Грекияның Афина қаласында өткен «FIRST Global Challenge» атты халықаралық роботтехника чемпионатында озат оқушыларымыз бір емес, бірнеше бағытта топ жарып, 190 елдің арасынан бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Биыл үздік нәтиже көрсеткен еліміз командасының құрамында Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан бар. Жетекшілері – Нұрдәулет Досмағамбет пен Дулат Байтүленов.
«Бұған дейін аталған сайыстан бірде-бір мемлекет екі дүркін жеңімпаз атанған емес, ал біздің оқушыларымыз үшінші жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінді. Осы тұста астын сызып айтқанымыз жөн, әр жарысқа үнемі жаңа ойыншы аттанып отырады, яғни бір оқушы екі рет қатыспайды. Олар сайыстың ұлттық кезеңінде іріктеледі. Балалар әлемдік додаға бір жарым ай қарқынды дайындалып, күн сайын роботтың жұмысын жетілдірді. Олимпиадада команда азық-түлік мәселесін шешуге бағытталған жобаны ұсынды», деді «USTEM Foundation» қоғамдық қорының басшысы әрі ұлттық құраманың бапкері Асылбек Мырзахметов.
Еліміз 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде жеңіске жеткен еді. Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен роботтехникадан іріктеу кезеңдерінде құрылды.