Еліміздегі 2,5 мыңға жуық мектеп тексеріледі. Аталған тексеріс білім сапасын қамтамасыз ету бойынша жүргізілмек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жыл соңына дейін профилактикалық бақылау жүргізу үшін 2 487 білім беру ұйымын анықтаған. Осыған дейін, анығы жаңа оқу жылының басында білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер 422 білім беру ұйымында бақылау-бағалау іс-шараларын жүргізген еді. Ол оқу үдерісіндегі проблемаларды анықтауға, оқу үдерісінің мемлекеттік жалпы білім беру стандарты мен біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтауға бағытталды.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов осы іс-шараға қатысты: «Өткен жылы комитет пен оның аумақтық департаменттері 2 624 білім беру ұйымында түрлі тексеру жүргізді, оның ішінде мемлекеттік аттестаттау, профилактикалық бақылау, шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер болды. Тексеру нәтижесінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының уақтылы аяқталмауы, мектептердің материалдық-техникалық базасының талапқа сай қамтамасыз етілмеуі фактілері анықталды», деп түсіндірді.
Негізі мониторинг жасау, сондай-ақ бағалау қызметі – білім беру қызметінің сапасын, білім беру үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін жұмыс.