Анкарада Қазақстан елшісі Жансейіт Түймебаевтың, Ресей елшісі Андрей Карловтың, Беларусь елшісі Андрей Савинных пен Қырғызстан елшісі Ибраһим Жүнісовтің қатысуымен жетекші түрік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шара 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) арналды.
Іс-шара барысында спикерлер ЕАЭО құру мақсаттарына, атап айтқанда, Одаққа мүше мемлекеттер халықтарының өмір сүру деңгейін көтеруді көздейтін ел экономикаларының тұрақты дамуына бағытталған мәселелер туралы әңгімеледі. Тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының Одақ ішінде еркін айналымына, ғаламдық экономика жағдайында ұлттық экономикалардың кооперациялануын және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
Ж.Түймебаев еуразиялық интеграция идеясын алғаш рет 1994 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқан деп атап өтті. Ол елдеріміз 20 жыл бойы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік тәжірибелерінен өтіп, енді жүзеге асырылғанын атап көрсетті.
Қазақстан елшісі ЕАЭО-ның баршаға ортақ халықаралық құқық қағидалары, оның ішінде Одаққа мүше мемлекеттердің егемендік теңдігі мен аумақтық тұтастығы, саяси құрылымын өзара сыйлау, өзара тиімді ынтымақтастықты, тараптардың ұлттық мүдделерін және тең құқықтарын қамтамасыз ету, нарықтық экономика мен жауапты бәсекелестікті сақтау қағидалары негізінде құрылғанын мәлімдеді.
Ресей, Беларусь және Қырғызстан елшілері ЕАЭО-ға қатысушы елдер экономикаларының және әлеуметтік салаларын дамыту, халықтарының хал-ахуалын көтеру сияқты мақсаттарды көздейтінін айтты. ЕАЭО оның мақсаттары мен қағидаларын бөлісе алатын әр мемлекеттің қосылуына ашық.
Іс-шараға қатысушылар Еуразиялық экономикалық одаққа және оның Түркиямен ынтымақтастығына қызығушылық танытқан түрік журналистерінің сұрақтарына жауап берді.
«Егемен-ақпарат».