Сутегі атом бомбасын ойлап табушылардың бірі Андрей Сахаров кейін өз ісіне өзі өкініп, диссиденттік қозғалыстың көсеміне айналды. Ол кезде атом бомбасын жасағандар ерекше мәртебеге ие болған. Көбінің аты-жөні мемлекеттік құпияға айналған. Тоталитарлық қоғамда физиктер мемлекеттің ерекше ілтипат-құрметіне бөленеді. Лириктер болса қуғында болды. Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенскийлердің антисоветтік өлеңдері саяси бюроның шамына тие бастаған. Баспасөзде бұл ақындардың аты-жөнін атауға ЦК-ның арнайы рұқсаты керек болған...
Ғасыр адамы атанған Темірғали Көкетаев:
– Мен физик болғаныма өкінемін! – дейді.
– Неге?
– Қазағымның жоғын түгендей алмадым! Біз Американың үндістері секілді өз байлығы өзіне сор болған елге айналып барамыз. Қазақтың қазаққа жаны ашымайды. Абайдың кезіндегі қазақтан қара үзіп кеткен қазақ саусақпен санарлықтай.
Поляктарға қарашы? Парижде баяғыда дүниеден қайтқан Шопеннің жүрегін Варшаваның шіркеуіне әкеліп әспеттеп қойды! Ал біз не істеп жүрміз? Кене-сарының басы қайда? Біреуге есесін жіберген ел – ел емес! – деді де – Физикадан лирика мықты! – деп қалды. – Менен сен мықтысың!
Мен аң-таң қалдым...
Темірғали Көкетаевтың тұла бойы ұлттық рух. Күндіз-түні соны іздейді. Ол физикада жоқ екен... Жаңаарқаның белінен, Сарыарқаның елінен соны іздейді. Сонымен қайда барарын білмей, өл-өлгенше дағдарып кетті.
Ер еді есіл-дерті елдің қамы.
Осындай ғана шығар ердің нары.
Жоғары ұмтылғанда елдің бәрі,
Төр еді ол отырған жердің бәрі.
Ұлың да ертеңіне, қырың да алаң.
Айтушы ед соның шерлі жырын маған.
Ұмытып ұлы физик екенін де,
Бозторғай «Қазағым!» деп шырылдаған...
Білмеген оны әлемде жан қалмады,
Сүйсініп жер-жаһанның заңғарлары
Алашқа Эйнштейін келді-кетті
(Соны тек қазақ қана аңғармады...).
Қазағын іздеп қиян шолып, көкті,
Кеудесі мұң, налаға толып кетті.
Ұмытып Нюьтонды, соңғы кезде
Азалы Асан қайғы болып кетті.
«Хош!» дейін…
Жоқ қой басқа амалым да,
Жұртында көшкен елдің қаламын ба?
Қазақтың ұлы болмау қасірет қой –
Темірғали Көкетай заманында...
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ