Астана қаласында сатып алушылардың өтініші негізінде сауда саласындағы 14 кәсіпкер сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев мәлімдеді.
Аталған кәсіпкерлерге салынған айыппұлдың жалпы сомасы 343 400 теңгені құраған. Олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 193-бабының 4-бөлігі негізінде жауапқа тартылған.
Бұл бапқа сәйкес, ел аумағында бағалар жапсырмасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған тауарды бағасын теңгемен көрсетпей өткізу немесе жария шарт талаптары бойынша тауарды өткізген кезде оның бағасын теңгемен көрсетпеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Н.Егембердиевтің айтуынша, осы бап бойынша әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 65, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ сала басшысы сауда қызметін реттеу туралы заңнамаға сәйкес сауда базарының жұмыс регламенті бекітілгенін, оның талаптары сақталмаған жағдайда да жауапкершілік қарастырылғанын айтып өтті.
«Сауда базарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның талаптарын бұзғаны үшін, сауда базарының әкімшісі бекіткен сауда базары регламентінің болмауы себепті ӘҚБтК-нің 204-2-бабы бойынша 7 сауда базары ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді департамент басшысы.
Бұған қоса осы баппен әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде дәл сондай заңбұзушылық тағы қайталанған жағдайда 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.