Президент Жарлығымен бекітілген облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өңірлік кадр резервін қалыптастыру және одан тағайындау қағидаларына сәйкес 2024 жылғы 1 наурыздан бастап еліміздің барлық аймағында өңірлік кадрлық резервке іріктеу жүргізілді.
Өңірдегі кадрлық қажеттілікке сәйкес, Шығыс Қазақстанда іріктеу 5 салалық бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтсақ, индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары.1 наурыздан бастап ай көлемінде арнайы жасақталған платформа арқылы іріктеуге қатысуға құжаттар қабылданды. Іріктеуге еліміздің жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар азаматтары қатысты. Кадрлық резервке іріктеуге біздің облысымыздан 386 үміткер қатысуға ниет білдіріп, құжаттары талаптарға сәйкес келетін 295 азамат іріктеу кезеңдеріне жіберілді.
Сөйтіп, кадр комиссиясының шешімімен Шығыс Қазақстан обысының өңірлік кадр резервіне 20 үміткер іріктеліп алынды. Сонымен қоса, Қағида талаптары бойынша Президенттік жастар кадр резервінің соңғы кезеңіне дейін жетіп, бірақ ПЖКР тіркелмеген азаматтарға өз өтініштері негізінде өңірлік резервке іріктеусіз тіркелу құқығы берілген. Осы нормаға сәйкес,біздің өңірлік кадр резервіне қосымша тағы 1 үміткер тіркелді. «Резервте тұру мерзімі - 2 жыл. Осы уақыт аралығында резервшілерге жергілікті атқарушы органдардағы әр түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарға (сайланбалы лауазымдардан басқа) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша конкурстан тыс тағайындала алады», дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбеков.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында аталған резерв өңірлік буынның топ-менеджерлеріне бәсекелестік орнататын болады деп көрсетілген.
Одан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдетуге бағытталған «EgovKzBot2.0» платформасында «Уәкілетті органға өтініш» функциясы іске қосылды.
Аталған функция арқылы азаматтар өздерін қызықтыратын сұрақтарды тікелей Telegram арқылы қою мүмкіндігіне ие болды, мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты шағымдар мен ұсыныстарды жолдай алады, және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша ұсыныстарын жолдай алады. Бұл қадам мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінде Telegram бот арқылы 25-тен астам өтініш қаралды. Өтініштер әлеуметтік жәрдемақылар, мүгедектік, паспорт алу, еңбек қабілеттілігін жоғалту, соттылық туралы анықтамаларға қатысты болды.
Мысалы, 2024 жылдың 23 мамырында Риддер қаласының тұрғыны бала жасынан мүгедек баланың анасы ретінде тегін паспорт алу мәселесімен жүгінді. Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, бала жасынан мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Бұл өтініш барысында ақпараттық жүйеде мүгедек баланың қамқоршысы ретіндегі статусы көрінбегендігі анықталды. Осыған байланысты, өтініш қабылданбаған.
Алайда, ақпараттық жүйедегі кемшіліктер мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға кедергі болмауы тиіс. Сол себепті, уәкілетті органға құжаттарды қағаз түрінде қабылдау ұсынылып, паспортты рәсімдеу мәселесі шешілді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті «EgovKzBot2.0» платформасындағы өтініштердің қаралуын тұрақты бақылауда ұстап, кері байланысты қамтамасыз етуді әрі мәселелерді жедел шешуді мақсат етеді.
Telegram-дағы жаңа функцияның енгізілуі мемлекеттік қызметтерді модернизациялауға және азаматтар үшін олардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдету үшін заманауи технологияларды қолдану ашық әрі тиімді қызмет көрсету жүйесін құруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау бойынша талдау, мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимін сақтауына мониторинг және жоспардан тыс, жоспарлы тексерулер жүргізу барысында осы жылы 250-ге тарта азаматтың құқығы қалпына келтірілген.
Мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг мемлекеттік органдарға бару жоспарына сәйкес облыстың басқармасында 15 мемлекеттік қызметшілердің заңсыз тиісті құқықтық актілердің шығуынсыз жұмыстан тыс уақытта қалып жұмыс істеу фактілері анықталған. Департамент хаты негізінде аталған мемлекеттік қызметшілерге тиісті құқықтық акті шығарумен, демалыс күндері (сағаттары) беріле отырып құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдарының тәртіптік тәжірибесіне талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметшінің заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тарту фактісі анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы құқықтық актінің күші жойылумен мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген.Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын тексерусіз талдау және мониторинг арқылы сервисті және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппараттың бір көрінісі деп білеміз.