Бүгінде екі сәбидің бірі – Әлихан. Орысша ойлау қамшы салдырмай тұрғанда көбісі, әлбетте, Алихан. Қалайда біз бұған «шүкір!» дейміз. Бұл балалар есейе келе есімінің сырына үңіліп, Әлихан Бөйкейханды іздейді деп ойлаймыз. Қазір Алаш көсемі мұрасы 15 том болып жарық көрген. Оқимын, танысамын деген балаға да, оның ата-анасына да мүмкіндік мол.
Сол Әлекеңнің жалғыз жиенінің есімі – Ескендір. Ол – көрнекті қайраткер, сыншы, жазушы, журналист Смағұл Садуақасұлының перзенті. Анасы – Зейнеп (Елизавета) Әлиханқызы. Әке де, ата да тоталитаризм құрбаны болған соң, Ескендір «халық жауының ұрпағы» деген жаман аттан құтыламын деп, кеңес өкіметі қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыста бозбала жасында мерт болды...
Бір айрықша дерек: түрлі жағдайда теміржол табыстырған Түркістан автономиясының (Қоқанда жарияланған) бірінші премьер-министрі, кәсіби инженер Мұхаметжан Тынышбайұлының да, кеңестік Түркістан автономиясының премьер-министрі, РСФСР премьер-министрінің орынбасары Тұрар Рысқұлұлының да перзенті есімі – Ескендір. Мұхаңның Ескендірі әкесінен соң 10 жылға кесіліп, талай азапты бастан кешті. Аман қалып, кейін танымал кинооператор, кинорежиссер болды. Тұрекеңнің Ескендірі де мектепті бітіре салысымен әкесі үшін сотталып, 20 жасында түрмеде жабысқан құрт ауруынан қайтты.
20-жылдары басқа да қайраткерлер баласын Ескендір деп ныспылаған. Неге? Сірә, қазақ мемлекеттілігін тездетіп қалпына келтіруде Ескендір Зұлқарнайынның жігерін, арманын, қуатын, бәлкім бағын қажетсінген секілді. Әрине, арғы жағында Шығыс пен Батыс, қазақ пен орыс мәдениетін тоғыстырған «Александр» ұғымы – кіріккен «қорғаушы» һәм «еркек» мағынасы да аңғарылады.
Бірақ Ескендір есімі айтылған соң, тұлғаның асқақ та алаулы, қиын да күрделі тағдырын аттап өте алмаймыз.
Ежелден жеткен бір тағылымды әпсана бар. Біз мұны «Ескендір тығырығы» деп айдарладық.
Ескендір Зұлқарнайын «әлемнің әміршісі» ретінде мойындалған күні сарайындағы ақшаңқан бөлмесінің есігін тарс жауып, еңкілдеп тұрып жылады дейді. Сардарлары «Әміршіге не болды?» деп қатты сасыпты. Ол оқ пен оттың, өмір мен өлімнің арасында да, тағдырдың адам жанын шырқыратар сәттерінде де бұлай босамаған. Ескендір қашанда қайтпас қайсарлықтың, айнымас батырлықтың рәмізі-тін.
Сөйтіп, есік түбіне жиылған әскербасылары: «Әмірдің үн-түнсіз жатқаны қалай? Бәлкім бір қаскүнем у берді ме, қайбір жақыны жанын жаралайтын сөз айтты ма – жағдайды білейік» десіп, есікті қағып кіріп: «Дат, әміршім! Халіңіз нешік?» деп сұрайды ғой.
Сонда ұнжырғасы түскен, асқақ рухы басылған Ескендір бүй депті: «Сардарларым, кеше ымырт жабылғанда Жаратқан маған мынандай ой салды. Әлемге даңқымды асырған соңғы жеңісім – менің жеңілісім екен. Дәл кеше мен әлемді өзіме қаратамын деген әу бастағы баянсыз жерге қайта оралғанымды түсіндім. Бұрын ат үстінде едім, мақсатым да айқын-тын. Қазір қайда барарым, кімді жауларым белгісіз. Мен тығырыққа тірелдім. Мен жеңілдім. Ойлана қарасам, мен өзімді жеңіппін...». Бұл – Құдай пәниде отыз үш жыл өмір сүруді бұйыртқан Ескендір Зұлқарнайынның соңғы күні, соңғы сөзі екен.
Жаны үзілер сәтте қандыкөйлек жолдастарына: «Мені қабірге жеткізерде екі қолымды табыттан шығарып қойыңдар. Ақыретке ештеңесіз бара жатқанымды жұрт көрсін!» деп өсиет айтыпты деседі...
Бұл әпсананы ұлт тұлғалары жақсы білді. Олар өз ұрпағынан бұл Ескендірді емес, тарихтан сабақ алған Ескендірді көргісі келді. Бірақ ел зиялыларын сынаған ауыр тағдыр ерек есімді ұрпағын да айналып өтпеді...
Айтуған ДОСБИ