• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 14:00

Сарбаз жерленген жерден 81 жылдан соң бір уыс топырақ әкелінді

95 рет
көрсетілді

Хабарсыз кеткен қызыл әскер сарбазы Әлішер Қызынбаев 1943 жылы Курск облысының Белгород ауданында қаза тауып, бауырластар қабіріне жерленген екен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болғандай, елордадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында жауынгердің туған-туыстарына жерлеу орнынан әкелінген бір уыс топырақты табыстау рәсімі өтті.

Минуттық үнсіздікпен басталған еске алу жиынына «Қарулы Күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, қаза тапқан сарбаздың туған-туыстары – Жарқын Қызынбаева мен Бақыт Мамыров қатысты.

Әлішер Қызынбаев 1903 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 31 жылғы аштық кезінде оның отбасы Өзбекстанға көшкен.

Туысы Жарқын Қызынбаеваның айтуынша, ағасын Бұхара аудандық әскери комитеті майданға шақырған.

«Соғысқа дейін ағамыз үйленген еді, артында өсіп қалған ұлы болды. Хабарсыз кеткенге дейін туыстары одан бірнеше қысқа хат алды. Далалық пошта соңғы хабарды 1943 жылы жеткізген, содан кейін байланыс үзілді. Осы уақытқа дейін біз оны іздеуді тоқтатпадық», дейді ол.  

Екі жыл бұрын туыстары іздеу сайттарында деректерді тапқан кезде үміт пайда болған. Іздеушілердің арқасында жауынгердің Ресейдің Курск облысындағы жаппай қабірге жерленгені анықталған. 

Марқұмның туыстары Қорғаныс министрлігі мен іздеушілерге алғыстарын білдірді. Бүгінде жауынгердің ұрпақтары елімізде, Өзбекстан мен Қырғызстанда тұрады. Жақындарының қалауы бойынша Әлішер Қызынбаевтың топырағы туыстары тұратын Бұхараға жеткізіледі.