• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Көрме 26 Қыркүйек, 2024

Зергер соққан дүние...

100 рет
көрсетілді

Қолөнершілер одағының мүшесі, белгілі зергер, сәндік-қолданбалы өнердің танымал өкілі Серікқали Көкенов – зергерлік өнердегі көне әдіс-тәсілдерді қайта жаңғыртып, заманына қарай дем беретін дарын иесі. Оның туындыларында біздің дәуірімізге дейінгі ІV-III ғасырларда қазақ жерінде кеңінен қолданылған бүртіктеу және сіркелеу сынды көне әдістер басым.

Ел ішінде сіркелеу деген атпен белгілі, негізінен, Орталық және Батыс Қазақстан өңірлерінде қонданылатын, әшекей бұйымдардың бетіне нүкте тәрізді бедер, ою түсіру тәсілі асқан ептілікті қажет етеді. Зергер туындыларында елі­міздің аумағында өңделетін асыл тас­тар­ды қолдану арқылы тақырыптық бұйым­дар жасауда шебердің ізденісі сар­қылмаған. Ол туындыларына маржан, жақұт, көгілдір асыл тастар, тау кристалдары және тағы басқа бағалы ­тастарды пайдаланады.

Жақында Ә.Қастеев атындағы мемле­кеттік өнер музейінде қолөнершінің «Жаң­ғырту» атты жеке көрмесі ашылып, зергер шығармашылығында соңғы жылдары дүниеге келген сәтті туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда 150-ден астам зергерлік бұйым, 6 панно және 10 мүсін туындысы таныстырылды. Дәстүрлі әшекей бұйым­дардың дені жиынтықты бүртіктеу және сіркелеу әдістерімен орындалған. Ал қалған жұмыстарында қазақ елінің көрікті жерлері сипатталып, ұлттық құнды­лық­тары баяндалады. Әр бұйымның жасалу әдіс-тәсілдері ұқсас болғанымен, пішін­дері мен тақырыптық мағыналары бөлек.  Сипаты бөлек әшекейлердің бір­неше тү­рін шеберлікпен үйлестіріп жаса­ған шы­ғармалары – көркем ізденістің нәтижесі.

Көрме жетекшісі, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі «Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері Ақжігіт Нүсіп талантты қолөнершінің дара қолтаң­басы, туындыларының маңызы туралы көпшілікке әңгімелеп берді.

– «Шилі өзен», «Қалыңдық», «Таңбалы тас», «Бақсы», «Арал», «Жарылыс», «Төр­теу», «Көлсай» сынды  ерекше жұ­мыстарынан тақырып пен техниканың үйлесімі байқалады. Мысалы, «Көлсай» білезігінің сақинасы ұлттық нақышта, ал көзі көлдің түсіндей тұнық тау кристалынан түзілген, айналасындағы сымдар дәл сол Көлсай көлін қоршаған қалың жынысты орманға ұқсайды. Тағы бір ерекше туындысы – «Таңбалы тас» деп аталатын алқа. Үш бөліктен тұрады. Алқаның жоғарғы бөлігі шеңберлі күн адамның образына ұқсайды. Ортасындағы жартас қабырға суреті жан дүниеңе үңіліп тұрған ата-баба көзіне де келеді. Алқаның ортаңғы бөлігінде күмістен шаңырақ немесе арба дөңгелегі секілді шеңберлі пішін білінеді. Шаңырақ – тәуелсіздіктің белгісі, ал арба дөңгелегі – көне дәуірлерге мәдениет таратқан өркениет рәмізі. Дәл ортасында көк аспандай перуза тасы орнатылған. Зергер композицияны қосымша металмен және сүйекті салпыншақтармен толықтырған. Зергерлік әдіспен тақырыпты ашып сипаттау аса шеберлік пен терең білімді қажет етеді. Табиғатта мыңның біріне таңдап барып қонатын сирек өнерді сезімталдықпен меңгерген Серіққали Көкеновтің туындыларына тіл бітсе, айтар ойын ділмәрдің қасиетімен жырлап берер еді, – дейді.

Серікқали Байғалиұлының дербес көр­месі ұлттық құндылықты айрықша қас­терлейтінін, осы қасиет-қарымы бағалы тас­тардың бәсін арттырып, оның дәстүрлі зер­герлік мектептің негізгі мұрагерлерінің біріне айналғанын дәлелдейді. Сиқырлы сау­сағымен тастың өзегіне тыныс берген ол, дәстүрлі өнердің даралығын айшық­тап, көрмеге келген әр адамды өзек­ті тақырыптарда диалог құруға ша­қырды. Шеберлікті бағалайтындарға шығар­машылығының сұлулығын сезіндірді...

 

АЛМАТЫ