• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қыркүйек, 2024

Global Innovation Index-2024: Қазақстан – Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшылары үштігінде

131 рет
көрсетілді

Кеше Женевада беделді халықаралық рейтинг – Global Innovation Index-2024-тің нәтижелері жарияланды. Жыл сайын өтетін бұл іс-шара биыл 17-рет ұйымдастырылып отыр.

2007 жылдан бастап Global Innovation Index (WIPO) 133 елдің көрсеткіштерін 80 бағыт бойынша бағалап келеді. Бұл жерде экономика мен өндірістің өсуіне инновациялардың ықпалын қарастырады. Рейтинг осы саладағы жаңа стратегияларды әзірлеудің маңызды индикаторы ретінде қызмет етеді. Рейтингте жоғары кө­рсет­кішке ие болу іске асырылып жат­қан мемлекеттік реформалардың халық­аралық деңгейде бағаланғанын көрсете­ді. Сондай-ақ әлемдік аренадағы беделді жақсартуға және Қазақстанға тікелей инвестициялар тартуға ықпал етеді.

Салтанатты рәсімге Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) бас директоры Даррен Танг, Global Innovation Index бірлескен редакторы Сача Вунч Винсент, мемлекеттер және үкіметтер басшылары, соның ішінде Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Барбадос Премьер-министрі Миа Амор Моттли, Вьетнам Социалистік Республикасының Премьер-министрі Фам Мин Чин, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.

Қазақстан сапалы өсім көрсетіп, жаһандық рейтингте 81-орыннан 78-орынға көтеріліп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшылары үштігіне енді. «Мемлекет­тік басқарудың тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA шкаласы», «Нарықтың дамуы», «Бизнесті жүргізу», «Тікелей инвестициялардың таза ағыны, ІЖӨ %» көрсеткіштері бойынша ілгерілеу байқалады.

Рейтингтегі ең үлкен өсім «Креативті тауарлар мен қызмет­тер» көрсеткіштерінде болды. Бұл жерде 93-орыннан 65-орынға, «Ұлттық көркем фильмдер/млн адам» 61-орыннан 31-орынға, «Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам» 115-тен 80-ге дейінгі сатылардан көрінді.

Рейтинг редакторлары Қазақ­станның мына индикаторлармен әлемнің үздік 30 еліне кіргенін ерекше атап өтті:

«Онлайн үкімет» – 8-орын, «Шығу тегі бойынша пайдалы модель­дер/млрд. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ІЖӨ» – 10-орын, «Электрондық қатысу» – 15-орын, «Оқушылар мен мұғалімдердің арақатынасы, орта білім» – 16-орын, «Еңбек өнімділігінің өсуі, %» – 30-орын.

Global Innovation Index-те Қазақстанның рейтингін арт­тыруға Мемлекет басшысының ғылым және инновациялар мәсе­лелері жөніндегі кеңесшісі К.Закарияның басшылығымен мүдделі мемлекет­тік органдар сапынан Президент Әкімшілігі жанындағы Жобалау офисінің жұмысы ықпал етті.

2024 жылдың 4 қазанында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) қолдауымен елімізде алғаш рет Азия ел­дері үшін Global Innovation Index 2024 есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтеді. Іс-шараға Азия елдері­нің инновация министрлері мен патенттік ведомстволарының басшылары, сондай-ақ дипло­ма­тиялық корпустың, халықаралық ұйым­дардың және мүдделі үкімет­тік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (UN WIPO) – Бірік­­кен Ұлттар Ұйымының 15 маман­дандырылған мекемесінің бірі. Оның қызметі шығарма­шы­лық қыз­метті ынталандыруға және зияткерлік меншікті (IP) халық­ара­лық қорғауға ықпал етуге бағыт­т­алған. WIPO тауар белгілері мен патенттерді халықаралық тіркеуді жеңілдетеді.

Жаһандық инновациялық индекс – инновациялардың елдердің дамуына әсерін анық­тау бойынша әлем елдерінің ауқым­ды эконо­микалық зерт­теуі. Халықаралық рейтинг 2007 жыл­дан бері 80 түрлі көрсеткіштен әлемнің 133 елін баға­лай­ды. Бұл индекстің өсуінің маңыз­дылығы оны Қытай, Сингапур, БАӘ, Түркия, т.б. елдердің үкіметтік стратегияларына енгізу арқылы анықталады.