Әлем елдері атом энергетикасына бет бұрып жатыр. Көрші Өзбекстан да бір шешімге келіп, ресейлік технологиямен атом электр стансасын салатын болды. Себебі қажетті энергиясының 80 пайыздан астамын газдан өндіріп отырған көрші ел газ тапшылығына ұрынған соң, ең сенімді әрі қауіпсіз энергия көзі ретінде АЭС-ті таңдады.
Осыдан екі жыл бұрын көгілдір отынның түбі көріне бастаған Өзбекстан қазір Ресейден газ импорттап, оны жағып, энергияға айналдырып отыр. Баға болжаусыз қымбаттай беретін секілді. Өзінде әжептәуір уран қоры бар ел АЭС салып қамданбаса, алдағы 25 жылда энергияға деген қажеттілігі 2 есе артатын көрінеді. Олар сол мұқтаждықты болдырмау үшін атом энергиясын игеруге кіріспек.
Жақында Ереванда өткен дүниежүзілік армяндар саммиті барысында Армения Премьер-министрі Никол Пашинян да атом электр стансасы бойынша стратегиялық шешім қабылданғанын жариялады. Оның айтуынша, жаңа АЭС құрылысы елдің энергетика саласындағы маңызды жобалардың бірі болады.
Армения билігі модульдік станса салуды қарастырып отыр. Қазір әлемде жұмыс істеп тұрған модульдік атом электр стансасы жоқ. Дегенмен аяқталудың әртүрлі кезеңінде тұрған бірнеше жоба бар. Бұл салада АҚШ үлкен жетістіктерге ие. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстарды Франция, ал соңғы уақытта Ресей мен Оңтүстік Корея да ілгерілете бастады.
Биыл 1 тамызда Армения Үкіметінің шешімімен жаңа атом электр стансасының құрылысы үшін жеке кәсіпорын құрылды. Жобаның негіздемесін дайындап, ел Үкіметінің мақұлдауын алған компания халықаралық серіктестермен келіссөз жүргізіп, жаңа АЭС құрылысын дайындау және қаржыландыруға қатысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуі керек.