• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 30 Қыркүйек, 2024

«Хат қоржын»

52 рет
көрсетілді

Ұлт саулығын нығайтуға үлес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы атқарылатын жұмыстардың нақты бағыттарын белгілеп берді. Соның алтыншы бағытында Президент ұлт саулығын нығайту үшін кешенді іс-шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігін міндет етеді. Осы орайда халыққа қолынан келгенінше қызмет етіп келе жатқан жеке кәсіпкерлерге ерекше назар аударып, нақты қолдау көрсеткен орынды деп санаймыз.

 

Менің айтайын дегенім, ауылдардағы айран, сүт, қымыз, қымыран, сары май, ірімшік, жент, құрт дайындайтын еңбегі адал жеке кәсіпкерлердің бастамаларын лайықты бағаласақ. Мәселен, шипалы сусын – қымызды алайықшы. «Қымыз – қаным, жылқы – жаным» дегенді атам қазақ баяғыда-ақ айтып кеткен жоқ па? «Биенің сүті – сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?» депті кезінде Ақтамберді жырау. Қымыз – әрі тағам, әрі ем. Бұл шипалы сусын тіршілік тынысын сыйлап, дерт бойлаған денені жаза алады. Кешегі пандемия кезінде жұртшылық бұған анық көз жеткізді, одан шипа тапты.

Шалғайдағы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында шипалы сусын – саумал мен қымыз дайындайтын Ораз деген жеке кәсіпкер тұрады. Қыс, жаз демей, ауылдастарын биенің сүтімен қамтамасыз етіп келеді. Қанағатшыл жігіттің қойған бағасы да анау айтқандай қымбат емес, қолжетімді.

Біздікі жергілікті жердегі атқарушы органдар осындай қарапайым еңбек адамдарының кәсібіне қолдау көрсетіп, моральдық, материалдық жағынан демеп отырса деген тілек қана. Жоғарыда айтқан ұлт саулығын нығайту ісі осындай жандардың арқасында мүмкін болмақ.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы

 

 

Көшпелілер ойындарының өнегесі

Жақында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары дүркіреп өтті. Оған әлемнің 85 елінен төрт мыңға жуық қатысушы келді. Ойындардың ашылуы мен жабылуы салтанаттары, жалпы ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды. Тіпті, Олимпия ойындарынан кем емес деп баға бергендердің пікірлерімен де келісуге болатындай. Ал бұл жайт елімізде тұратын кім-кімнің де бойында мақтаныш сезімін тудырғаны анық.

Аталған кең ауқымды аламанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынғаны, оның аса жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілуіне септігін тигізді деуіміз керек. Бұған еліміздің барлық өңірі үлкен үлес қосқанын да ризашылық сезімімен ерекше атап өтуге тиіспіз. Мұның өзі алдағы уақытта еліміздегі ұлттық спорт түрлерін әрі қарай дамытуға серпін қосатыны күмәнсіз.

Жарыс кезінде оған дайындық барысында шағын және орта кәсіпкерлік, оның ішінде туризм, халық қолөнері, қызмет көрсету салаларындағы мүмкіндікті іске асыруға барлық жағдайдың жасалғаны анық көрініп тұрды. Ал кең көлемді мәдени және спорттық бағдарламалар еліміздегі этно туризмді дамытуға да өз үлесін қосатын болады. Осы орайда, әсіресе, өзім куә болған, шетелдік меймандарды таңдай қақтырарлықтай етіп әсем безендірілген Этноауыл кешенінің күніне 30 мыңдай келушіні қабылдағанын айрықша атап өтсем деймін.

Жалпыкомандалық есепте еліміздің өзге қатысушы мемлекеттерден оқ бойы озып кеткені де қуантарлық жағдайлардың ең бас­тысы болды. Келесі ойындардың көрші Қырғыз Республикасында өтетіні додаға екі ел қатысушылары арасындағы бәсекені қыздыра түсетіндігімен қатар, достық қарым-қатынастың бекуіне де ықпал ететін болады деп үміттенеміз.

Тимур АЙСАРИЕВ,

ІТ технолог, Көшпелілер ойындарының жанкүйері

Атырау облысы

 

 

Балалар суициді – қатерлі мәселе

Соңғы кездерде жасөспірім ұл-қыздың өз-өзіне қол салу оқиғаларының тым жиілеп кетуі кім-кімді де ойландырса керек. Бұл жайттың бүгінде қоғамның өзекті мәселесіне айналып бара жатқаны да белгілі. Осы себепті аталған мәселе қырық жылдық педагогтік өтілі бар ұстаз ретінде мені де бей-жай қалдырмай, қолыма қалам алғызды.

Алаңдатарлық ахуалға байланысты ой-пайымымды ортаға салайын. Ертеректе бұл жайт дабыл қағып, күн тәртібіне шығарарлықтай деңгейде емес еді. Ішінде бірді-екілі сотқарлары болмаса, оқушы балалар қалада да, далада да негізінен тәртіпті, ата-анасы мен жақындарының, мұғалімдерінің айтқандарын екі етпей орындауға тырысатын. Өз-өзін өлтіру деген жантүршіктірер ойлар олардың өңі түгілі түстеріне де кіріп шықпайтын.

Бертін келе жағдай кері кете бастағанының куәгері болып отырмыз. Кейінгі жылдары мектепке барған баланың бул­лингке тап болатыны туралы көп айтылып жүр. Мәселен, кейбір деректер елімізде әрбір үшінші жасөспірім сыныптастары тарапынан қы­сымға ұшырайтынын көлденең тартады. Бұған жасы үлкен оқушылардың әлімжеттігін қоссақ, жағдайдың қай сипатта өрбитінін болжай беруге болады. «Буллингке ұшыраған бала одан құтылудың жолын таба алмаған соң, өз-өзін өлімге қиюға мәжбүр болады», дейді психолог мамандар.

Бұл аздай, кейінгі кездері балаларды суицид жасауға итермелейтін гаджеттегі кейбір ойындар туралы көп айтыла бастады. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бұған да қажетті деңгейде мән берілуі керек. Жалпы, оқушы мінез-құлқының кенеттен өз­гергенін ата-ана бірден байқауы керек емес пе? Мұғалімдер, бі­рінші кезекте сынып жетекшісі қайда қарайды деген де сұрақ туындайды.

Бала өліміне апаратын себептің үлкені, меніңше, немқұрай­ды­лықта жатыр. Бұл жерде үлкен жауапкершілік, әсіресе, ата-ананың мойнына жүктелуге тиіс.

Жамал СМАҒҰЛОВА,

зейнеткер ұстаз, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы