Орта ғасырда араб тілі – ғылым тілі, парсы тілі – поэзия, түркі тілі жауынгерлік тіл саналды. Осы бір үдерістен болар, түркі ақындары шығармаларын парсы тілінде жаза бастады. Алайда қалыптасқан қатаң қағидатты бұзып, түркі тілінің даңқын асырған алып ақындардың бірегейі – Мұхаммед Физули. Шандоз шайыр мұрасы бүгінге дейін түркі әлемінің еңсесін биіктетіп, руханиятына шам жағып келеді.
Елордада Әзербайжанның Қазақстандағы мәдени күндері аясында «Мұхаммед Физули. Ғазалдар, хасидалар – 530 өлең жолы» атты жинақтың таныстырылымы болып өтті. Іс-шараға екі елдің бір топ зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Тұсаукесер тізгінін қолға алған Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Ильхам Фахми Шығыс жұлдызының жырларын жатқа оқып, қонақтарға сөзден маржан шашты.
Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли қос халықтың рухани түбіріне үңіліп, мәдени байланысын атап өтті.
– Біз Әзербайжан мен Қазақстан бауырлас елдер дейміз. Бұл жай ғана сөз емес, екі елдің тамыры терең туыстығының дәлелі. Қос халықтың әдеби, мәдени ортақ дүниелері мол, солардың қатарында «Қорқыт ата кітабы», Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Жүсіп Баласағұни мен Имадеддин Насимидің философиялық еңбектерін айтуға болады. Ал түркі тілінің жер жүзіне танылуына үлес қосқан, Әзербайжан халқының классик ақыны Мұхаммед Физулидің бұл жинағын Түркі мәдениеті және мұрасы қоры шығарып отыр. Ақын мұрасын насихаттауда бұл еңбектің орны ерекше,– деді ол.
Әзербайжан Мәдениет министрінің кеңесшісі Олег Амирбеков өз сөзінде Мұхаммед Физули шығармашылығы хақында, екі елдің бауырластығын ерекше атап өтті. Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова жарыққа шығып отырған жинақтың маңызына тоқталды.
– Бүгінгі таңда ұйымымыз Түркі мәдениетінің мұраларын ілгерілету бойынша бірқатар жобаларды іске асырып жатыр. Түркі халықтарының бай мұрасы мен мәдениетін сақтау, қорғау және жаңғырту біздің қорымыздың басты миссиясы. Биылғы 25 қаңтарда Әзербайжан Республикасының президенті, аса құрметті Ильхам Гейдарұлы Әлиев Мұхамед Физулидің 530 жылдығын тойлау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл өз кезегінде Физулидің мұрасын насихаттау барысындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Рухани іс-шарада Әзербайжан актерлері Гусейнага Асланова мен Джалы Новруз шайырдың қазыналы жырынан үзінді оқып, көрермен жүрегіне мейірім мен үндестік дәнін екті.
Мұнан соң сөз алған белгілі әдебиеттанушы, қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов Абайдың Физули есімін Шығыс ақындарының ішінен алғашқы болып атап, медет тілегенін тілге тиек етті. Сонымен қатар тұңғыш классикалық проза Әзербайжанда ерте кезден қалыптасқаны мен қос халықтың мәдени бірлігі жөнінде айтты.
Шарада Н.Гәнжәуи атындағы Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының меңгерушісі Фарангиз Азизова «Түркі әлеміндегі Физули шығармашылығының мәніне» тоқталса, ақын кітабының кеңесшісі, әдебиеттанушы Дидар Құлкенов «Қазақстандағы Физули шығармашылығының танылуы» турасында жан-жақты баян етті.
Мәдени кеште Физули жырлары Әзербайжанның танымал аспабы мугам арқылы сазды әуенмен шырқалып, көрермендер ықыласына бөленді.