• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Жоба 27 Қыркүйек, 2024

Кітап оқуға үндейтін жоба

100 рет
көрсетілді

Қоғамда кітап оқуды насихаттау, оқырман жастар қатарын көбейту мақсатында «Аmanat» партиясы мен Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы бірлесіп, республика көлемінде «Кітап-Amanat» кітап сауда желісін дамытып жатыр. Еліміздің бірқатар облысы мен ірі қаласында «Аmanat» партиясының кеңселік ғимараттары жанынан ашылған «Кітап-Amanat» дүкендеріндегі әртүрлі мазұндағы әдебиеттер, ғылыми-танымдық басылымдар кітапсүйер қауым үшін қолжетімді.

Жақында халық­ара­лық ынтымақ­тас­тық пен руха­ни мәдениетті дамытуға бағыт­талған Еуразиялық кітап дү­кендер желісі арасында өткізіліп тұратын дәстүрлі байқауда «Кітап-Amanat» жобасы жеңімпаз атанып, ТМД елдері атқару комитетінің құрмет грамотасына ие болды. Ұйымдастырушылар бұл жобаның науқандық іс-шара емес, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей қызмет ететін және қазақ тілін­дегі контент аясын кеңейтуге ба­ғытталған ауқымды жоба екенін  айтады.

«Халқымыздың әдеби мұ­расын кеңінен насихаттап, жас­тардың білімге, кітапқа де­ген қызығушылығын арттыру, ұлттық руханиятты жаң­ғырту мақсатында қолға алын­ған «Кітап-Amanat» жобасы кітап сататын орындар санын арттыруға ғана емес, мәдениет пен білімнің ошағы, интеллектуалдық орталықтардың көбеюіне ықпал етері сөзсіз.  Қоғам дамыған сайын, жаңа технологиялар мен электронды ресурстар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Осы орайда кітап дүкендерін насихаттауда, дамытуда жаңа заман технологияларын да тиімді пайдалана отырып, «Кітап-Amanat» жобасы арқылы кітап тарату желісін дамытпақшымыз» дейді Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоцациясының президенті Әділ Қойтанов.

Кітап оқу танымға, ізденіске деген құлшынысты оятуымен ерекшеленсе керек-ті. Ұйымдастырушылар «Кітап-Amanat» сауда нүктесі ғана емес, кітапсүйерлер клубына айналдыруды көздейді. Жоба аясында ұлттық һәм әлемдік әдебиетке деген қызығушылықты арттырып, қоғамды кітап оқуға ынталандыру, отандық авторларды қолдай отырып, аймақтағы ақын-жазушылармен түрлі форматтағы кездесулер, жаңа кітаптардың тұсаукесерін өткізу қолға алынған.

Соңғы жылдары елімізде газет-журнал, кітап сататын дүң­гіршектердің тұрақты жұ­мыс істемеуі, тіпті жабылып қалуы да оқырмандарды алаң­датады. Осыған орай қазақ тілін­дегі газет-журналдарды да осы дүкендер желісі арқылы саты­лымға шығару көзделіп отыр.

Бүгінде «Кітап-Amanat» кі­тап дүкендері әлеуметтік желі­де де кеңінен насихатталып жатыр. Арнайы сайты, іnstagram және facebook платформаларында парақшасы бар. Оқыр­мандар осы платформалар арқылы келіп түскен жаңа кітап­тар, әртүрлі байқаулар, жеңілдіктер, кездесулер мен конференциялар, тағы да басқа іс-шаралар туралы хабардар болып отырады.

 

АЛМАТЫ