• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қыркүйек, 2024

Желідегі қауіпті контентке тосқауыл қою керек - депутат

87 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясы жетекшісінің орынбасары Жұлдыз Сүлейменова желіде қауіпті контент көбейгенін, бұған шұғыл түрде тосқауыл қою керек екенін айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Соңғы күндері балаларымыздың өз-өзіне қол жұмсау фактілері қоғамның қатты алаңдаушылығын тудырып отыр. Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан өрендерімізден айырылдық.

Иә, ресми тергеу басталды. Бірақ қазірдің өзінде мұның бәрі нақты орындаушысы бар қылмыс, кісі өлтіру деп айтуға болады. Айуандықпен қылмыс жасағандарды, яғни арандатушыларды анықтап, заңды түрде жазаға тартуды құқық қорғау органдары қажет болса халықаралық іздеу жариялап, орындайды деп үміттенемін», деп жазды депутат Facebook желісінде.

Депутаттың пікірінше, аталған қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екенін жалтақтамай айту қажет. Олар санасы әлі қатпаған жеткіншектердің психикасына теріс әсер ететін құралға айналды. Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалып жатыр.

«Сонымен қатар әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отыр. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды. Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді», дейді жазба иесі.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әрбір ата-ана аталған мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларымен көбірек тілдесулері керек. Ал құзырлы органдар мен жауапты министрлік мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс алгоритмдерін өзгертуі тиіс. Олар балалардың мінез-құлқындағы және жүріс-тұрысындағы белгілерді уақтылы анықтауда тиімді құрал болуы керек.

«Бірақ, ең бастысы, мұны мен ұстаз ретінде, ана ретінде, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі керек деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиянды, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемелерге бақылауды оқыс күшейтуді қатаң талап ету керек», деп жазды мәжілісмен.

Фракция жетекшісінің орынбасары құзырлы органдар мен жауапты мекемелер «меморганнан құқықтық тұрғыдан негізделген талап-арыз күтіп отырмыз» деп сылтауратпай, қауіпті контенттің таралуына жол бермеу үшін өздерінің жұмыс алгоритмдерін өзгертулері тиіс.

«Егер мұндай талап орындалмайтын болса, онда мемлекет бақылауды күшейтсін. Барлық қауіпті контентке қатаң тосқауыл қойылсын. Ал жекелеген контентке тосқауыл қоюға қол жеткізу мүмкін болмайтын болса, онда нақты заң бұзған әлеуметтік желі немесе мессенджер бұғатталуы керек. Біздің балаларымыздың өміріне қауіп төніп тұрғанда ешқандай мәймөңкеге жол беруге болмайды. Мен мұны ана ретінде, педагог ретінде айтып отырмын. Барлық ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық мені толықтай қолдайды деп білемін. Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселеде жайбасарлыққа жол беруге болмайды, дереу іске кірісу керек!» деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.

Соңғы жаңалықтар