға тырысты. 2018 жылы наурызда Астанада өткен алғашқы басқосу жай ғана «консультативтік кездесу, кеңесу» деп аталды. Екінші басқосу 2019 жылдың қараша айында Ташкентте өтті. Осылайша, аймақтық инте­грацияның екінші кезеңі басталды. Ресми түрде «Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Кон­суль­­тативтік кездесуі» деп аталатын бұл жиындар әлдеқайда тиімді болып шықты. Өйткені бұл жолы тараптар нақты мәселелерді шешуге тырысты. Оның үстіне, аймақ елдері өздерінің мемлекеттік қалыптасу кезеңін аяқтаған еді. Сондықтан екінші кезеңді тұрақты институттық тетіктерді орнатумен сипаттауға болады. Бұл кезеңнің негізгі мақса­ты – жалпы мәселелерді талқылау үшін әртүрлі салада платформалар құру болды. Бұдан да маңыздысы, аймақ елдері өз мәселелерін үшінші жақтарды, әсіресе ірі державаларды араластырмай, өздері шешуі керек екенін сезінді. Басқаша айтқанда, аймақ елдері Орталық Азияның халықаралық саясаттың объектісі ретінде емес, субъектісі ретінде әрекет етудің уақыты жеткенін түсінді. Бұл ретте олар ынты­мақтастықтың басқа, үшінші жаққа қарсы емес екенін және көрші елдердің мүдделеріне қарама-қайшы келмейтінін көрсету мақсатында БҰҰ ұйымының шеңберінде әрекет етуде. Бұл ретте БҰҰ басшылық қызметте болған дипломат-президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бер­меуіміз қажет. Бұл мәселеде «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге» тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көр­сетер едік. Халықаралық алаң­дардағы бәсекелестік ұлттық мүд­делерімізге қайшы келеді», деп ауызбіршіліктің маңыз­дылығына тоқталды. Рас, бесеу­­дің бірлігі бәсекелестікке емес, берекелі бауырластыққа негіз­­­делуге тиіс. Сонда аймақтық ынты­мақ­тас­тықтан барлық тарап ұтады. Ал бекем бірлікті емес, бере­кесіз бәсекені таңдайтын болса, барлық жақтың ұтылатыны бесенеден белгілі. Түптеп келгенде мұның бәрі тек аймаққа ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігіне оң әсер ететіні белгілі.

Қазіргідей күрделі геосаяси жағ­дайда аймақтағы ынты­мақ­­тас­тықтың жоғары даму қар­қы­нын сақтау өте маңызды екені бел­гілі. Осы ретте Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының өзара тығыз араласа бастауы, бір-біріне жиі сапарлап, тұрақты кездесуі нақты нәтиже бере бас­тады. Мәселен, кейінгі бір айдың көлемінде Өзбекстан мен Қырғыз елінің басшылары Астанаға үш рет келді. Президенттердің қа­тысуымен Көшпелілер ойыны өтті. Астанада мемлекет басшылары достық пен бауырластықтың символы іспетті айкөл Манастың, мұқым түрікпеннің мақтанышы Мақтұмқұлидің және Шығыстың жұлдызы, өзбек халқы­ның даңқты перзенті Әлішер Науаидің еңселі ескерткіштерін бірге ашты. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көр­шілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңір­­лік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Екі­жақ­ты ынтымақтастық та артып, страте­гиялық сенімді серіктестіктен одақтастық деңгейіне көтерілді. Осылайша, Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық берекелі бірлігін танытатын, қазір­гі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналып, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұғымы да жаңа белес­ке шықты.

Осы ретте Қазақ дипло­матия­сының аймақтық интеграция үдерістерінде айрықша белсенді әрі бастамашы бол­ғанына назар ауда­руымыз керек. Қазақстан – Азия кеңесі, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі бастамаларды көтеріп, оларды табысты іске асырып келе жатқан ел. Халықаралық тасы­мал дәліздерінде, әсіресе Транс­каспий «Тұран дәлізінде» де Қазақ­стан­ның орны ерекше екені мәлім. Осылайша, аймақтық интегра­цияда Қазақстан, Қыр­ғызстан және Өзбекстанмен Түркі ынты­мақтастық ұйымында, Түрікмен­станмен Каспий теңізі айна­ласындағы жобаларда ынты­мақ­тас­тықты дамы­тып жатыр. Осы шең­­берде діні бір, мәдениеті ұқсас, ортақ кеңістіктегі Тәжік­станның да аталған жоба­ларға қатысуы ма­ңызды. Консуль­тативтік кездесу­лер шеңберінде тәжік-өзбек, әсіресе тәжік-қырғыз келіссөздері де нақты нәтиже беріп, шекара, су сияқты тақырыптар төңірегіндегі түйіткілдер тарқатыла бастады. Басқаша айтқанда, Қазақстан басқа бағыттардағы инте­гра­ция­лық жобалардағы тәжі­ри­бесін Орталық Азияда сәтті қолданып жатыр. Осылайша, ортақ тарихқа сүйеніп, ортақ болашаққа ұмтыл­ған Орталық Азия елдерінің инте­гра­циялық үдерістің жаңа бел­сен­ді кезеңіне қадам басты деп т­ү­йін­деуге толық негіз бар. Мұны ел Президенті «Орталық Азияның ренессансы» деп атады.

Бұл кезең бір қырынан ба­уырластық байланыстары мен беделінің артуымен сипатталса, екінші жағынан халықаралық жағдайдың тұрақсыздығы мен жаңа дағдарыс ошақтарының пайда болуымен ерекшеленеді. Ортақ мәдениет, экономикалық прагматизм және географиялық жақындыққа негізделген инте­грациялық үдеріс табиғи түрде Орталық Азияның халық­аралық аренадағы салмағын да арттырады. Бұл ретте әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы. Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Жалпы, «Орталық Азия плюс» форматындағы жаңа алаңда 11 саммит және жоғары деңгейде кездесу өтті. Соның ішінде Астанада өткен «Орталық Азия + РФ», «Орталық Азия + Еуропалық одақ басшылары», «Орталық Азия + Жапония» және «Орталық Азия + Германия» саммитін айрықша атап өтуге болады. Бесеудің бірлі­гіне бауырлас Әзербайжанның қызы­ғу­шы­лық танытуы Транскаспий дәлізі ар­қылы бұл кездесулердің мүм­кін­дігін ұлғайта түсті. Осы­лайша, ха­лықаралық ұйымдар мен өзге ел­дердің нәтижелі кездесу алаңы бол­ған «Орталық Азия плюс» форматы ұйымдық сипатқа айнала бастады.

 

Аймақтық парламентаралық дипломатия

Әлбетте, мәмілегерлік – жұмыл­ған жұдырықты ашатын, ашылған алақанды қауыштыратын, жатты таныстыратын, жақынды табыстыратын ізгі мамандық. Бұл ретте елдестіру – есе жібермей, есебін тауып, ел мүддесін түгендеу; араағайындық – ашуды ақылға жеңдіру, содырды салиқалы сөзге сендіру; ынтымақтасу – ықпалға жығылмай, ымыраға шақыру; бітімгерлік – білекке емес, білікке салу, бәтуаға келу өнері. Сондықтан толғаулы тілмен түйткіл түйінді тарқатып, жүректерге жол табатын дипломатия – шешендік пен шеберлікті талап ететін сала. Кейде дипломатияны мәдени, гумани­тарлық, ғылыми немесе халықтық дипломатия ретінде бөліп жатады. Осы ретте дипломатияның тағы бір ықпалды түрі – парламентаралық дипломатия.

Аймақтағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың нақты бір платформасы ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумын атап айтуға болады. Аталған форумды өткізу туралы шешім 2022 жылы шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері бас­шыларының Консультативтік кез­десуінде қа­был­­данған еді. Соған сәйкес Орта­лық Азия мемлекеттерінің бі­рін­­ші Парламентаралық форумы Түркістанда өткен. Форумға модераторлық еткен Мәулен Әшім­­баев Орталық Азия елдері ара­сындағы қарым-қатынасты арттыру үшін парламентаралық байланысты нығайтудың мәні аса зор екенін айтып, мемлекет басшы­лары ұйытқы болған тығыз ынтымақтастықты өкілді органдар тарапынан қолдап, әрі қарай дамытудың маңызына тоқталған еді. Алғашқы форум­ның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданып, онда экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңіс­тігін қалыптастыруға арналған парла­мент­аралық қаты­настарды одан әрі дамыту көкжиек­те­рі көрсетілді.

Қазақстан Парламенті Сена­­ты­ның осы игі бастамасын қол­даған Өзбекстан тарапы биыл аталған форумның екінші­сін ­тарихи Хиуа қаласында өткіз­ді. «Өңір­дің әлеуметтік-эконо­ми­­ка­лық да­муындағы Орталық Азия Парламенті мен өкілді билік органдарының рөлі» тақы­рыбына арналған Орталық Азия мемлекеттерінің II Парла­ментаралық форумына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламенті­нің делегациясы қатысты. Алқа­лы басқосудың сессияларында ынты­мақтастықтың түрлі саласы талқыланды. Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген Сенат төрағасы: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдеріміз арасында тиімді диалогті дамытуға және сындарлы өзара байланысты арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінгі кездесу бүкіл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдалана отырып, өзара диалогті нығайтуға ықпал ететіні анық. Былтыр ақпан айын­да Түркістанда өткен алғашқы форумнан кейін біз ынты­мақ­тастығымызды арттыру ісінде ай­тарлықтай жетістіктерге қол жет­­­­кіздік. Түркістан декларация­сы пар­­ламентаралық байланыстарды нығайтудың берік негізін қалап, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Соның аясында біз екіжақты сапарларды жандандырып, өңірдегі көпжақты өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іске қостық. Хиуадағы бүгінгі форум да парламентаралық ынты­мақтастықты нығайтуға тың серпін береді деп сенемін», деді.

Форум алаңында Мәулен Әшім­баев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Сұхбат кезінде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту, өнер­кәсіп, транзиттік-көлік инфра­құ­рылымы, сауда және энергетика саласындағы кооперациялық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шәкиевпен кездесті. Онда ортақ өзекті мәселелерге мән берілді. Спорт пен мәдениеттегі ортақ жетістіктер жайы сөз болды. Айта кету керек, Қазақстан және Қырғызстан парламенттерінің ұйытқы болуымен қазақ-қырғыз зиялылар форумы, жастар форумы сияқты түрлі деңгейдегі басқосулар жиі өтеді. Мұның өзі парламентаралық дипломатияның ауқымын көрсетсе керек.

 

Түйін

Жаһандық саясат аренасында ірі державалардың арасындағы бәсекенің белең алып бара жатқанын ескерсек, еншілес елдерімізге белгілі дәрежеде жауап­кер­шілік жүктеледі. Елдеріміз әртүрлі халықаралық экономикалық, мәдени-гу­ма­нитарлық ұйымдардың мүшесі болуы маңызды. Осындай халық­аралық ұйым­дардың шеңберінде іргелес жатқан, еншісі бөлінбеген Орталық Азия елдері ірі державалар арасында сенім мен диалогтің орнауына шешуші рөл атқара алады. Аймақ елдері тұтас кеңістік ретінде үйлесімді саясат жүргі­зе­тін болса, халықаралық қауіпсіздіктің кепілдігіне айналуы мүмкін. Сол үшін Қазақ­станның ұсынысы бойынша Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы дайындалды. Бұл ретте Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның сыртқы саясаты оның Үлкен Еуразияның кіндігінде, бейбітшілік белдеуінде, тоғыз жолдың торабында транзиттік хабқа айналу мақсатына қызмет етуге тиіс. Бұл орайда түрлі деңгейдегі кездесулер мен кеңестер, өзара тығыз байланыстар прагматикалық тұрғыда түбі ортақ ұйым­ға бастауы мүмкін. Етене араласқан елдеріміздің Мемлекет басшылары, үкімет­тер және парламенттер арасында нығайып, дами түскен Орталық Азия ынтымақтастығы бізді осындай үкілі үмітке жетелейді.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

сенатор, академик