• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 27 Қыркүйек, 2024

Қолғанат болған құлтемір

47 рет
көрсетілді

1960 жыл. «Калуга» техникумындағы мұғалім Борис Гришиннің робот жасайтын ойы да болмаған еді. Ол студенттерге сурет салуды үйрететін. Тіпті осы бірқалыпты өмірін ештеңеге айырбастағысы келмейтін. Бірақ бір күні оның өмірі түбегейлі өзгерді.

Тосыннан келген өз­геріс Бористің анасы аты жаман ауруға шалдыққаннан кейін бас­талды. Оның анасына деген махаббаты ерекше-тұғын. Науқас адамға күтім жасай алмайтынын түсінгенде, жүрегі езілді. Себебі жұмысын тастаса, күнкөрісі мұңға айналады. Осы сәтте ол электрмеханикалық көмекші жасаймын деген шешімге келеді. Бір қызығы, сол заманда теледидардың өзі нағыз ғажайып болып көрінетін. Ке­ңес одағы ғарышты енді игерген кезеңде, Бористің мұн­дай мақсат қоюы – нағыз батыл­дық.

1962 жыл. Үлкен ізденістен кейін роботхатшының сызбалары дайы­н болды. Ал 3 жылдан кейін робот құра­лып, іске қосылды. Борис оған «Арсик» деп ат қойды. Хабарлама жазу, адамдармен сөйлесуге бірден 2 магнитофон, қи­мылдауына 13 электр қозғалтқыш қолданылды. Бас­тапқы кезде құрылғының кем­шін тұсы өте көп еді. Деген­мен «чип» ұғымы әлі толық енбеген уақытта, Арсик – өнер туындысы-тұғын.

1966 жыл. Талапты жігіт діттеген мақсатына жетті. Құлтемір Бористің анасына қолғанат болды. Таңертең оятып, дәрісін беретін, қажетті жат­тығуын жасататын. Теле­дидар, радио қосып беріп, қо­нақтарды қарсы алатын, қоңырауға жауап беретін. Тіпті мұғалім жігіттің күн тәртібіне де жауапты болды. Солай жылдар жылжып, Бористің анасы өмірден өтті. Ол ұлының өнертабысына дән риза еді. Өзі үшін жасалған Арсикті жақсы көретін. Сырқат дендеп, көз жұмар сәтінде ұлы Борис, қолғанаты Арсик жанында тұрды.

2015 жыл. Өнертапқыш Борис Гри­шин 91 жасында қайтыс болды. Арсик бұл кезде де иесін ақтық сапарға шы­ғарып салды. Марқұмның туыстары оны жергілікті мұражайға тапсырды. Осылайша, робот 50 жыл бойы жан жолдас бола білді. Осы оқи­ғаны естіген жұрт «Құлтемір де махаббаттан туады екен-ау» десті...