• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Қыркүйек, 2024

Әр азамат таңдау жасауға тиіс

60 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова АЭС салу тақырыбына орай қалалық штаб мүшелерімен бірге Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің және Ж.Тәшенов университетінің жас ғалым­дарымен, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Кездесуге қатысушылар атом энерге­тика­сын дамытудың келешегін, оның ел­дің энергетикалық қауіпсіздігін қам­тама­сыз етудегі маңызын талқылады. Сена­тор­лар елімізде АЭС салу атом индус­триясы мен жалпы экономиканы дамытуда жаңа мүм­кіндіктер ашатынын атап өтті. 1000 МВт станса өндіріс шығарындысын 4 млн тон­наға қысқартуға мүмкіндік береді, бұл экология үшін аса маңызды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашады әрі 60 жылдан аса уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді.

Н.Жүсіп ел дамуында шешуші рөл атқаратын жалпыұлттық референдум өткізудің маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жолдауында 100-ге жуық бастама мен ұсыныстар, тапсырмалар қамтылды. Алайда қоғамда ұзақ талқыланған атом электр стансасының құрылысы бойынша референдумның күнін жариялау маңызды болды. Референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Әділетті Қазақстан идеясын іске асырудағы маңызды қадам болады. Ол мәселені түпкілікті шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл – біздің еліміздің болашағын ондаған жылдарға белгілеудің нақты мүмкіндігі. Әрқайсымыздың таңдауымыз болашақ ұрпақ үшін маңызды», деді Н.Жүсіп.

Өз кезегінде Н.Бекназаров еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі жөнінде сөз қозғады.

«Импорт есебінен жабылатын электр энергиясының тапшылығы ел алдына энер­гетикалық базаны нығайту міндетін қойып отыр. Қазақстанның энергетика­лық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС құрылысы маңызды қадамға айналды. Өйткені біз электр энергиясының жетіс­пейтін бір бөлігін шетелден аламыз. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне әсер етеді және бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қажет. АЭС салу мен пайдалану энергетика секторына ғана емес, ғылымға, техникаға және жалпы өнеркәсіпке де айтарлықтай пайда әкеледі», деді Н.Бекназаров.

А.Қапбарова атом стансасының қауіп­сіздігі және азаматтар арасында кең таралған радиофобия мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талабына сәйкес келетін және авария­лар қаупін барынша азайтатын озық технологияны пайдаланатын жаңа буындағы атом электр стансасының құрылысы қаралып жатқанын атап өтті. Мұндай реакторлар белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерін біріктіріп, стансаның кез келген әсерге тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі заманғы үшінші буындағы атом электр стансаларында ауыр апаттың ықтималдығы 10 миллион жылға бір апат мүмкіндігі болып саналады. Стансаның 40%-ға дейінгі құны радиоактивті заттардың ағып кетуіне жол бермейтін қауіпсіздік жүйесіне жұмсалады.

Сондай-ақ кездесуге қатысушылар атом энергетикасына мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру, экологиялық тәуекелдердің алдын алу шаралары, атом және молекулалық физика саласындағы ғылымды дамыту мәселелерін талқылады.