АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабының мүшелері Маңғыстау облысында болды. Мұнда олар мұнайшылармен, өңір халқымен кездесулер өткізіп, Сенек ауылының тұрғындарымен аймақты дамыту бағытын талқылады.
Ақтауда Халық штабы мүшелері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен жүздесті. Іс-шараға 150-ден аса адам қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы еңбек адамына айрықша басымдық беретіні, олардың арасында ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мұнай-газ саласының қызметкерлері ойып тұрып орын алатыны ерекше аталып өтті.
Сонымен қатар штаб мүшелері Президент бастамасымен Конституцияға түзетулер енгізілгенін, соған сәйкес жер мен оның қойнауындағы қазба байлық халыққа тиесілі екенін еске салды. Парламент депутаттары жер қойнауын пайдалану туралы жаңа заң қабылданғанын атап өтті. Енді елімізде жаңадан ашылған барлық ірі кен орны ұлттық компаниялардың 50% және одан жоғары үлесімен игерілуге тиіс. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы компаниялар енді қазба байлығы азайып бара жатқан кен орындарында жұмыс жүргізуді жалғастыруға немесе орналасқан аймақты дамытуға қаражат құюға міндетті. Соның нәтижесінде «ӨзенМұнайГаз» және «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларында мыңдаған жұмыс орны сақталады.
«Президент биылғы Жолдауында АЭС салу бойынша таңдауды халықтың өзі жасауға тиіс екенін баса айтты. Бұл – Мемлекет басшысының бұлжымас ұстанымы. Қазір елдегі ең маңызды шешімдердің барлығы да халықтың талқысына салынады. Бұл қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Әр азамат ел тағдыры алдындағы жауапкершілікті сезінуі қажет», деді Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Сонымен қатар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабы мүшелері аймақтағы ең өзекті мәселенің бірі ауызсу тапшылығына тоқталды. Мәселен, биыл Форт-Шевченкодағы су тазарту құбыры стансасының құрылысын аяқтауға 2,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2025 жылға қарай «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа су тұшыту зауыты салынады. «Каспий» су тұшыту зауытын кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Бұл маңызды жобалар тұрақты қуат көзін қажет етеді.
Сенек ауылында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабы мүшелері жергілікті тұрғындармен өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Бұл ретте ауылда жаңа жұмыс орындарын құру, несие алу, жаңа өндіріс орындарын ашу және басқа да мәселелер сөз болды. Мемлекет «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеке кәсіп ашу үшін 2,5%-дық қомақты қаражат бөледі.
Осы күні АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабы мүшелері өңірдің белсенді азаматтарымен кездесті. Бүгінде аталған облыс ең жоғары жүктеме кезінде шетелден электр энергиясын сатып алады. Энергия тапшылығы өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмысын тежейді. Осы тапшылыққа байланысты көптеген өндіріс тек қағаз жүзінде қалып қояды. Штаб мүшелері атап өткендей, бүгінде Маңғыстауды еліміздің бірыңғай энергия жүйесіне қосу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұл кездесулер барысында маңғыстаулықтар алдағы референдумға белсенді қатысуға ниет білдірді.