Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастауымен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабының мүшелері Абай облысына келді. Олар ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен, білім беру саласының мамандарымен және коммуналдық қызметтер саласындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Жиындарда АЭС салуға қатысты референдумға орай экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
М.Әшімбаев өз сөзінде қазіргі таңда бүкіл әлем климаттың өзгеруінен және экологияның нашарлауынан туындайтын проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Биыл Қазақстанда болған су тасқыны да климаттың өзгеруінің бір салдары екені айтылды. Бұл жағдайда экологияға тигізетін салдарды азайтатын және энергияға зиян келтірмейтін тиімді шешімдер қажет екені сөз болды.
Штаб мүшелері «Приречное агрофирмасы» ЖШС-нің базасында облыстағы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен жүздесті. Бұған қоса «Эйкос» ЖШС-ның кәсіпкерлерімен және қызметкерлерімен, сондай-ақ коммуналдық сектор кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді кеңінен талқылады. Қатысушылар аталған проблемалардың маңызына назар аударып, елімізде қалыптасқан экологиялық түйткілдер мен энергия тапшылығына қатысты мәселені жүйелі шешу қажет екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткендей, 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруіне байланысты қиындықтарға тап болып отыр. Күн сайын ауа райы өзгеріп жатыр. Қоршаған ортаның ахуалын да бәріміз көріп отырмыз. Биыл Қазақстанда болған алапат су тасқыны да – сондай өзгерістердің салдары. Мұндай жағдайда экологияға тигізетін салдарды азайтатын және энергияға зиян келтірмейтін тиімді шешімдер қажет», деді палата спикері.
Сонымен қатар кездесулер барысында экологиялық қауіпсіздік мәселесін шешу кешенді тәсілді және мүдделі тараптардың қатысуын талап ететіні аталып өтті. Өйткені бұл сала барлық маңызды бағытпен тығыз байланысты. Осы орайда ғылымға бағдарланған тәсілге және қазіргі әлемдік тәжірибені зерделеуге ерекше назар аударған жөн. Атап айтқанда, бұл істе жаңа технологияларды зерделеу және өндіріске инновацияны енгізу қажет. Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өткен кездесуде білім беру саласының өкілдері аталған ұстанымды қолдайтынын білдірді.