• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 01 Қазан, 2024

ҚазҰУ ғалымдары полимерлер химиясы саласында айтарлықтай табысқа жетіп отыр

267 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары жасалған «AD Scientific Index» халықаралық рейтингісінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы кафедрасының оқытушылары Қазақстанның ең үздік 2 мың ғалымының тізіміне еніп, бірнеше жылдан бері алдыңғы қатарды бермей келеді.

Ал Alper-Doger Scientific Index – жеке ғалымдардың соңғы 6 жылдағы ғылыми өнімділігіне негізделген рейтинг әрі Google Scholar талдау жүйесімен индекстеледі. 

Полимерлер химиясы саласында айтарлықтай табысқа жеткен ғалымдардың бірі – Перизат Үркімбаеваның гидрофильді, биоыдырайтын полимерлер мен олардың қолданылуы жөніндегі 20 шақты мақаласы импакт факторы жоғары журналдарда жарық көрген. Ал Райхан Рахметуллаеваның стимулсезімтал полимерлердің синтезі, биомедициналық полимерлер мен олардың қолданылуы туралы 14 еңбегі Scopus, Clarivate Analytics дерекқорына кіретін журналдарда жарияланған.

– Әрине, бұл жетістіктер мемлекет тарапынан ғылымның заманауи бағыттарын дамытуды қолдаудың арқасында іске асып жатыр. Университет басшылығы да ғылым көшін алға сүйрейтін жобаларға үнемі қолдау көрсетіп отырады. Соңғы жылдары ғылыми жұмыстарды қорытындылау барысында Web of Science және Scopus деректер базасында индекстелген халықаралық басылымдардағы жарияланымдар саны артып келеді. Бір жағынан бұл ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастықтың арқасында атқарылып жатыр, – дейді химия ғылымдарының кандидаты Перизат Ибрагимқызы.

Перизат Үркімбаева кафедрада атқарылып жатқан ғылыми жобалардың көпшілігі қоршаған ортаны қорғау мен экология мәселесіне бағышталып жатқанын айтады. 

Ғалым Райхан Рахметуллаева: «Қазақстан нарығында полимер негізіндегі пакеттердің тек бір түрі бар, ол полиэтиленнен жасалған пакеттер. Қазір оның қоршаған ортаға зияны, қоқыстарда жатып, жылдар бойы ыдырамайтындығы белгілі. 2025 жылдан бастап биоыдырамайтын пакеттерді қолдануға заңмен шектеу қойылады. Осыған орай ҚазҰУ-дың ғалымдары: профессор Г.Мун мен доцент П.Үркімбаеваның басшылығымен көп жылдан бері осы мәселені шешу үшін ғылыми жұмыстар жүргізіліп келеді. Бірнеше инновациялық патенттер алынып, ғылыми мақалалар жоғары рейтингілік басылымдарда жарық көрген», дейді. 

Перизат Үркімбаева кафедра 2021 жылы Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңестің жариялаған конкурсына «Түрлендірілген крахмал негізіндегі биологиялық ыдырайтын материалдар өндірісі» атты жобаны ұсынып, жеңіп алғанын атап өтсе, осы ғылыми жобаның жетекшісі Райхан Рахметуллаева:

«Жоба Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің мақұлдаған «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бағдарламасы шеңберінде жүрді. Жобаны іске асыру үшін 96 038 805 теңге бөлінді. Жобаның негізгі мақсаты – арзан, қол жетімді, биоыдырайтын, күнделікті өмірде қолданылатын пакеттер шығару. Мұндай пакеттерді жасау үшін крахмалды қолданамыз. Қазіргі таңда Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Ер-Батыр Биополимер» ЖШС-де жұмыс жүріп жатыр. Өндірілетін пакеттердің биоыдырайтын қасиеттері ҚазҰУ-дың химия факультетінде зерттелу үстінде. Ірі супермаркеттермен келіссөздер жүргізілді», дейді.