• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 25 Қыркүйек, 2024

Қылмысты әшкерелеуге тұрғындар көмектеседі

94 рет
көрсетілді

Қоғамдық тәртіпті бақылау міндеті полицияға жүктелген. Алайда халық полицияға қолғабыс білдіріп, тәртіптің сақта­луына жәрдем берсе ғана полицияның жұмысы тиімді, қоғам­дағы тәртіп нық болады.

Біздің қоғамда бая­ғы­да қалыптасқан «то­қылдақ» дей­тін теріс түсініктің әсерімен құ­қық бұзу­шы­ны полицияға көр­сет­кен­ді ар санайтын әдеттің бар екені рас. Ал санасы жетілген, ақыл-ойы жоғары, дамыған, экономикасы қарыштаған Германия сияқты мемлекеттерде адамдар қылмыскерді әшкерелеуге, қо­ғам­дық тәр­тіпті, соның ішін­де жол тәртібін бұзушыны по­ли­цияға көрсетуге құштар екен. Со­ның нәтижесінде елде тәртіп күш­ті болатынына олар­дың көзі жеткен. Ал тәртіп күшті бол­са, бұл адамдардың бәріне пай­да­лы.

Біздің елімізде де кейінгі жылдары халықтың қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіптің сақталуына деген мүдделілік көрініп келеді. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына қатысқан жастар өздері жинап, тазалаған соң көшелердің, алаңдардың ластанбауына, орын­сыз қоқыс тасталмауына бас­қалардың көңілін аудартатын болыпты. Жақында орталық алаң­дардың бірінде мектеп жа­сындағы еркелеу баланың бал­мұз­дақтың қағазын жерге тас­тай салғанына ағасы қатты ашула­нып, ақыры қағазды қоқыс жә­ші­гіне тастатқан көрі­нісіне куә болдық. Мұндай әрекетті қазір Петропавл қала­сы­ның кө­ше­лерінен жиі байқауға бо­ла­­ды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақ­стан: заң мен тәртіп, эконо­ми­калық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Аза­мат­тардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құн­дылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бас­­тады. Бір сөзбен айтсақ, Әді­летті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сон­дықтан біз алған бетімізден қайт­паймыз, бағытымыздан тай­­маймыз. Бүгін біз алға қой­ған жоспарымызды п­ы­сық­тап, мақсаттарымызды айқын­дай­мыз», деді. Осыны іс жүзін­де, күн­де­лікті өмірде көре баста­ға­нымыз көңіл көншітеді.

Жуырда 63 жастағы зейнеткер әйел алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Алаяқтың арбауына алданған ол депозитін­дегі 3 млн теңгесін алып, өзін күш құрылымдарының бі­рінен хабарласып тұрмын деп т­аныстырған алаяқтың көр­сет­кен шотына салмақ болып бара жатады. Жолда модульде ке­­­зек­шілікте отыр­ған патруль­­дік полиция батальонының инспекторы Алмат Мұхаметқалиевке жолығып, «Банктегі шотыма алаяқтар күмәнді операция жасағалы жатыр екен, сон­дық­тан депозитімді бас­қа банкке ауыстырғалы бара жа­тыр­мын» деп сол банктің ме­кен­­жайын сұрайды. Егер осы жерде полиция инспекторы бұл менің жұмысым емес деп немқұрайдылық көрсеткенде, қария барлық жиған-тергені­нен айырылып қалар еді. Бірақ мәселенің мәнісін бірден ұққан Алмат зейнеткерге барлық мәселені асықпай түсіндіріп, алаяқ көрсеткен шотқа ақша салмау керектігін айтып, қыл­мыстың алдын алады. Тіпті зей­неткерді жақын жердегі банк филиалына апарып кеңесші-консультантқа жаңа депозиттік есепшот аштырып, қаражатын қорғап қалады. Міне, бұл да – азаматтарымыздың бойына жаңа құндылықтар орнап келе жатқанының көрінісі. «Іздеген банкыңыз мына жерде» деп сілтей салмай, оны үлкен қатерден алып қалу – жақсылық.

Кейінгі кездері есірткі таратушылар мен қолданушыларға қар­сы күрес те жандана түсті. Бұл да – полицияға тұр­­ғын­дардың көмек қолын соз­ға­ны­ның арқасында болып жатқан жетістік. ПД баспасөз қызметінің қызметкері Игорь Мерцалов­тың хабарлауына қарағанда, жуырда Жамбыл облысының Петропавлға келген бір тұрғы­ны­ның жалдаған пәтерінен 160 грамм «мефедрон» және «α-PvP» синтетикалық есірткісі, элек­тронды таразы, буып-түю мате­риалдары табылған. Ал күдіктінің өзі есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайлары айтылған жазбаларды (мұндайларды граффити дейді) таратып жүргенін сол маңдағы бір кәсіпкер көрсеткен. Жергілікті кәсіпкер полицейлерге жүгініп, оның дүкенінің сыртқы бейнекамерасы есірткі граффитиін салу үдерісін түсі­ріп алғанын айтқан. Осы жазба арқылы күдікті ұсталған. Оның айтуынша, жақында ғана Петропавлға келіп, 40-қа жуық граффити жасап үлгерген.

«Қазір жас жігіт қамауға алынды. Оның ісі есірткіні заң­сыз жарнамалау мен насихаттау, сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сатты деген заң бабы­мен тергеліп жатыр», деді Сол­түстік Қазақстан облысы по­лиция департаменті басты­ғы­ның орынбасары, поли­ция пол­ков­­нигі Асқар Мұха­мет­қа­лиев.

Сондай-ақ жуырда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті қызметкерлерінің назарына 36 жастағы Астана қаласының тұрғыны мен 46 жас­­тағы қарағандылық іліккен. Қолда бар ақпарат бойынша олар Петропавлға синтетика­лық есірткі тарату мақсатымен кел­ген. Бұлар да – жергілікті тұрғындардың көмегімен күдік­ке ілінгендер. Олардың барлық әрекетінен хабардар болған жергілікті тұрғын күдіктілер синтетикалық есірткіні Алматы облысындағы жалдамалы пә­тер­де жасайтынын ескерткен. Петро­павлдың жедел уәкілдері қызметтік іссапарға шығып, Алматы түбіндегі синтетикалық есірткі даярлайтын зертхананы анықтады. Онда барлық қажетті жабдықтар мен 90 кило прекурсорлар табылған.

«Алдын ала мәліметтер бо­­йынша зертхана 18 килоға жуық есірткі өнім шығаруға тиіс болған», деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл бас­қар­масының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сапаров.

Қазір күдіктілер Петропавл қаласында қамауда отыр. Олар 15 жылға дейін бас бос­тан­ды­­­ғынан айырылуы мүмкін. Бұл қылмыс та жанашыр тұр­­ғын­дардың ескертуімен әшке­реленіп отыр.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының ПД есірткіге қарсы күрес жұмысы жақсы жолға қойылған. Таратушылар неше түрлі қитұрқы әдіске бар­ға­нымен, ізшілдер де олардың орайын тауып жатыр.

Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі облыс болғандықтан солтүстікте көші-қон сала­сын­дағы заң бұзушылық мәселесі де күрделі. Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқару­шы, полиция подполковнигі Ермек Нұсырбаев жыл басынан бері облыс аумағында елімізде болу ережелерін бұзғаны үшін 957 шетелдік әкімшілік жауап­кершілікке тартылғанын айтты. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 50 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылыпты. 8 айдағы жұмысты қорытындылаған отырыста Солтүстік Қазақстан полиция­сы­ның басшысы Айдын Қаб­дұл­динов басшы құрамға шетел­дік­терді жіті тексеруді жеке бақылауына алуға тапсырды.

Осы отырыста пробациялық бақылауда тұрған адамдар жасайтын қылмыстардың алдын алуға да ерекше назар аударылды. А.Қабдұлдинов аумақтық бөлімшелердің бастықтарына қоғамнан оқшаулаусыз соттал­ған адамдарды тексеруді жеке ба­қылауға алуды, қасақана бұзу­ш­ы­­­­лықтар болған жағдайда шарт­­ты жазаны нақты жазаға ауыс­­тыру үшін заңда көзделген ша­ра­­ларды батыл қабылдау ке­рек­­тігін айтты.

Әрине, жол-көлік оқиғалары мен интернет алаяқтықтың үдеп тұр­ғаны рас. Полицияның отырысында бұл мәселелерге жіті мән берілді. Қай мәселеге болсын тұрғындар қырағылығын пай­далану әрі мұны жетілдіре түсу заң бұзушылыққа қарсы іс-қи­мыл­дың нәтижелілігін арттырады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы