• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 01 Қазан, 2024

Ғаламға ғашық, қаламға ғашық жыр-жүрек

127 рет
көрсетілді

Ұлт баспасөзінің бүгінгі патриархы, көрнекті журналист-жазушы, көркем тәржіманың хас зергері, талай журналистер буынының ардақты ұстазы Сарбас Ақтаев хақында айрықша тебіренбей, бөлекше толқымай қалам тербеу мүмкін емес. Қауырсын қаламын ең алғаш өлең өріп, жыр жазып, айтыста сайысып шыңдаған қиялы ұшқыр, ойы сергек ол әдебиеттің барлық жанрында қажымай, талмай моншақтатып тер төгіп келеді. Тегеурінді еңбектің жемісі саналар оннан астам тарихи-танымдық, деректі-көркем әдеби кітаптары республиканың баспаларынан жарық көрді. Әлем әдебиеті өкілдерінің ең таңдаулы, ең танымал авторларының романдары мен повестерін, хикаялары мен әңгімелерін қазақтың құнарлы тілінде сөйлетті. Олардың жалпы саны жүзге барып жығылады. Неткен жанкештілік!

Жазушы Ақтаевтың жүрегі­­нен шыққан, жүйрік қаламы­­нан туған республикамыздың бас­паларынан жарық көрген шоқтығы биік төл туындыларының аттарын ғана атап кетерлік. Олар: «Дала туралы толғау», «Қапшағай хикаялары», «Бұлар бірінші болып еді», «Абылайханның ақ жолы», «Ханзаданың қасіреті», «Оқжетпес», «Қа­зақ ханымдары», «Алтын қалам», «Шара­патты шаңырақ», «Ақбоз ат». Түрлі жанрда қашалған бұл кітаптардың қай-қайсысы да оқырман назарын аударары хақ...

Бұл күнде тоқсанның төріне алқын­бай көтеріліп отырған Сарбас ағаны алпыс жылдан бері жақсы танимын. Әдебиетке әуес, жазуға құштар қаламдастарымыздың бастарын баспасөз беттерінде жиі қосқан соғыстан кейінгі мамыражай дәуірдің бізге ұсынған үрдісі, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі ұшан-теңіз. Ол кезде қазіргідей аткөпір газет-журнал жоқ. Республикалық мәртебеге ие басылымдардың ұзын саны оннан аспайтын. Әрине, болашақ балауса қаламгерлердің үлкен мектебіне айнал­ған балалар газеттері мен жеткіншектер жур­­налдары оқушылардың қабілет-да­рын­дарын ұдайы шыңдап, ынталанды­ру­ды ұмытпайтын. Жас тілшілердің аты-жөндерін әрдайым үкілеп атап, ар­найы грамоталармен мадақтап, ша­ғын кітапха­налар сыйлауды дәстүрге айнал­дырған-ды.

Мектепте жүргенімде осындай ша­ғын кітапханаға мен де ие болған едім. Ұмытпасам ең алғашқы тыр­нақ­алды хабар-ошарым «Пионерлерге риза» деген атпен сол кездегі «Қазақстан пио­нері» газетінде («Ұлан») жарияланды. Онда 6-сыныптамын. Артынша түрлі-түсті та­қырыптарды өзек еткен материалдарым бұрқырап шыға бастады. Достық тақырыбына құрастырған екі ребусым жарқ ете қалғандағы қуанышымда шек жоқ. Ал оныншы сыныпқа көшкен жылы республика бойынша отыз жас тілшіге берілген шағын кітапхананың бірі қолыма тигендегі көңіл-күйдің әсерін сөзбен жеткізе алмасым анық. Үлкенді-кішілі жиырма-отыз кітапты аударып-төңкеріп тамашалаған мейірге толы көгершін жүректердің лүпілдерін естігендеймін.

Сондағы бізді қуантқан кітаптардың авторлары кімдер? Мүмкіндігінше есіме түсірейінші. Түр-келбеттері өзіміздің оқу­лықтардан таныс Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғаби­ден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков. Әр жылдары шыққан кітаптарының арасында Қадыр Мырзалиев, Сырбай Мәуленов, Төле­ген Айбергенов секілді ақындардың жыр жинақтары көзіме оттай басыл­ған. Соны­мен бірге «Абай еліне саяхат», «Дема­лыс сағатында» аталатын екі таным­дық кітаптың бертінге дейін айнымас сері­гім болғанын айтқан жөн. Бәрімізді қы­зықтырған базарлықтың ішінде ала­қандай қорапшаға салынған жұқа-жұқа он кітап болды. Сыртқы мұқабасына фото­лары басылған жас шайырлардың «Тұң­ғыш» сериясымен жарық көрген өлең­дер жинақтары екен. Жыпырлаған қалам­герлердің арасынан бұрын-соңды көрмеген Сарбас Ақтаевтың есім-сойы жаныма да, жүрегіме де жақын көрінгенін жасыра алмаймын. Өйткені мұның алдында ғана армандағы Алматыдан, «Ара» журналында қызмет істейтін Сарбас ағадан жылы лебіз білдірген үшбу хат ал­ғанмын. Журналдың арнаулы түрлі-түс­ті фирмалық конвертімен жөнелтілген сә­лемдемеде «Жанат бауырым! Бізге жол­даған езутартар этюдтерің журналдың таяу­дағы сандарының бірінде жарияланады. Қаламыңды ұштай бергейсің. Хабарласып тұр» деп жазылған-тұғын. Тұмардай сақтап жүр­ген осы жәдігер-хатты кезінде қасиетті қара шаңырақ «СҚ»-да бірге жұмыс істеп жүргенде қадірменді ұстаздың өзіне көрсеткенмін-ді. Жүзі шырайланып, масаттанып қалды...

Түйткілі мен қуанышы қат-қабат тоғы­сып жататын мазасыз мынау тірлікте бейтаныс ағаның алдында екі мәрте болғаным бар. Мүлдем ойламаған жүздесу, күтпеген кездесу. Орайлы тұста жадыдағы елесті қаз-қалпында жаңғыртайын.

Шуағы мол студенттік жайдарман жыл­дар да зуылдап өтіп жатыр.Түске дейін сабақтамыз. Үш-төрт дәрістен соң апыл-ғұпыл жүрек жалғап алып, кітапха­наға, оқу залдарына асығамыз. Мен болсам редакцияларды шарлаймын.

Аптаның басында «Коммунистік-63» даңғылындағы (қазір бұл көше Абылайхан аталады) «Қазақстан пионері» («Ұлан») мен «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеттері­нің шаңырағына бас сұғамын. Келесі күні «Балдырған», «Білім және еңбек» жур­налдарына кіріп шығамын. Одан ке­йінгі бос уақытымда Оқу министрлігінің екінші корпусында жайғасқан «Қазақстан мұғалімі» мен Жазушылар одағының ғимаратындағы «Қазақ әдебиеті», «Ара» секілді басылымдарға барамын. Қолым қалт еткенде жазған шимай-шатпақ дүние­лерімді аты-жөндеріне ауылда жүр­генде-ақ әбден қанық ағайлар мен апай­ларға ұяла, қысыла тапсырамын. Обалы нешік, редакция журналистері мен қызметкерлері құшақ жая қарсы алады. Құдайға шүкір, апта сайын болмаса да, ай аралатып газет-журналдар ша­ғын мақалаларымды, суреттемелерімді, мөл­тек әңгіме-юморларымды тұрақты баса­тын болды. Сондай-ақ басылымдар сөз­жұмбақтарымның түр-түрін жариялап жатады. Қалайша қуанбайсың!

Өстіп алаңсыз шалқып жүргенімде ыңғайсыз оқиғаға ұрына жаздағаным бар. Абырой болғанда бұл келеңсіздіктен Сарбас аға аман-есен дер кезінде құтқа­рып қалған еді. Бұдан екі-үш жеті бұрын аста­налық облыстық «Жетісу» газетіне «тамаша» материал тастап кеткем. Дәлірек айт­сам «Оқыдық, пікір айтамыз» деген айдар аясында жазылған өткір рецензия. Жаңылмасам о кезде «Жетісудың» мә­дениет-әдебиет бөлімінде Қастек аға Баянбаев, не Дүкенбай Досжанов істей­тін. Нақты қайсысы, есімде қалмапты. Тор көз параққа әдемілеп көшірілген небәрі төрт-бес беттік қолжазбамды тура көз алдымда шұқия оқып шыққаны. «Почеркің жақсы екен. Машинисткалар қиналмай басып тастайды ғой. Сәтін салса сенбі­лік әдебиет бетінде жарқырап шығады...». Жатақханама шаттанып оралдым. Қасым­дағы бөлмелес жігіттер де алдын-ала құт­тықтауда. «Керемет күшті мақала» деге­німіз қайда? Бірақ қазіргідей сотка қай-д-а? Іргеміздегі «Алатау» кинотеатрының алдындағы газет дүңгіршегінің алдын тоз­дырдым. Күте-күте «кереметімнен» кү­дер үзіп, редакцияға бардым. «Өзің жоға­лып кеттің ғой. Рецензияң бастықтың ал­дында жатыр. Тура осы қазір кіріп шық­шы. Жерден-көктен тапсаңдар да ма­ған жолықтырыңдар» деп отыр. Сәле­мімді асыға-үсіге алған бөлім жігіті мені бас редактордың орынбасары Сарбас Ақтаевтың кабинетіне тізе бүктірмеген күйі сілтеп жіберді.

Табалдырығын жүрексіне аттауымды сезе қойған аққұбаша жігіт ағасы:

– Кәне, балақай, бермен қарай төр­лет­ші. Халің қалай? – деді емен-жарқын пе­йіл­мен. Жымыңдаған нұрлы дидарын өз­герт­пеген қалпы сөзін сабақтаған. – Сен өзі, қай Жанатсың, осы? Фамилияң да, адресің де құбыла береді. Түсінсем бұ­йырмасын. Соның сыры мен құпиясын өз аузыңнан білейін дегенім де. Таяуда Сейдахмет ағаңнан, Бердіқұловтан бар жайға қаныққандаймын. «Ол – менің юнкоррым ғой» деп шіренеді. ҚазПИ-де неғып адасып жүрсің? Ә-ә...

Әңгіме ауанын аңғара қойған мен де әлгіндегі қобалжыған түрімді жасырған боп, еркін тіл қаттым:

– Сарбас аға, өзіңіз дұрыс байқапсыз. Алдыңызда бүгежектеп отырған көжегіңіз – сол баяғы Жанат Орынбаевтың дәл өзі. Былтыр он бір жылдықты күміспен аяқтап, аттестат аларда бір-ақ білдік емес пе?! Туу туралы куәлігімде ататегім Елшібеков екен. Тыпырладық та қалдық. Әйтеуір, бүкіл құжаттарымды қайтадан түзеп, тү­ген­деп үлгердім. Журфак қабылдамады, әс­ке­ри документің жоқ деп. Лепсіге барып воен­коматтан анықтама алуға уақыт өте тығыз. Амалсыздан ҚазПИ-дің филология факультетіне бардым...

– Жарайды... Бәрі де түсінікті. Ша­руа­мыз да, қызметіміз де газет кеміру болған­дықтан, сенің аты-жөнің маған көптен бері таныс. Шамалауымша алтыншы-жетінші кластан бастап жазып жүрсің. Аяқ алысың қуантады. Осы бағытыңнан тайма. Сөз өнеріне бас ұрған екенсің, ендігі жерде кәкір-шүкірді тізіп шимайлай бермей, кесек те, елең еткізер дүниелер жазуға ұмтыл. Ол үшін түртінектеп іздену керек, көп оқу керек. Бойыңдағы қабілет-да­рынды ұдайы шыңдағанда ғана көздеген мақ­сатыңа қол артасың. Мен оған шүбәсіз сенемін...

Үн-түнсіз басымды изеймін. Мойным салбырап кеткенге ұқсайды. Айтқандары көңіліме қонақтағандай. Қызыл сөзден гөрі, ақыл-кеңеске толы. Күмілжі ойдың ұйығынан шыға алмай отырған менің кей­пімді байқаған ол үзілген әңгімені жал­ғады:

– Жақсы болды жолыққаның. Өзің­мен көзбе-көз тілдескім келді. Ал мы­на бір қолыма тиген рецензияңды бөлім­дегі жігіттер жамырай мақтап жатыр. Тура­сын айтайын, маған ұнамады. Басы­нан аяғына дейін жалаң жамандау, ұрда-соқ сынапсың. Табан тірер тия­нақты, бұлтақсыз дерегің жоқ. Оның үстіне пәленбай кітап шығарып, мүйізі қара­ғайдай болмаса да аты белгілі дардай ақынды, өзі дөкей жерде, органда істейтін авторды өлтіре сынапсың. Байқағайсың... Артық айғай-шуға, дабыра дау-дамайға ілініп кетіп жүрмегейсің. Сақ болғайсың... Келешегіңді ойламайсың ба? Ренжіме. Біз әлі кездесеміз.

Қызық! Бұрын-соңды аралас-құралас болсақ бір сәрі, әрнені ойлап шырылда­ған қамқор жүректің дауысын естісең, шір­кін?! Не көкең емес, не ағаң емес, тіпті жер­лес ауылдасың да емес. Әйтеуір, «Абайсыз­да сүрініп қалып, шоқ басып жүрмесе екен», дейді де. Алғыс жаудырғаннан басқа қолдан келер еш қайран жоқ-ау...

Көп ұзамай, өткен ғасырдың жетпісін­ші жылдарының басында журналистер мен жазушылар сарыла күткен он этажды әйдік «Баспасөз үйі» өз есігін айқара ашқан. Озық архитектураның ғажайып үлгісімен асқақтай бой көтерген ғимарат «Көкбазардың» түбіндегі «Жібек жолы» мен «Достық» көшелерінің қиылысында орналасқан. Астананың әр қиырында шашырап жайсыз күй кешкен отыз-отыз бес ірілі-уақты газет-журналдардың еңселері көтеріліп-ақ қалған. Кіріп-шығатыны бір есік болғандықтан қаламгерлер: «Қандай жақсы болды. Айында-жылында зорға көрісуші едік», деп мәз.

Бірде болмаса бірде дегендей түрлі кез­десулерде, әрқилы әдеби-мәдени кеш­­терде Сарбас ағамен ұшырасып, хал-жағ­дай сұрасып жатамыз. Әрине, шы­ғар­машылықтағы жетістіктер мен жаңа­лықтарымызды тілге тиек етеміз... Жақ­сы адамның жылы қабағының өзі ойың­ды семіртіп, бойыңды сергітері сөз­сіз. Шапшаң уақыттың қанатында қалай есейгенімізді де бажайламағанбыз? Ар­ман­дағы, қиялдағы, тек романтиктердің киелі ұясы, қасиетті ұстаханасы саналатын «Лениншіл жас» газетіне тұяқ ілін­діргеніме де бірер жылдың бедері. Кезекті іссапардан оралып, шығып бара жатқан нөмірге жеделдетіп материалымды жазуға отыруым мұң екен, қол астымдағы қара телефон безілдеп қоя берді. Трубканы көтеруге құлықсызбын. «Қап, әттеген-ай!..» Кешелі бері жол-жөнекей миыма жазып келген сапар сазын ертелетіп ақ қағаз бетіне түсіруге отырғам. Телефон іле-шала қайта шырылдады...

– Жанатжан, өзіңсің бе? Әлгінде хабарлассам... Орныңда жоқсың ғой... Егер қолың босаса дәп қазір маған, екінші қабат­қа төменге түсіп кетсең қайтеді...

– ?..

Тұңғыш рет телефондаса да Сарбас ағаның дауысын жазбай таныдым.

Кездесудің картинасын бүге-шігесіне дейін суреттемей басты шаруаның жай-жапсарын баяндайын.

– Күні кеше ғана тәрізді. Бәрі-бәрі есім­де. Зымырап уақыт қалай жүйткиді. Институт бітіріп, қаршадайыңнан қалаған кәсібіңнің пұшпағын әріптестеріңмен бірге илеп жүрсің. «Ленжасқа» келгеніңе де біраз боп қалды-ау, деді Сәкең ұзын сонардың желісін тым әріден суыртпақтаған күйі жанарыма жанарын қадап.

– Өзім де сезбей қалыппын. Шамасы жеті-сегіз жыл. Байқайсыз ба, аға? Соңғы кездері «Балақай» демей, есімімізбен атайтынды шығардыңыз...

– Өй , айналайын, солай ма? Көремісің мұртың да қоюланып, жүріс-тұрысың да ауырлағандай ма? Өмір заңы өз деге­нін жасайды. Жасындай жарқырап, бойың­дағы қабілетің мен талантыңды сүйікті газетіңе адал тер ғып төктің. Мүмкіндігі оңынан келіп тұрғанда бізге «СҚ»-ға қызметке келсең қайтеді. Ендігі жерде қара шаңырақта қасқайып жүргенің дұрыс. Айлығың да жоғары... Аға басылым деген аты бар.

– Ұсынысыңызды ойланып көрейін, мұрсат беріңіз...

 Екіұдай солқылдап тұрғанымды текке жібергісі келмеген Сәкең жөпелдете жетектеп Сапар Байжановқа – редакторға алып барды. Сөз ләмі де, жүзі де ашық. Келешегін күнілгеріден ойлайтын жайдары жан екен. Бірден ұнады. «Сарбас, сен өзің жақсылап тіл табысқанға ұқсайсың. Бұл шаруаны созбай, түстен кейін редколлегияда шешіп тастайық. Сырттай білемін, дәл бізге керек жігіт. Кейінірек асықпай сөйлесерміз. Осы бізден шыққан бойда бастықтарыңа ескертіп, өтінішіңді жазбаша түсіндіріп тастап кет. Бәрінің заңды болғаны жөн. Ертеңнен бастап алаңсыз жұмысыңа кірісе берерсің...»

Қос бастық, қос Сәкең қолымды ­қыс­ты кезек-кезек.

Мен қуанарымды да, шаттанарымды да білмей үлкен кабинеттен шыға жетінші қабаттағы «Ленжасыма» жаяу тарттым...

Мәселе біз айтқандай оп-оңай шешіл­ген жоқ. Әшейінде жарқ-жұрқ жарқырап отыратын Сейдахмет көкем қолын көңіл­сіздеу ұсынды. Ойланып-толғанып келген екіауыз сөзімді тіл ұшында тістеп тұра алмай:

– Аға, менің өтінішіме қол қойып бері­ңізші, «Социалистік Қазақстанға» жұмыс­қа шақырып жатыр, – дедім сыбырлаңқы бәсең үнмен.

– Аптықпай, әбіржімей жөндеп дұ­рыс­тап түсіндірші. Табан астында не боп қалды? Сені біреу қуып жатыр ма? Ай­дың-күннің аманында астыңнан су шы­ғып... Жасыңа жетпей қартайғың кел­гені ме, әлде? Е-е ... Сықиған, сұрғылт, сы­қырлаған «СҚ»-ның шалдарының қата­рына қосылуды армандаймын де...

– Жалақысы да, қаламақысы да молдау көрінді...

– Мейлі... Бес-он сомға бола көзіңді са­тып... Айтқаным сол, алаңдамай қызме­тіңді істеп, жазуыңды жазып, өз газетіңде король боп жүре бермейсің бе?!

– Асығыстау уәде беріп қойғаныма өкініп отырмын, – дедім бар жайды зерделеген мен.

– Қысылма, ыңғайсызданатын ештеңе жоқ. «СҚ»-ның шірендеріне өзім жеткізем бәрін де.

Арқамнан зіл батпан жүк түскендей, ыстық ұямның саясында еркін тыныс­тағандаймын... Шүкір...

«СҚ» бұдан кейін де екі мәрте құда түскен. Алғашқыда «былтыр ғана қоз­ғалған еді ғой» деп өзім бас тарттым. Ал екіншісінде ежелгі ұстазым Сейдағаң бірден батасын қуана-қуана берген еді.

Сонымен адамзаттың ғарышқа тұң­ғыш рет жол салған тарихи күні, яғни ­1979 жылдың 12 сәуірінде қазақ баспа­сөзі­нің қара шаңырағы – «Социалистік Қазақстанның» қасиетті табалдырығын толқи аттадым.

Қиын-қыстау кезеңдердің небір өтке­лектерін бастан кешірген Сарбас Ақтаев қызыл империяның адым аштырмаған цен­зурасы тұсында ширек ғасырға жуық жан­кештілікпен тер төкті... Үлкен шы­ғар­машылық ұжымның жетекші басшысы ретінде қыруар істер атқарды. Жа­уап­кершілігі зор міндетті абыроймен ат­­қаруды нысаналы мақсат еткен ол өз бе­делін, жиған-терген тәжірибесімен, бі­лік-ілімімен, парасатты тәлім-тәрбиесі­мен, ғибаратты өнеге-өрісімен көтеруге ұмтылды. Күнделікті күйбең тіршілік­тің соңына түсіп кетпей, сүйікті қаламын ұдайы бабында ұстады. Әріптес журналистермен бірге жарыса жазды. Қаламға құштар өзінің жүрегін жарып шыққан тамаша туындыларымен талғампаз да, талапшыл қалың оқырманның ойынан табыла білді.

Сарбас аға біртуар бас редакторлар Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Шерхан Мұртаза секілді алыптардың орынбаса­ры, яғни бейнелеп жеткізсек оң қолы бол­ды. Бір қуантарлығы, өмірден көргені мен түй­гені мол, өзіне жүктелген барлық жұмысты зор жауапкершілікпен, үлкен абыроймен атқарғаны баршаға мәшһүр. Кәне, бұл турасында Сәкеңнің сырлы сұхбатына құлақ түрелік:

– Ұзын сөздің қысқасы, сонымен мен еліміздің ең басты басылымында бірін-бірі алмастырған бес бірдей редакторға орынбасар болып, бақандай 17 жыл істедім. Оған астаналық облыста осындай қыз­мет­ті тоғыз жыл атқарғанымды қоссам, менің орынбасарлық өтілім жиырма алты жылдан да асып кетеді. Орынбасар деген басшы мен ұжымның арасындағы дәне­кер ғана емес, екеуін жалғастырып, жарас­тырып, жағыстырып отыратын мәміле­гер де болуға тиіс. Көп мәселелерді бастық­қа жеткізбей ол өзі шешуі шарт.

Жүрегімнің жалынын, жүйкемнің сө­лін газетке сығып беріп, әдебиет айдынын­дағы шығармашылық әлеуетіме нұқсан келтіріп алғанымды және жасырмай­мын. Күн-түн қайтіп газет шығарамыз деп жүріп кесек көркем туындыға қол арта алмай, деректі дүниелермен шұғылда­нып, очерк, эсселермен ғана ошарылып қал­дым. Қабілеттің бір қырын гүлдендіру үшін бір қырын құрбан қылып, бала досым – өлеңге де мойын бұрмай кеттім. Әйтеуір, аудармадан, көркем аудармадан тізгін тартқаным жоқ.

Иә, Сарбас ағаның дара қолтаңбасы, сара соқпағы, өрісті өнегесі, тағылымды тәрбиесі ғасырлық тарихы бар «Егемен­нің» сарғайған беттерінде сайрап жатыр. Әдебиеттегі қадамын өлеңмен бастаға­нын бүгінгі ұрпақтың дені біле бермейді.

Бүкіл саналы ғұмырын газеттің күн­делікті күйбең тірлігіне бағыштаған Сар­бас ақын поэзияда сан алуан тақы­рыпты өзек еткен. Тұшымды жырларын жеке әңгімелеу керек шығар. Оған оның «Жібек жолы» баспасынан жарық көрген «Оқжетпес» атты жыр жинағы арқау болары даусыз. Тоқсанның мерейлі төрінде отырған Сарбас аға үнемі аузынан тас­тамай бала досы санайтын өлеңінен еш­қашан қол үзген емес:

Келші, өлең, кешір мені, бала досым,

Көңілден күмән кірбің ада болсын.

Қайтадан қанат қағып самғайықшы,

Көтеріп тыңнан жырдың қара қосын.

Сәкеңнің шығармашылығы төңірегінде талай саңлақтар сыр шертіп, ой толғаған.

Біздің Сәкең – мінезге бай, текті тұлға. Кішілігіне кісілігі сай, нағыз кемел адам. Қашанда ақырын жүріп, анық басады-ау. Мен «анадай-мынандаймын», «мен-мен» деп кеуде қағудан әркез аулақ жү­реді. «Бетегеден биік, жусаннан аласа» қағидасын берік ұстанған. Осы ойымызды дәлелдейтін оқиғалар баршылық. Үнде­мей жүріп-ақ, қыруар істі тындыруға ма­шықтанған сырбаз ағамыз сонау қаһар­лы желтоқсан оқиғасының ызғарлы демі­нен жеткізген бір-екі эпизодты қаз-қалпын­да суреттепті. Өз көзіммен көрген­мін. Дәл осылай, кәні сіз де мұқият жанар жүгіртіңізші.

«Кезінде Колбиннің қырына ілінбей, қи­ғылығынан бұл қалай аман қалған деп таңдануы да мүмкін ғой кейбіреулердің. Желтоқсан толқуы тұсында бастығым демалыста жүрген де, алаңға барып жас­тар­ға ақыл айтып, алған бетінен қай­та­руымыз ­керек деп арнайы шақыртқан аупарткомның алдына қаламдастарымды бастап мен барғанмын. Аупартком алды құжынаған қарақұрым халық. Әлеке­­дей жаланған жергілікті ұлтты жек көретін­дер беліне ұшы найзадай ұшталған арматура сойылдар қыстырып алыпты. Ол аз дегендей, гүлзарлардың қоршау темірлерін сындырып, тағы да алып жатыр. Мұны көрген біздің жігіттердің түсі бұзылып кетті. Бәрі бір амал таппайсыз ба, дегендей маған қарайды. Бұрыс қылық­ты көргенде, тұрыс бар ма, аупарткомға кіріп, бірінші хатшыға: «Біз балаларымызды ақыл айтып, сабырға шақырғалы барамыз ба, әлде ұрып-соғып сабауға барамыз ба?», деп көшеде көргенімді баяндадым. Обалы нешік, аупартком бас­шысы Нұртай Әбіқаев жағдайды бір­ден түсінді. Кеңсенің алдына менімен бірге шығып, қаруланғандардың қолдан жасатқан жарағын түгел тастатып, оларды автобустарға өз көзімен отырғызып салды. Бәлкім, жатжұрттық жаңа басшыға бұл қарекетіміз жеткен де шығар. Өйткені жаңа редактор іріктегенде менің есімім еш тізімге ілікпеді».

Иә, Сарбас аға – бақытты қаламгер. Журналистиканың шыңына көтерілді. Ұзақ жылдар «Егеменде» шүмектеп тер төккен ол тәуелсіздіктің елең-алаңында азат ойдың жаршысы атанған «Халық кеңесі», «Ақиқат» секілді айбарлы газет-журналдарды абыроймен басқарды. Өзі жанындай құлай сүйген кәсібінің сая­лы да, мәуелі бағында өсіп-өнген ұрпақ­тарымен бірге мерей жасын салтанат­пен атап өтіп жатыр. Ақтаевтар әулетінің көк­ке өрлеген бәйтерегі мәңгі жасыл түске шо­мылғандай. Сарбас ағамыз бен Ғайни­жамал апайымыздың бал-бұл жанған жүз­деріндегі нұрлы шуақ айнала-төңірегін шат­тық күйіне бөлеген. Тіл ұшына орал­ғаны: ғаламға ғашық, қаламға ғашық жыр жүрегіңіз қартаймасын, Сарбас аға!

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты                    

 

Астана