Көгілдір сағымға оранған Көкшетау атырабы сен тұр, мен атайын дейтіндей өнерлі азаматтардың сайысына куә болып, көңіл демдеді. Жастардың бойында ер жігітке жарасар қасиет бар екен.
Бұл жолы облыстық әкімдіктің қолдауымен өткен аймақтық «Жігіт сұлтаны» байқауы Ақмола облысының – 85, Біржан салдың – 190, Балуан Шолақтың – 160, Рақымжан Қошқарбаев пен Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналды. Тағылымы мол шараны тамашалауға келген көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық Алаштың асып туған азаматтарының өмір жолынан өнеге алып, тіршіліктегі тәлімді істерін тағылым қылды десек, артықтығы жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар ауданынан келген өрімдей жастардың қатысуымен өткен байқау өте тартысты болды.
Екі кезеңнен тұратын «Жігіт сұлтаны» аймақтық байқауына қатысушылар Ұлы дала серілерінің бойындағы қасиеттерін паш етті. Кілең қақпақ жауырынды, өнері өрлеп тұрған, сайдың тасындай жастар көрермендерді тәнті етті. Байқау шарты бойынша бірінші кезеңде жігіттер өздерін көркем сөзбен кестелеп, өлеңмен өріп, таныстырып шықты. Арқаның дәстүрлі ән мектебінің шоқ жұлдыздары Біржан сал, Балуан Шолақтың әсем әндерін орындап, халықтың ән қазынасын жақұттай жарқыратып, көрсете білді. Екінші кезеңде жамбы ату, аударыспақ, гір көтеру, қазақ күресі тәрізді ұлттық спорттық сайыстарда да шеберліктің шыңына шыққан өрендер екенін әйгіледі.
Қазылар алқасының шешімі бойынша аймақтық «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдесіне астаналық Әли Ризабек лайықты деп танылды. Өзге аталымдар бойынша зеренділік Хамза Айдын, Егіндікөл ауданынан келген Тәттімбек Айбек, Санах Еркебұлан, Краснояр селосының өкілі Ысқақ Айбек марапатталды.
КӨКШЕТАУ